Табыс пен тұтыну: Халықтың қаржысы қайда кетеді?
Қазақстанда халықтың табыс көздері әртүрлі: біреулер тұрақты жалақыдан күн көреді, енді біреулер кәсіпкерлікпен айналысады немесе туыстарының көмегіне сүйенеді.
Бірақ бұл табыс қайда жұмсалады? Неліктен кейбір өңірлерде өмір сүру деңгейі жоғары болса, өзгелерінде тұрғындар әр тиынын үнемдеуге мәжбүр?
Қазақстандықтардың табысының негізгі көзі – еңбек қызметі. ҚР Ұлттық статистика бюросының АСПиР деректеріне сәйкес, бұл барлық ақшалай түсімдердің 75%-ын құрайды. Оның ішінде шамамен 67%-ы жалдамалы жұмысшылардың жалақысынан түссе, 8%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамту және кәсіпкерліктен келеді.
Әлеуметтік төлемдердің үлесі де аз емес – 17,7%. Бұған зейнетақылар, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, стипендиялар мен тұрғын үй жәрдемақылары кіреді. Ал туыстар мен таныстардан келген қаржылай көмектер мен алименттерге 3,7%, өзге табыс көздеріне – 2,5% тиесілі.
Мұнайлы өңірлер – Атырау мен Маңғыстау облыстарында халықтың 80%-дан астамы жалдамалы жұмыс арқылы табыс табады. Бұл өңірлерде орташа жалақы деңгейі жоғары, тиісінше халықтың күнкөріс деңгейі де жоғары.
Ал аграрлы өңірлерде, әсіресе Түркістан (26,7%) және Жамбыл (15,5%) облыстарында, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көп. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен (8%) әлдеқайда жоғары. Мұндай көрсеткіштер аталған аймақтарда кәсіпкерліктің маңызды табыс көзіне айналғанын көрсетеді.
Кім көп жұмсайды, кім үнемдейді? 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа тұтыну деңгейі 318 мың теңгені құрады. Оның 98%-ы – ақшалай шығын, қалған 2%-ы – жеке қосалқы шаруашылық өнімдері мен натуралды жеңілдіктер арқылы жүзеге асқан.
Ауылдық және солтүстік өңірлерде табиғи тұтынудың үлесі жоғары – 4–5%-ға дейін жетеді. Ал ірі қалалар мен өнеркәсібі дамыған аймақтарда (мысалы, Алматы, Астана, Атырау) бұл үлес мүлде жоқтың қасы.
Ең жоғары тұтыну көлемі Алматы, Астана қалаларында және Қарағанды облысында тіркелген – бір адамға тоқсан сайын 400 мың теңгеден астам шығын. Ал Шымкент, Түркістан және Жамбыл облыстарында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен – 230–250 мың теңге көлемінде. Бұл табыс деңгейінің төмендігімен және өңірлік экономиканың құрылымымен байланысты.
Табыстар өсіп жатыр, бірақ инфляция үрейді күшейтеді. Соңғы бес жылда халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы екі есеге жуық өсті. 2024 жылы нақты табыстың өсімі 3,8%-ды құрағанымен, инфляция деңгейі 8–9% шамасында сақталып отыр. 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы медиандық жалақы – 300 307 теңге, ал орташа номиналды жалақы (минималды жалақыны есептемегенде) – 423 133 теңге.
Ең жоғары жалақылар қаржы секторында және тау-кен өнеркәсібінде тіркелді. Аймақтар бойынша алдыңғы орында – Атырау және Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Алматы мен Астана қалалары.
Ақша қайда кетеді? ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұтынушылық шығындардың ең үлкен бөлігін азық-түлік тауарлары алады. Орташа есеппен алғанда, бір адам жылына 522 504 теңгені тамаққа жұмсайды – бұл жалпы шығындардың 51%-ына жуық. Бұл көрсеткіш әсіресе Маңғыстау (681 703 теңге) және Түркістан (625 900 теңге) облыстарында жоғары. Бұл – азық-түлік бағасының қымбаттығын және өңірлік экономикалардың негізгі шығыны тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталатынын көрсететін тағы бір айғақ.
Қорытындылай келе, Қазақстанда табыс пен шығындар құрылымы аймақтарға қарай қатты өзгереді. Мұнайлы және қалалық өңірлер жоғары табыс пен тұтыну деңгейімен ерекшеленсе, оңтүстік және аграрлы аймақтарда өзін-өзі жұмыспен қамту үлесі жоғары, ал тұтыну төмен.