Алматыда кеміргіштерге қарсы күзгі дератизация жүргізіледі
Алматыда 15 қыркүйек пен 25 қазан аралығында кеміргіштердің таралуына жол бермеу мақсатында дератизация жұмыстары ұйымдастырылады.
Жоспарланған шаралар 47 330 гектар аумақты қамтиды. Атап айтқанда, ортақ пайдаланудағы жерлерде, өзендер мен су айдындарының жағалауларында, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы орналасқан аумақтарда өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, тұрғын үй мен коммерциялық нысандардағы дератизацияға олардың иелері мен жауапты ұйымдар міндетті. Жұмыстарды ПИК, МИБ, жеке үй иелері және заңды тұлғалар өз аумағында қамтамасыз етуі керек.
Кеміргіштермен күрес қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарды, сауда орындарын, қоғамдық тамақтану нысандарын, дәмханалар мен мейрамханаларды, сондай-ақ сауда-ойын-сауық орталықтарын да қамтиды.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі ғимараттар мен аумақтарда дератизация жұмыстарын өз есебінен жүргізеді.