Әлеумет

ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов Тоқаевқа үндеу жасады

2026 жылғы 2 маусымда ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған бейнеүндеуі жария болды.

Әмір Хасенов

Бұл туралы оның жақын досы Елдар Жүргенов мәлімдеді.

Жүргеновтің айтуынша, Әмір Қасеновтің жұбайы Айгүл 2026 жылғы 18 мамырда жазылған бейнеүндеуді сол күні Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға жабық арналар арқылы жолдаған. Сонымен қатар үндеу Президенттің баспасөз хатшысы әрі көмекшісі Айбек Смадияровқа, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті әрі «Әділет» партиясының мүшесі Қарлығаш Жаманқұловаға да жіберілген.

Айгүл Қасенова бұл видеоны Әмірдің ісі сотқа жеткен жағдайда немесе оған қатысты төтенше жағдай орын алса ғана жариялауды сұраған.

Жүргеновтің сөзінше, Қарлығаш Жаманқұлова 20 мамыр күні бейнеүндеуді алғанын растаған.

Айгүл Қасенованың айтуынша, 24 мамырда Әмір Қасеновке мынадай талаптар қойылған:

жарияланған сыни материалдарды өшіру;

журналистердің жәбірленушілер тарапынан жаңылыстырылғанын айтып, көпшілік алдында кешірім сұрау;

алдағы уақытта Freedom Finance тақырыбынан аулақ болу.

Әмір Қасенов алғашқы және үшінші талаптармен келіскенімен, көпшілік алдында кешірім сұраудан үзілді-кесілді бас тартқан. Оның пікірінше, кәсіби міндетін орындағаны үшін кешірім сұрауға негіз жоқ.

Айгүлдің айтуынша, осыдан кейін олар балалары – 13 жастағы Малика мен 10 жастағы Әлиге жағдайды түсіндіріп, болып жатқан оқиғалар мен журналист Ботагөз Омароваға қатысты жағдай туралы айтқан.

Балалары ата-анасына ұсынылған шарттармен келіспейтіндерін және соңына дейін күресу керек деп есептейтіндерін жеткізген.

Айгүлдің сөзінше, Әмір Қасенов жүйенің ұнамаған адамдарға олардың жақындары арқылы қысым жасауға тырысатынын айтқан. Алайда бұл жағдайда мұндай тәсіл нәтиже бермеген. Ол өзін қорлайтын «тәубеге келу» сипатындағы мәлімдемеге келісу балалардың сеніміне қиянат жасау болар еді деп есептейді.

Сондай-ақ отбасы балаларымен Әмір Қасеновтің заңсыз сотталып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін деген сценарийді де алдын ала талқылаған. Айгүлдің айтуынша, балалары мұндай жағдайға да моральдық тұрғыдан дайын екендерін білдірген.

Жүргеновтің мәліметінше, Қасеновтер 28 мамыр күні тергеуші 21 мамырда-ақ Әмір Қасеновке қатысты айыптау актісін прокурорға жолдағанын білген. Бұл құжат 28 мамырда прокуратура тарапынан бекітілген.

Әмір Қасенов пен оның қорғаушылары іс материалдарымен толық танысып үлгермегеніне қарамастан, айыптау актісінің алдын ала бекітілуін ол өзінің құқықтарының өрескел бұзылуы деп бағалайды.

Елдар Жүргенов бұл мәліметтерді әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, Әмір Қасеновтің Президентке жолдаған бейнеүндеуін қоса таратты.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз