«Жеті қазынаның» бірін қарақшыға айналдырған кім?!

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

10.02.2021, 09:46

1067

Қарағандыда қараусыз иттер қаптады. Атауын іздеген төрт аяқты байғұстар көбінесе қоқыс төгетін маңды ториды. Көше кезген иттер топталып жүріп адамға айбат шегеді. Бұл өңірде  бұрын-соңды иттердің бейсауат қаңғуы болмаған. Пандемия басталғаннан бері мұндай оқиға жиілеп кетті. Коронавирус әкелген экономикалық тығырықтың салдары жануарлардың да жағдайын мүшкіл халге түсіргендей.  Кеншілер шаһарында  ашқарақ  иттер ересектерге шауып, балаларға ауыз салып  жатыр.  Адамға айбат шеккен ауру жануарларды жоюмен айналысатын ветеринариялық станция мамандары  пұшайман халге түскен. Елдің қауіпсіздігі үшін  ерікті түрде рейдке шыға алмай, дәрменсіздің күйін кешкен өкілетті қызмет өкілдері  «жануарларды қорғаушылар  құқығымызды бұрмалап, жұртқа жеккөрінішті етеді» деп  сескенеді. Қаржылық тұрғыдан  мүмкіндіктері  шектеулі осынау  еріктілердің өзі  төңіректен Ален Делон секілді бірегей жанашырды іздеп, табандарын тоздырып таппай  жүр. Чеховтың  «Ит жетектеген ханым» романындағы кейіпкердей, иттен жұбаныш тапқан жандар қалада қазір  сиреді.  Қысқасы, даулы мәселемен даурыққандар иттің соңына түсіп,  ит болуда.

                         Ашыққан ит айбатынан таймайды

– Кешкілік жұмыстан қайтып, үйге келе жатқан бетім. Кенет  әлдебір иттің соңыма түскенін аңғардым. Артымнан үнсіз еріп келе жатқан ит  қараңғы бұрылыстан өтерде ырылдап, маған  ұмтыла бастады. Бағыма қарай, қарсы беттен  шыққан екі бозбала мені  ит азуынан арашалап алды. Жападан-жалғыз қалғанымда хайуан сол арада  мені жарып кетуі де ғажап емес еді, –  дейді Октябрь ауданының тұрғыны Гүлден Көлбаева.

Майқұдықтағы №14 ықшамауданның тұрғыны Эльмира Күзембаева да топталып жүретін қаңғыбас иттерден шошынып қалған.

– Күнұзақ қызметте боламыз.  Үш балам бар. Біз жұмыстан келгенше біріне-бірі қарайласады. Бірде 3-сыныпта оқитын қызым үш жастағы ұлымды ертіп,  жақын маңда тұратын әжесінің үйіне бара жатыпты. Қоқыс маңынан шыққан  ит кішкентай ұлымның артынан келіп, күртешесінен сүйрей бастаған. Баламның періштесі қаққан болар, қызым көз алдында жатқан  таяқты алып, сабап жіберген. Сөйтіп,  перзенттерім аш иттің аранынан аман құтылды. Біздің жақта кезбе иттер қаптап кетті. Қайда хабарлап, кімге шағынарымызды білмейміз, – дейді жас ана.

                               Ит аулаушылар қайда?

Қаңғыбас иттердің көзін жоятын мекемені бірлі-жарым қарағандылықтар ғана біледі. Тұрғындардың басым  көпшілігі бұл іспен кімдер шұғылданатынынан бейхабар. Белгілі болғандай, аталған міндетті қалалық және аудандық ветеринарлық станция шаруашылығы жанындағы бригада атқарады.

Құрылым сегіз жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеді. Тіпті 2017 жылы облыс аумағында «Қаңғыбас жануарларды жою және оны жүзеге асырудың тәртібі туралы»  ереже қабылданған. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан  жылда қаржы бөлінеді. Осы жұмысты жүргізуге биыл  бюджеттен 7 млн теңге қаражат бағытталыпты. Ендеше қауіпті иттерден құтылуға не бөгет?  Халық бұралқы иттерден секем алып отырғанда, аталған  мекеме тұрғындарға  ақпараттық насихат жұмысын жүргізуді басы артық шаруаға балайтындай. Мұнысы олақтық па, әлде салақтық па? Әдеттегідей жоғарыдан нұсқау күтіп отыра бермек пе?  Әлгі шаруашылықты біз әркімнен сұрап, күн ұзаққа тапжылмай  отырып әрең  таптық.

– Бізді іздеушілер Октябрь ауданы №19 ықшамаудандағы мекенжайымызға келіп, шағымдарын түсіре алады. Шағым иесі  аты-жөнін  және қауіпті иттердің ошағын  міндетті түрде бүкпесіз айтып, өтінім тастауы шарт.  Олай болмаған жағдайда өтініш қабылданбайды. «Үй артында кісі бар» деген қағиданы  бүгінде бізге телісе болады. Бұрынғыдай көше аралап, рейдке шығуға тосқауыл қойылған. Ашығын айтқанда, біздің жұмысымызға көбіне-көп жануарларды қорғаушылар кедергі тудырады. Олар өтініш иесі көрсеткен мекенжайдағы жыртқыш иттерді  аулап жатқан сәтімізді инстаграм желісіне салып,  «жануарларға айуандық жасаушылар» деп, бізге жала жапқан кездері жиі кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы еріктілер қатер туғызатын иттерді жоюға қолбайлау келтіріп отыр, – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық  ветеринария басқармасының басшысы  Қайырбек Тұрсынов.

Жануарларды қорғаушы ерікті Ерсін Ермекбайұлы «көп қожайындар саяжайдың уақыты келгенде итті уақытша  пайдаланып, одан кейін далаға бездіріп жібереді» деп налиды. Шынтуайтына келгенде, атам қазақ «жеті қазынаның» біріне балаған иттің қадірін кетірген өзіміз. Қаңғытып, құлқынға телміртіп, енді «ит иттігін істейді» деп қан қақсап отырмыз. Былтыр  облыста 300 мыңнан астам адамды ит қапқан.  Тек Қарағанды қаласы бойынша  800 кісіні аш хайуан жарақаттаған.

Иә, ит сенімді серігін қиындыққа тастамайды, қожайынға қатер келсе қарсы тұрып,  жанын беруге дейін барады. Сонда адамнан адамгершілік кеткен бе, әлде пенденің пейілі бұзылған ба? Өркениеттің төрінде тұрған батыс мемлекеттері ит асыраушылардың жауапкершілігін заңмен бекіткен. Мәселен, Германияда 2002 жылы «Жануарлар құқығы» деп аталатын заң қабылданды.  Ол заңға сәйкес, қожайын итті көшеге қаңғытып жіберсе, иесін әкімшілік жазаға тартып, мойнына 25 мың евро айыппұл ілінеді. АҚШ-та осындай заң 1976 жылы шыққан.  Демократияның діңгегі берік құрама штаттарда бейсауат жүрген жануарлар ұсталып, ауруға шалдыққаны емделіп, арнайы орындарға тапсырылады.

Ендеше бізде де қоғамға қауіп төндіріп, зиянын тигізетін иттердің қожайындарын тауып,  құқықтық тұрғыдан қатаң жаза қолданатын кез келген сыңайлы. Ал ел парламенті  «Жануарды қараусыз  қалдырғандарды жазалау  туралы» заңдық норманы  қабылдауға асығар емес. Былтыр күзде Сәтбаев қаласындағы саяжайлардың бірінде  жалғыз қалған бүлдіршін ит талауына түсіп, ажал құшқаны белгілі. Қаршадай  өрен қыршынынан қиылды. Бірақ сірескен сең қозғалмады.  Жүрегі селт етпейтіндерге, бәлкім, ол «біреудің баласы» болар, бірақ ол осы мемлекеттің азаматы еді. Мұндайда сеңі сірескен мұзтаудың да көбесі  елжіреп сөгіледі. Ал біздің халық қалаулылары осы мәселеге назар аудару үшін тағы қанша адам ашыққан иттердің «азығына» айналуы керек?!

Тегтер: мәселе түйін түйіткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02