Live

Ресейдің НАТО-мен соғысатын ниеті жоқ

Еуропадағы НАТО күштерінің бас қолбасшысы, америкалық генерал Алексус Гринкевич Ресейдің альянс елдерінің біріне шабуыл жасау ықтималдығы туралы пікір білдірді.

НАТО-ның штаб пәтері

Оның айтуынша, Ресей НАТО-мен тікелей қақтығысқа мүдделі емес және Балтық елдеріне шабуыл жасауға тәуекел етпейді.

«Егер олар Балтық елдерінде қандай да бір әрекет жасауға тырысса, мақсатына жете алмайды. Олар мұны жақсы түсінеді, сондықтан мұндай тәуекелге бармайды. Мен барлау мәліметтері мен әскерлердің қозғалысын мұқият бақылап отырмын», - деді Гринкевич.

Генералдың сөзінше, Мәскеу НАТО-ның өзіне қарсы тұру қиын болатын бірқатар әскери артықшылықтары бар екенін біледі.

Бұған дейін Данияның DR радиосы, Норвегияның NRK телеарнасы, Швецияның SVT арнасы және Эстонияның Delfi басылымы Ресейдің батыс шекарасындағы әскери базаларды кеңейтіп жатқанын немесе жаңаларын салып жатқанын көрсететін спутниктік суреттерді жариялаған болатын.

Финляндиялық әскери сарапшы Марко Эклундтың пікірінше, Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін Ресей Еуропа шекарасына жақын аймақтарға шамамен 115 мың әскери қызметкер орналастыруды жоспарлауы мүмкін.

Ал финдік Yle басылымы Петрозаводск маңында 4-6 мың адамға арналған ірі әскери қалашық салынып жатқанын хабарлады. Сарапшылар бұл жерде бригададан дивизияға дейінгі көлемдегі мотожаяу әскер бөлімдері орналасуы мүмкін деп есептейді.

Даниялық DR радиосының дереккөздері Ресейдің өңірге тек қосымша әскер мен техника жіберіп қана қоймай, армия құрылымын да өзгертіп жатқанын айтады. Атап айтқанда, бригадалар дивизияларға ауыстырылып жатыр. Әдетте бір бригадада шамамен 4 мың әскери болса, дивизия құрамында 10 мыңға жуық сарбаз болады.

Норвегия Қорғаныс штабының бастығы Эйрик Кристофферсен мұндай өзгерістер ұзақ мерзімді әскери операцияларға дайындықты көрсететінін айтып, алдағы екі-үш жылда Ресейдің Еуропаға қауіп төндіру қаупі сақталып отырғанын мәлімдеді.

Тегтер: НАТО
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз