Әлеумет

Алматы полициясы 12 жастағы баланың өліміне қатысты мәлімдеме жасады

Алматы қалалық Полиция департаменті Түрксіб ауданында 12 жастағы жасөспірімнің қаза болуына байланысты ресми мәлімдеме жасады.

1

Ведомствоның ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, оқиғаны тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция мәліметінше, іс материалдарына оқиға орны мен оған жақын аумақтағы бейнебақылау жазбалары, сондай-ақ болған жағдайдың нақты мән-жайын анықтауға көмектесетін өзге де цифрлық деректер тіркелген.

«Барлық уәж бен нұсқалар тексеріліп жатыр. Алайда тергеудің осы кезеңінде қылмысқа бір кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысы бар екені анықталды. Ол ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылды», – деді Салтанат Әзірбек.

Полицияның алдын ала дерегінше, пышақ жарақаттары өзара араздық салдарынан туындаған жанжал кезінде салынған.

Сондай-ақ департамент қолдағы бейнежазбалар мен хат алмасуларға сәйкес, қаза болған жасөспірімнің күдіктінің үйіне қарым-қатынасты анықтау үшін барғанын мәлімдеді.

Полициядағылар жәбірленуші тарапқа іс бойынша мән-жайлар түсіндірілгенін, ал тергеу барысы Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Қайғылы оқиға 10 маусым күні Түрксіб ауданында болған. Полиция мәліметіне сәйкес, 12 жастағы мектеп оқушысы пышақ жарақаттарынан көз жұмған.

Бұған дейін марқұмның туыстары әлеуметтік желіде балаға тоғыз рет пышақ сұғылғанын мәлімдеген еді. Олар оқиғаға 13 жастағы екі жасөспірім қатысы болуы мүмкін екенін де айтқан. Алайда қазіргі уақытта полиция бір ғана кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы анықталғанын хабарлап отыр.

Марқұмның жақындары күдіктінің жасына байланысты қатаң жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдап, іске қоғам назарын аударуды сұрауда. Олардың айтуынша, отбасына әзірге тәркіленген бейнежазбалар көрсетілмеген және тергеудің барлық мән-жайы толық хабарланбаған.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз