Нөсерден кейін Түргенде көпірлерді су шайып, киіз үйлерді су басты
Алматы облысындағы Түрген шатқалында толассыз жауған нөсерден кейін Түрген өзенінің суы күрт көтеріліп, бірқатар аумақты су басты.
Алдын ала мәлімет бойынша, су Түрген-Ассы автожолының 25-шақырымын басып қалған. Сондай-ақ өзеннің 6-9-шақырым аралығында орналасқан алты киіз үй мен «Түргенсай» демалыс аймағының аумағына су кірген.
Бұдан бөлек, қолдан салынған бірнеше жаяу жүргіншілер көпірін су шайып, олар зақымданған.
Қауіпсіздік мақсатында туристер эвакуацияланып, оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта жауапты қызметтер жағдайды бақылауға алып, су тасқынының салдарын жою жұмыстарын жүргізуде.