Live

Қазақстанда 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектері белгілі болды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін (ТЖШ) жариялады.

БЖЗҚ

Құжат 2026 жылғы 21 мамырдағы Үкіметтің №422 қаулысына сәйкес әзірленген.

Жаңа әдістеме бойынша жеткіліктілік шегі болашақтағы зейнетақы төлемдерінің мақсатты көлеміне қарай есептеледі және әр салымшының жасына байланысты жеке анықталады.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін азаматтардың шотында мынадай сома болуы қажет:

20 жас – 6,67 млн теңге;

25 жас – 8,15 млн теңге;

30 жас – 9,75 млн теңге;

35 жас – 11,49 млн теңге;

40 жас – 13,37 млн теңге;

45 жас – 15,40 млн теңге;

50 жас – 17,59 млн теңге;

55 жас – 19,95 млн теңге;

60 жас – 22,50 млн теңге;

62 жас – 23,57 млн теңге.

Егер азаматтың жинағы белгіленген шектен төмен болса, зейнетақы қаражатының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалана алмайды.

Жаңа формула демографиялық көрсеткіштерді, инвестициялық табыстылықты және төлемдерді индекстеу параметрлерін ескереді. БЖЗҚ мәліметінше, бұл болашақтағы зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қордың түсіндіруінше, келтірілген құн әдісін қолдану халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және есептеулердің макроэкономикалық өзгерістерге тәуелділігін төмендетеді.

Сонымен қатар жаңа әдістеме азаматтардың қаражатты мерзімінен бұрын алғаннан кейін зейнет жасына дейін төлейтін болашақ жарналарын есепке алмайды. Бұл болашақта жеткіліксіз зейнетақы капиталының қалыптасу қаупін азайту үшін енгізілген.

Бұрынғыдай азаматтар зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алады. Егер болашақ зейнетақы көлемі жоғалған табыстың кемінде 40 пайызын құраса, жинақтың 50 пайызына дейін алуға рұқсат етіледі.

БЖЗҚ дерегіне сәйкес, жаңа әдістеме бойынша жеткіліктілік шектері салымшының жасына қарай 79 пайыздан астам мөлшерде өскен. Ең жоғары өсім зейнет жасына жақындаған азаматтар арасында байқалады. Кейбір жағдайларда шек бұрынғыдан екі еседен де көп ұлғайған.

Қордың мәліметінше, бұл өзгерістер зейнетақы шоттарындағы қаражатты сақтап, оны әрі қарай инвестициялауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде болашақ зейнетақы төлемдері бұрынғы әдістемедегі шамамен 15 пайыздың орнына медианалық жалақының 40 пайызына дейін жетуі мүмкін.

Осылайша жаңа әдістеме зейнетақы жүйесінің ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға және халықаралық стандарттарға сай тұрақты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Тегтер: БЖЗҚ
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз