Live

АҚШ-тың ең ірі авианосці Таяу Шығыстан кетіп барады

АҚШ Әскери-теңіз күштерінің USS Gerald R. Ford атты авианосці 300 күннен астам уақыт теңізде болғаннан кейін өз еліне қайтып жатыр.

Кеме

 Бұл – Қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бері америкалық авианосецтер үшін ең ұзақ жауынгерлік кезекшілік саналады. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Әскери кеме Иранмен байланысты әскери операцияларға қатысқан, сондай-ақ Венесуэла лидері Мадуроны ұстау операциясына тартылғаны айтылады.

Авианосецтің Таяу Шығыстан нақты қашан шыққаны белгісіз. Алайда аты-жөнін атамаған дереккөздердің айтуынша, кеме мамыр айының ортасында Вирджиния штатындағы базасына оралады.

USS Gerald R. Ford 2025 жылдың маусым айының соңында Норфолк әскери-теңіз базасынан шығып, алдымен Жерорта теңізіне бағыт алған. Кейін қазан айында Кариб теңізіне жіберілген.

Өткен айда кеме Грекия порттарының бірінде тұрған кезде 12 наурыз күні ішкі бөлімінде өрт шығып, жөндеу жұмыстары үшін қайтадан Жерорта теңізіне оралуға мәжбүр болған. Кейін Хорватияда қосымша техникалық қызмет көрсетілген.

Ұзындығы 334 метр, су сыйымдылығы 100 мың тонна болатын бұл авианосец әлемдегі ең ірі әскери кемелердің бірі саналады. Оның ұшу палубасы 75-тен астам ұшақты орналастыруға мүмкіндік береді (әдетте 60–70 әуе техникасы пайдаланылады).

Қазіргі таңда Таяу Шығыс аймағында АҚШ-тың үш авианосці орналасқан. USS Abraham Lincoln қаңтар айынан бері аймақта жүр. Ал өткен аптада USS George H. W. Bush келіп, Араб теңізіне бағыт алды. Ол Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын қолдау үшін жіберілген.

Тегтер: АҚШ Иран
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз