Әлеумет

Турловқа ҚазТАГ ісіне байланысты АҚШ-та 20 жылға дейін, Қазақстанда 12 жылға дейін жаза қаупі төнуі мүмкін

Журналист Аян Шәріпбаев Freedom Holding Corp. бенефициары Тимур Турловтың ҚазТАГ ақпараты салдарынан көрдім деген шығынына қатысты күмәнді деректерді жариялады.

Тимур Турлов

Оның айтуынша, Турлов Қазақстан полициясына берген арызында ҚазТАГ басшылары Әсет Матаев пен Әмір Қасенов жазбалары арқылы холдингке 613 млн доллар, яғни шамамен 320 млрд теңге шығын келтірді деп көрсеткен.

Шәріпбаев бұл соманың Freedom Holding Corp. компаниясының АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына тапсырған қаржылық есебіндегі деректермен қабыспайтынын айтады. Оның сөзінше, компания АҚШ регуляторына ұсынған жылдық есебінде 153 млн доллар таза пайда тапқанын көрсеткен, бірақ Қазақстандағы арызда бірнеше есе көп шығын туралы айтылған.

ҚазТАГ-тың жазуынша, егер қаржылық есепте маңызды шығын көрсетілмесе, бұл АҚШ заңнамасы бойынша сұрақ туындатуы мүмкін. Атап айтқанда, Сарбейнс–Оксли заңының 906-бабы бойынша SEC-ке жалған немесе толық емес есеп ұсынған компания басшыларына ірі айыппұл және 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал егер Турлов шығын болмағанын жоққа шығарса, онда Қазақстанда құқық қорғау органдарына берілген арыздың негізділігіне қатысты сұрақ тууы мүмкін. ҚазТАГ бұл жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы – көрінеу жалған сөз жеткізу бабы бойынша 12 жылға дейін жаза қарастырылатынын атап өтті.

Бұған дейін ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Іске Freedom Finance құрылымдарындағы алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың және олардың адвокаттарының мәлімдемелері негіз болған. 

ҚазТАГ ісі қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарында. Журналистерді қорғау комитеті CPJ, «Әділ сөз» қоры, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елшіліктері жағдайға алаңдаушылық білдірген.

ҚазТАГ редакциясы бұл істі сөз бостандығына қысым және тәуелсіз журналистерді қудалау деп бағалап отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз