Алматы облысында ағаш көліктердің үстіне құлап, адамдар зардап шекті
Әлеуметтік желіде Алматы облысында алып ағаштың екі жеңіл көліктің үстіне құлаған сәті түсірілген видео тарады. Оқиғаға қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді.
Instagram желісіндегі Moi_esik парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, оқиғаға қолайсыз ауа райы мен қураған ағаштар себеп болған.
«Бүгін қолайсыз ауа райының салдарынан алып ағаш жолдың үстіне құлап, екі жеңіл автокөлікті зақымдады. Салдарынан төрт адам зардап шекті. Абырой болғанда, оқиға орнында болған бейжай қарамаған азаматтар бірден көмекке келді», – делінген жазбада.
Автордың айтуынша, куәгерлердің арасында медбике мен травматолог дәрігер болып, жедел жәрдем келгенге дейін зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
ТЖД не дейді?
Алматы облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға Еңбекшіқазақ ауданында, Еңбек пен Қырбалтабай ауылдарының арасындағы автожолда болған.
«Оқиға орнына жеткен кезде ағаштың құлауы салдарынан екі жеңіл автокөлік зақымданғаны анықталды. Зардап шеккендер жедел медициналық жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.
Әкімдік пікірі
Жарияланым әзірленіп жатқан кезде Алматы облысы әкімдігі мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінен жауап болмаған.
Кейінірек жергілікті атқарушы органдар жол қызметтерімен бірлесіп, жолды тазарту жұмыстарын жүргізгені хабарланды. Құлаған ағаш алынып, автокөлік қозғалысы толық қалпына келтірілген.