Алматы облысының Алатау қаласында алғаш рет eVTOL әуе таксиі сынақтан өтті
Алматы облысының Алатау қаласында алғаш рет электр қуатымен жұмыс істейтін eVTOL әуе таксиінің сынақ ұшуы жүзеге асырылды. Бұл оқиға Орталық Азия кеңістігінде алғаш рет өткізілген технологиялық сынақ ретінде бағаланып отыр.
Жаңа әуе көлігі көлік кептелісін азайтып, туристік және іскерлік бағыттар арасында жылдам қатынауды қамтамасыз етуге арналған. Аэротакси сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады және шамамен 200 шақырым қашықтықты бағындыруға қауқарлы. Ол бір ұшқыш пен бес жолаушыны тасымалдауға лайықталған. Құрылғы 13 электрқозғалтқышпен жабдықталған және экологиялық тұрғыдан таза, көмірқышқыл газын шығармайды әрі дыбысы әлдеқайда бәсең.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы сынақ ұшуы жолаушысыз өткізілді.
Сынақ алаңына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жобаның еліміздің көлік саласы үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қоюы өңірдің жаңа даму кезеңіне жол ашқанын айтты. Оның пікірінше, бұл жоба «ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі.
«Alatau Advance Air Group Ltd.» компаниясы жүзеге асырып отырған бастамаға 250 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Бұл Алатау қаласының болашақ инновациялық орталыққа айналуына деген сенімді көрсетеді.
Әкімнің айтуынша, Қазақстан бүгінде жаһандық технологиялық өзгерістерді бақылаушы емес, оның белсенді қатысушысына айналып отыр. Ол жоба авторларына сәттілік тілеп, мұндай бастамалар елдің авиациялық саласын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
«Alatau City Authority» ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров жобаның маңызын атап өтіп, бұл бастама жаңа қалалық мобильділік жүйесін қалыптастыруға негіз болатынын жеткізді.
Жоба аясында әуе таксилеріне арналған вертипорттар салу жоспарланған. Олар қала орталықтарында, ғимарат шатырларында және көлік тораптарында орналастырылады. Қазіргі уақытта алғашқы вертипорттың құрылысы басталды. Болашақта Алатау қаласы мен Алматы өңіріндегі туристік аймақтарды байланыстыратын вертипорттар желісі құрылады.
Іс-шара барысында жүк тасымалдайтын дрондар мен цифрлық навигациялық платформа да таныстырылды.
Сарапшылардың айтуынша, әлемде жолаушы тасымалдайтын аэротаксилер әлі толық коммерциялық кезеңге өтпеген. Қазіргі уақытта инфрақұрылым әзірленіп жатыр. Жобаның толық іске қосылуы 2029 жылға қарай жоспарланған. Бұл бастама өңірдің ғана емес, Қазақстанның әуе көлігі саласын дамытуға тың серпін береді.