Психдиспансерге заңсыз қамалдым деген түркістандық фельдшердің соты басталды
Түркістан қалалық ауданаралық сотында жергілікті тұрғын, бұрынғы фельдшер Мұхаммад Өмірбектің шағымы бойынша сот процесі басталды.
Бұл туралы Jas Alash-қа Мұхаммад Өмірбектің өзі хабарлады.
Ол өзін психиатриялық орталыққа заңсыз орналастырып, негізсіз психиатриялық диагноз қойған деп есептейді.
Талапкердің заңды өкілдері мен адвокаттарының мәліметінше, 17 маусымда іс бойынша алдын ала сот отырысы өткен. Мұхаммад Өмірбек өзіне қойылған диагнозды заңсыз деп тануды, психиатриялық есептен шығаруды және оқиғаға қатысы бар құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.
Еске салсақ, бұған дейін «Жас Алаш» Түркістан облысының тұрғыны Мұхаммад Өмірбектің оқиғасы туралы жазған болатын. Оның айтуынша, былтыр қарашада Астанадағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мәселелерін талқылау үшін WhatsApp-та арнайы чат құрған. Өмірбек чатта тек заң аясындағы кәсіби мәселелер талқыланғанын айтқан.
Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері оған чатты жабуды талап еткен. Өмірбек талаптан бас тартқан соң, 2025 жылғы 5 желтоқсанда полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кейін Шымкент қаласындағы психикалық денсаулық орталығына орналастырылған.
Бұрынғы фельдшердің сөзінше, ол орталықта бастапқы бақылау мерзімінен кейін де еркінен тыс ұсталған. Нәтижесінде дәрігерлер оған «сандырақ» диагнозын қойып, психиатриялық есепке алған.
Мұхаммад Өмірбек кейін Астанада тәуелсіз психиатриялық сараптамадан өткенін айтады. Оның мәліметінше, сараптама қорытындысында психикалық ауытқу белгілері анықталмаған.
Бес жыл еңбек өтілі бар бұрынғы фельдшер қазір психиатриялық есепте тұрғандықтан мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүргенін мәлімдейді.
Өмірбек осы жағдай бойынша Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға және Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше рет шағым жолдағанын, алайда мәселе бойынша нақты шешім қабылданбағанын айтады.
Енді бұл даудың нүктесін сот қоюы тиіс. Талапкер өзіне қойылған диагноздың күшін жойып, психиатриялық есептен шығаруды талап етіп отыр.