Қоғам

Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысының кестеден кешігіп жатқанын мәлімдеді

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарына барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан станцияларды табиғи газға көшіру жобаларының іске асырылу барысымен танысты.

ЖЭО

ЖЭО-2-де құрылыс жұмыстарының жалпы дайындық деңгейі 92%-ға жетті. Технологиялық жабдықтарды жеткізу ісі іс жүзінде толық аяқталған. Құрылыс алаңында шамамен 1,5 мың маман мен 140-тан астам арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар министр құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, қазіргі деңгейде сақтауды тапсырды. Мердігер ұйымдарға қосымша бейінді мамандарды, оның ішінде монтажшылар мен дәнекерлеушілерді тарту, сондай-ақ іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуге қажетті құжаттарды келісу рәсімдерін жедел аяқтау міндеттелді.

ЖЭО-3-ті тексеру қорытындысы бойынша жобаны іске асырудың бекітілген кестесінен едәуір артта қалу фактісі анықталды. Нысанның жалпы дайындық деңгейі шамамен 26%-ды құрайды. Құрылыс алаңында негізгі жабдықтарды жеткізу мерзімдерінің кешігуі сақталуда. Сондай-ақ жоспар бойынша шамамен 1 600 адам қажет болғанымен, нақты жұмыс істеп жатқан қызметкерлер саны 600 адамнан аспайды. Бұл тарату құрылғысы мен басқару жүйелерін қоса алғанда, станцияның бірқатар негізгі нысандарындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзіміне кері әсерін тигізуде.

Анықталған кемшіліктерге байланысты Энергетика министрі тапсырыс беруші мен бас мердігерге қысқа мерзім ішінде құрылыс қарқынын күшейтуді, персонал санын және жұмылдырылған арнайы техниканы жобалық талаптарға дейін арттыруды тапсырды.

«Бекітілген мерзімдер өзгермейді, ешқандай кейінге қалдыру мәселесі қарастырылмайды! Кадр тапшылығын дереу жойып, құрылыс алаңындағы арнайы техниканың көлемін бірнеше есе арттыруды талап етемін», – деді Ерлан Ақкенженов.

Сондай-ақ жабдықтарды жеткізуді жеделдету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау, жұмыстарды орындау кестесін жаңартып, жобаны іске асырудың белгіленген мерзімдерін сөзсіз сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды. Министр алдағы апталарда артта қалып отырған нысанда барлық қажетті ресурстар толық жұмылдырылмаған жағдайда, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қатысты қатаң шаралар қолдану бастамасы көтерілетінін мәлімдеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз