Ресейде Қазақстанның үш азаматы із-түзсіз жоғалып кетті
Ресейде Қазақстанның үш азаматы іздестіріліп жатыр.
Із-түзсіз жоғалғандар туралы ақпаратты rozysk_kz іздеу парақшасы жариялады.
Алғашқы із-түзсіз жоғалған азамат – Қайратбек Ақжол, 2001 жылғы 5 қыркүйекте туған. Жарияланған мәліметке сәйкес, 2026 жылдың мамыр айында ол Мәскеуде болған. Ал 20 маусымнан бері туыстарымен байланысқа шықпаған, қазіргі жүрген жері белгісіз.
Мәліметке қарағанда, ол бұған дейін Мәскеудегі «Балтийский берег» балық зауытында жұмыс істеген.
Қайратбек Ақжолдың белгілері: арық немесе орташа дене бітімді, қысқа қара шашты, қоңыр көзді. Соңғы суретінде жағалы қара былғары күртеше, астында жоғары жағалы қара жемпір киген. Иығына сұр түсті сөмке асынған.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтары Валентина Сергеевна Плахина (1975 жылғы 25 маусымда туған) мен оның ұлы Вячеслав Сергеевич Плахин (2002 жылғы 3 қарашада туған) да іздестірілуде.
Іздеу парақшасының мәліметінше, анасы мен баласы соңғы сегіз жыл бойы Екатеринбург қаласында тұрған. 2026 жылдың мамыр айында олар шұғыл түрде Қазақстан бағытына жолға шыққан. Мамыр айының соңынан бері олармен байланыс толық үзілген, ұялы телефондары сөндірулі.
Жарияланымда бейресми мәлімет бойынша олардың Қорған (Курган) қаласында болуы мүмкін екені айтылған. Алайда бұл ақпаратты мемлекеттік органдар әзірге ресми түрде растаған жоқ.