Қазақстанда курьер болып жұмыс істейтін аналарды төлемдерден айырады деген ақпарат жоққа шығарылды
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспарланып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілер мен кейбір ақпараттық парақшаларда осындай мазмұндағы жарияланымдар таралып жатыр. Министрлік бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Министрлік түсіндіруінше, бала күтімімен айналысатын жұмыссыз ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.
Бұл төлемдер республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады және шартсыз сипатқа ие.
Еңбек министрлігінің айтуынша, жәрдемақылар бала бір жарым жасқа толғанға дейін толық мерзімге төленеді және алушының жұмысқа орналасуына тәуелді емес.
Ал тұрақты жұмысы бар әрі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын ата-аналар үшін бөлек тәртіп қарастырылған.
Оларға бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтім жасауына байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер беріледі.
Мұндай төлемнің мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы көлемінде есептеледі.
Министрлік Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, бұл төлемдерді жұмысқа шыққаны үшін тоқтату тек алушының өзі ерікті түрде тиісті өтініш берген жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ ведомство бұқаралық ақпарат құралдарына, блогерлерге және паблик әкімшілеріне үндеу жасады.
Министрлік ресми мәлімдемелерді түсіндіру кезінде мұқият болуға және азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін тақырыптар мен тұжырымдардан аулақ болуға шақырды.
Азаматтарға тек уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелеріне сүйену ұсынылды.
Сұрақтар туындаған жағдайда Еңбек министрлігі ақпаратты нақтылау үшін тікелей тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге кеңес берді.