Астанада даму ерекшелігі бар оқушыны қатарластары аяусыз соққыға жыққан
Астанада сөйлеу және психикалық дамуында ерекшелігі бар сегізінші сынып оқушысын қатарластары соққыға жыққан.
Оқиға туралы баланың анасы әлеуметтік желіде жариялады.
Анасының айтуынша, оқиға сабақтан кейін болған. Мектептен шыққан баланы бір топ жасөспірім күтіп тұрған. Қақтығыс әзілден басталған көрінеді.
«Біреуі “Сен кімсің?” деп сұраған. Ұлым әзілдеп “Шаурманың баласымын” деп жауап беріпті. Осыдан кейін олар баламды ұруға шешім қабылдаған», — дейді анасы.
Оның сөзінше, жасөспірімдер баланы арт жағынан шабуылдап, тұншықтырып, бірнеше мәрте соққы жасаған. Анасының айтуынша, ұлына 15-тен астам соққы тиген.
«Басқалары жанында тұрып қарап тұрған. Кейбірі күліп, төбелесті телефонға түсіріп алған. Тіпті кейбір балалар өзгелерді ұстап, менің ұлыма көмектесуге кедергі жасаған», — деп жазды ол.
Жәбірленуші баланың анасы ұлының ЗПРР — сөйлеу және психикалық даму тежелуі диагнозы бар екенін айтты. Оның сөзінше, ең ауыр соққы — баласының өзіне не үшін мұндай қатыгездік жасалғанын толық түсінбей қалғаны.
Оқиғаға қатысты Астана қалалық полиция департаменті пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім анықталған.
«Олар профилактикалық есепке қойылды. Ал кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады полиция.