Ақтөбеде автогаз құю бекетінде көлік өртеніп, үш адам қаза тапты
Ақтөбе қаласында автогаз құю станциясының аумағында жеңіл көлік өртеніп, салдарынан үш адам қаза тапты.
Құрбандардың екеуі кәмелетке толмаған жасөспірімдер болған.
Қайғылы оқиға 19 маусымға қараған түні Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю бекетінде болған. Төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабар сағат 22:55-те түскен.
Оқиға орнына жоғары дәрежелі шақырту бойынша ТЖД күштері жіберілген. Құтқарушылар өртті сегіз минут ішінде толық сөндіріп, жалынның автогаз құю станциясының басқа нысандарына таралуына жол бермеген.
Өртті сөндіру барысында көлік салонынан үш адамның мәйіті табылды. ТЖД мәліметінше, олардың екеуі кәмелетке толмаған.
Оқиға салдарынан тағы бір адам зардап шегіп, Ақтөбедегі №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 1972 жылы туған ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесінің жоғарғы бөлігі күйген. Дәрігерлер науқастың жағдайын бақылауда ұстап, қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.