Руханият

16+ Әлеуметтік желіге тыйым немесе алгоритм құрсауындағы бала

Қазір бала тәрбиесі, баланың білім алуы, оның қауіпсіздігі деген мәселелер өзектілене түсті.

Әлеуметтік желі

Себебі заманның беталысы осы сұрақтарды алдыңғы лекке шығарды. Әсілінде, баланы қорғау дегеніміз, оны барлық қауіптен оқшаулап, айналасына көрінбейтін қабырға тұрғызу емес-ті. Цифрлық қуаты күн санап дамып, сан түрлі технология сағат сайын шарықтап, дамыған бұл қоғам баланы «басқаша» қорғауды талап етіп отыр. Сол себепті президент Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде «балаларды цифрлық тұрғыда қорғау» туралы баса айтып, жасөспірімдердің денсаулық пен жансаулық мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Тіпті балаларды әлеуметтік желіден мүлде тыю, фаст-фуд жарнамасы туралы да сөз етті. Біз бүгін осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Жас Алаштың» сауалына психологтар Ақгүл Құсайын мен Гүлшарбат Аманжол, дефектолог Бейбіт Асанқызы қатысты. 

– Елімізде 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салуы мүмкін. Бір апта бұрын Тамыз конференциясына қатысқан президент Қ.Тоқаев осы бастаманы жаңа құрылтай депутаттарына жедел қарауды ұсынатынын айтқан еді. Оның сөзінше, әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді. Осы туралы не ойлайсыз? Әлеуметтік желілерге тыйым салу тиімді шешім бе?

Ақгүл Құсайын

А.Құсайын: Қазір әлемнің әртүрлі елдерінде кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желідегі белсенділігін шектеу талқыланып жатыр. Қазақстандағы ұсыныс та осы жаһандық үрдістің бір бөлігі деп ойлаймын. Бала кезде немесе жасөспірім шақта адам өзін өзгелермен салыстыруға өте бейім болады. Яғни оны кейде FOMO синдромы деп атап жатамыз. Әлеуметтік желі осы табиғи психологиялық қажеттіліктерді одан сайын асқындырып жібереді. Бала өзінің әлеуметтік құндылығын лайк, қаралым, пікір арқылы өлшей бастайды, ал платформа оның назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалуға мүдделі. Біз бала кезде құрдасымызбен әлде басқа оқушымен салыстыру мектебіміздегі немесе ауладағы бірнеше ондаған адаммен шектелсе, қазіргі бала өзін мыңдаған, миллиондаған адаммен салыстыра алады. Оның үстіне әлеуметтік желідегі адамның шынайы өмірі емес, мұқият таңдалған ең әдемі, ең қызық, ең сәтті сәттері көрсетіледі. Бала осы жасанды «қалыпты өмірді» шынайы өлшем деп қабылдаса, өзінің күнделікті тіршілігін кем сезінуі мүмкін. Сондықтан жас шектеуінің белгілі бір профилактикалық әсері бар. Мысалы, баланың әлеуметтік желіге өз бетімен тіркелуін қиындату оны ерте жастан алгоритмдік ұсыныстарға, кибербуллингке, зиянды контентке және шамадан тыс экран қолдануын азайтуы ықтимал. Алайда тыйымның екінші жағы барын да ескергеніміз жөн. Психологияда адамға бір нәрсені абсолютті түрде «болмайды» деп айтудың кейде сол нәрсеге деген қызығушылықты күшейтетінін білеміз. Әсіресе жасөспірімдік кезеңде еркіндікке ұмтылу күшейеді. Сондықтан бала ата-анасы мен мемлекеттің бақылауын айналып өтіп, жасын әдейі өзгертіп аккаунт ашуы, басқа адамның телефоны немесе аккаунты арқылы кіруі мүмкін. Мұндай жағдайда біз мәселені шешкен жоқпыз, тек оны көзден таса жерге көшірдік. Бұдан да маңызды қауіп – баланың цифрлық сауатын қалыптастырудың орнына цифрлық сауатсыз күйде қалуы. Он алты жасқа дейін әлеуметтік желіге кірмеген бала он алтыға толған күні алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін, жарнаманың психологиялық тәсілдерін, манипуляцияны, жалған ақпаратты, кибербуллингті, онлайн алаяқтықты бірден түсініп кетпейді. Керісінше, ол цифрлық әлемге дайындықсыз кіруі мүмкін. Сондықтан шектеу болса, оның жанында міндетті түрде цифрлық гигиена мен медиасауат тәрбиесі қатар жүруі керек. Балаларға «мына видеоны көрме» деу жеткіліксіз. Оларға «неге бұл видео саған көрсетіліп отыр?», «неге дәл осы блогердің сөзіне сенгің келіп тұр?», «жарнама сенің қандай эмоцияңа әсер еткісі келеді?», «неге бір адамның өмірі мінсіз көрінеді?», «алгоритм сенің әлсіз тұстарыңды қалай пайдалана алады?» деген сұрақтарды түсіндіру қажет. Сонда бала тыйымнан қорқып қана қоймай, ақпаратты өзі сүзгіден өткізе алатын субъектіге айналады.

Г.Аманжол: Әдетте әлеуметтік желідегі ұсыныстар жүйесі баланың нені көруі керектігін өзі іріктейді, ал коммерциялық платформалардың басты мақсаты – пайдаланушыны мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалу. Бала бір бейнені көргеннен кейін соған ұқсас тағы он бейне ұсынылады, одан кейін тағы да эмоцияға әсер ететін контент шығады. Осылайша баланың ақпараттық ортасы біртіндеп алгоритмнің қолына өтеді. Негізі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлеуметтік медианың әсерін әдетте біржақты «зиянды» деп сипаттамайды. Яғни зерттеулер оның балаларға әрі оң, әрі теріс әсері бар екенін көрсетеді, бірақ әлеуметтік тұрғыда осал топтар үшін теріс ықпалы көбірек екенін үнемі атап өтеді. Сондықтан 16 жасқа дейінгі балаларды белгілі бір әлеуметтік желілерден шектеу – негізсіз ұсыныс емес, әрине. Қазір әлемнің бірқатар елінде дәл осы бағытта саясат қалыптасып жатыр. Бала әлеуметтік желіде жай ғана контент тұтынатын топ деп қарастыру дұрыс емес болар, анығында, қандай да бір өнім шығаратын нарықтың нысаны. Оның қызығушылығы, әлсіз тұстары, қандай заттарға көңіл бөлетіні алгоритм арқылы анықталып, коммерциялық ұсыныстарға айналады. Сондықтан мемлекет тек баланың платформадан кіруін бақылап қоймай, платформаның баламен қалай жұмыс істейтінін де қадағалауы керек. Бұл жерде жауапкершілікті түгел ата-анаға ысырып қою да әділетсіз. «Балаңызды телефоннан алыстатыңыз» деу оңай, бірақ ата-ананың бәрі бірдей баласының цифрлық ортада не істеп, не қарайтынын тәулік бойы бақылауға мүмкіндігі бола бермейді. Кейбір ата-ана бірнеше жұмыста жүреді, кейбірінің цифрлық сауаты жеткіліксіз. Одан да баланың әлеуметтік ортасын, денсаулығын, ата-анасымен бірге өткізетін уақытты реттеуіміз керек шығар.

Б.Асанқызы: Иә, меніңше де, бұл жерде жауапкершілікті тек отбасыға немесе мектепке ысыру да дұрыс болмайды. Өйткені баланың цифрлық ортасын қалыптастыратын негізгі субъектілердің бірі – платформалардың өзі. Егер әлеуметтік желі баланың назарын ұзақ ұстап қалудан пайда көрсе, онда бала мен платформаның арасында мүдделер тең емес. Бір жағында, психологиялық тұрғыдан әлі қалыптасып үлгермеген жасөспірім тұр, екінші жағында, пайдаланушының назарын секунд сайын есептеп, қандай контент оған көбірек әсер ететінін анықтайтын технологиялық жүйе тұр. Сондықтан мемлекет тек баланың аккаунтын бақылаумен шектелмей, платформалардың өзіне де жауапкершілік жүктеуі керек. Тағы бір маңызды нәрсе – әлеуметтік желіден алыстаған балаға балама ретінде не ұсынатынымыз. Егер бала мектептен кейін үйге келіп, бос уақытында айналысатын сапалы орта таппаса, әлеуметтік желіге деген сұраныс жоғалмайды. Ол ойынға, жабық чаттарға немесе басқа цифрлық платформаларға ауысуы мүмкін. Сондықтан балалардың спортқа, өнерге, кітапқа, пікірталасқа, шығармашылыққа, достарымен офлайн араласуға қолжетімді ортасы болуы керек. Баланың қолындағы телефонды шектегенмен, оның жалғыздығын немесе өзін мойындатуға деген ұмтылысын шектей алмаймыз. Ал әлеуметтік желі көбіне дәл осы бос кеңістіктерді толтырып отыр. Сондықтан мен жас шектеуін балалық шақтың белгілі бір кезеңін қорғауға арналған уақытша қорғаныс шебі ретінде қарар едім. Бірақ сол қорғаныс шебінің ар жағында балаға өмір бойы қажет болатын цифрлық иммунитет қалыптаспаса, TikTok-тан немесе Instagram-нан қорғалған бала ертең жасанды интеллект жасаған жалған ақпараттан, манипуляциялық жарнама, кибербуллинг пен цифрлық алаяқтыққа оңай ілініп қалады.

– Біз әдетте балаға зиянды контенттің таралуын шектеу туралы көп айтамыз. Е нді мұндай контенттің нақты қандай түрлері балаға қауіпті екені туралы айтайықшы. Оның үстіне балаларға арналған SIM-карталар енгізілген жағдайда, оның ата-аналар мен балаларға қандай нақты пайдасы болуы мүмкін? Мұндай жүйе баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жақсы нәтиже көрсете ала ма?

Гүлшарбат Аманжол
Гүлшарбат Аманжол

Г.Аманжол: Бұл жерде әсіресе алгоритмдік ұсыныстарға мән беру керек. Бала өзі іздемеген контенттің алдына қайта-қайта шығуы мүмкін. Ұлыбританияның Ofcom реттеушісі 2026 жылғы зерттеуінде 11-17 жастағы жасөспірімдердің 73 пайызы соңғы төрт апта ішінде қандай да бір зиянды контентке тап болғанын анықтаған, ал TikTok пен YouTube осындай материалдардың жиі кездесетін негізгі платформалары ретінде аталған. Сондықтан контентті сүзгілеу дегеніміз – «жаман сайттарды жауып тастаумен» шектелмек емес, баланың алдына қандай контенттің алгоритм арқылы ұсынылатынын да бақылау. Осы тұрғыдан балаларға арналған SIM-карталардың енгізілуі белгілі бір деңгейде пайдалы механизм бола алады. Мәселен, Австралияның eSafety жөніндегі мемлекеттік органы да ата-аналық бақылау құралдары зиянды контентті шектеуге, экран уақытын басқаруға және баланың кіммен байланысатынын қадағалауға көмектесетінін, бірақ мұндай жүйелер баланың барлық құрылғысында іске қосылғанда ғана тиімді болатынын ескертеді. Бұл тұрғыдан балаларға арналған SIM-картаны дұрыс бағыттағы қосымша қорғаныс қабаты деп бағалар едім. Оның өзі жеке-дара шешім бола алмайды. Ең тиімді модель – үш деңгейлі жүйе. Біріншісі – мемлекет пен оператор деңгейіндегі техникалық сүзгі, екіншісі – платформалардың жас ерекшелігіне сай қауіпсіздік талаптары, үшіншісі – отбасы мен мектептегі цифрлық сауаттылық.

Б.Асанқызы: Егер мұндай SIM нақты жас санатына бейімделіп, оның көмегімен ата-ана баланың интернетке кіру уақытын, белгілі бір санаттағы сайттарға қолжетімділігін, ақылы қызметтерді, қажетсіз қоңыраулар мен күмәнді нөмірлерден келетін байланысты шектей алса, бұл ата-анаға қосымша қауіпсіздік қабатын береді. Мысалы, балаға түнгі уақытта интернетті автоматты түрде шектеу, бейтаныс нөмірлерден хабарласуды сүзу, қауіпті немесе жасына сәйкес келмейтін сайттарға кіруге тосқауыл қою, ақылы жазылымдар мен сатып алуларды бақылау сияқты мүмкіндіктер ата-ананың күнделікті бақылауын жеңілдетер еді. UNICEF те ата-аналық бақылау құралдары арқылы контентті сүзуге, экран уақытын шектеуге, кейбір қосымшалар мен сайттарды бұғаттауға, сатып алуларды бақылауға болатынын атап көрсетеді. Оның үстіне мұндай жүйе ата-анаға баланың әр әрекетін аңдып отырудың орнына алдын ала белгіленген қауіпсіздік шекарасын орнатуға мүмкіндік берсе тиімдірек болады. Бірақ SIM-картаны баланың интернеттегі қауіпсіздігінің негізгі кепілі ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені SIM-карта интернеттің техникалық кіру нүктесін бақылай алады, ал баланың цифрлық өмірінің өзі одан әлдеқайда кең. Бала Wi-Fi арқылы басқа құрылғыдан интернетке кіре алады, досының телефонын пайдалана алады, VPN немесе басқа сервистер арқылы шектеуді айналып өтуі мүмкін.

– Жалпы мұндай мәселені дамыған шет мемлекеттер қалай тігісін жатқызып, шешімін тауып отыр? Балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін айтып жатырмыз. Дегенмен жаңа заңда нақты қандай қауіптер жеке-жеке қарастырылуы керек деп ойлайсыз?

А.Құсайын: Мысалы, Австралияда 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап көптеген ірі платформалар 16 жасқа толмағандардың аккаунт ашуына жол бермеуге міндеттелді. Бірақ Австралия тәжірибесі бізге тағы бір маңызды нәрсені көрсетіп отыр: заң қабылдау мен мәселені шешу – екі бөлек нәрсе. 2026 жылғы үш айлық алғашқы зерттеу бойынша Австралияда әлеуметтік желі аккаунты бар 16 жасқа дейінгі балалардың үлесі 52,4 пайыздан 42,1 пайызға түскен. Яғни белгілі бір нәтиже бар, бірақ балалардың едәуір бөлігі әлеуметтік желіде қалуды жалғастырған. Австралияның өзі бұл деректерді ұзақ мерзімді тиімділікті бағалайтын соңғы нәтиже деп қарастырмайды. Демек, «тыйым салсақ, бала әлеуметтік желіден кетеді» деген қарапайым логика жұмыс істемеуі мүмкін. Жасөспірімдер ата-анасының телефонын пайдалануы, жасын дұрыс көрсетпеуі, басқа адамның аккаунтын қолдануы немесе техникалық шектеулерді айналып өтуі ықтимал. Платформаларға жас ерекшелігіне сәйкес алгоритм қолдануды міндеттеу, балаларға бағытталған жарнаманы шектеу, кәмелетке толмағандардың деректерін қорғау, зиянды контентті жедел жою, ата-анаға түсінікті бақылау құралдарын беру, мектептерде цифрлық сауаттылықты күшейту әлдеқайда нәтижелі болуы мүмкін. Мұнда әсіресе агрессивті маркетинг мәселесіне назар аударған жөн.

Г.Аманжол: Еуропалық одақ, Ұлыбритания, Австралия сияқты елдер баланың жасына, платформаның сипатына және қауіп деңгейіне қарай бірнеше қорғаныс құралдарын қатар қолдануға тырысады. Мысалы, еуропалық одақтың Digital Services Act аясындағы 2025 жылғы кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі нұсқаулығында негізгі қауіптердің қатарына зиянды контентпен бірге груминг, кибербуллинг, тәуелді мінез-құлық, бейтаныс адамдардың қажетсіз байланысы және балаларға бағытталған зиянды коммерциялық тәжірибелер енгізілген. Бұл өте маңызды тәсіл. Себебі бұрын «зиянды ақпарат» дегенде көбіне жыныстық немесе зорлық-зомбылық сипатындағы материалдарды ғана елестететінбіз. Қазіргі цифрлық ортада баланың қауіпсіздігіне қауіп контенттің тарату тәсілінен, алгоритмнен, жарнамадан, бейтаныс адамның байланысынан және платформаның пайдаланушыны ұстап қалуға арналған дизайнынан да туындайды. Сондықтан Қазақстанда заңнаманы қайта қарағанда, ең алдымен қауіптерді нақты санаттарға бөліп жазу керек деп ойлаймын. Бірінші үлкен санат – жыныстық сипаттағы және балаларды сексуалдық қанауға байланысты контент. Бұған порнографиялық материалдармен қатар, баланы сексуалдық әрекетке тарту, интимдік сурет немесе бейне талап ету, оны қорқытып тарату, кәмелетке толмаған адаммен сексуалдық мақсатта байланыс орнату жатады. Мұнда әсіресе grooming, яғни ересек адамның баланың сеніміне кіріп, кейін оны сексуалдық мақсатта пайдалану қаупіне жеке тоқталу қажет. Екінші санат – өзіне-өзі зиян келтіруге және суицидке итермелейтін контент. Мұнда суицидті насихаттайтын материалдардан бөлек, өзін жарақаттау тәсілдерін үйрететін, қауіпті «челлендждерді» танымал ететін немесе адамның психологиялық осалдығын пайдаланып, оны қауіпті әрекетке итермелейтін контент те қамтылуы тиіс. Үшінші санат – зорлық-зомбылық пен қатыгездікті насихаттау. Дегенмен кез келген зорлық көрінісін автоматты түрде тыйым салынатын контентке жатқызу дұрыс емес. Мысалы, тарихи деректі фильмдегі соғыс көрінісі мен зорлықты романтизациялайтын бейнероликтің әлеуметтік әсері бірдей емес. Осыны да ескерген жөн. Төртінші бағыт – кибербуллинг пен онлайн қудалау. Бесінші бағыт – жалған ақпарат, манипуляциялық контент және жасанды интеллект арқылы жасалған материалдар. Deepfake технологиясы дамыған сайын бала көрген бейненің шынайы немесе жасанды екенін ажырату қиындай береді. Әсіресе жалған сексуалдық бейнелер, адамның бет-бейнесін пайдаланып жасалған қорлау материалдары, жалған жаңалықтар мен манипуляциялық видеолар балалар үшін елеулі қауіпке айналуы мүмкін. Сондықтан жаңа заңда жасанды интеллект арқылы жасалған контентке қатысты да баланың қауіпсіздігі тұрғысынан арнайы нормалар болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұдан бөлек, тізе берсең, мәселелер таусылмақ емес. Шексіз scroll, үздіксіз push-хабарламалар, автоматты түрде келесі видеоны қосу, баланың эмоциялық әлсіздігін пайдаланып контент ұсыну, лайк пен реакциялар арқылы әлеуметтік қысым қалыптастыру – бұлардың барлығы баланың уақытын және назарын ұстап қалуға бағытталған механизмдер. Еуропалық комиссия да кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі ұсынымдарында addictive design мәселесін жеке қауіп ретінде көрсетеді.

– Ендігі бір мәселе – жарнамаға келіп саяды. Президент балалардың назарын қорғау мәселесі ақпараттық қауіпсіздікпен ғана шектелмейтінін айтып қалды. Фаст-фуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз, майы көп өнімдердің балаларға бағытталған жарнамасын шектеу туралы сөз болды. Мұндай тағамдардың жарнамасын азайту мәселені шеше ала ма?

А.Құсайын: ДДСҰ/Еуропа осы мақсатта тағамдарды құрамындағы қоректік заттарына қарай жіктейтін арнайы Nutrient Profile Model әзірлеген. Мұндай тәсіл заңның «зиянды тағам» деген субъективті түсінікке тәуелді болып қалмауына мүмкіндік береді. Қазір балаларға арналған маркетинг тек теледидардағы роликпен шектелмейді. Бала YouTube-та мультфильм қарап отырып, блогердің өнімді мақтағанын көреді, TikTok-та челленджге тап болады, Instagram-да сүйікті инфлюенсерінің белгілі бір сусынды ішіп отырғанын байқайды, мобильді ойында виртуалды сыйлық алу үшін брендпен байланысқа түседі. Сондықтан тек теледидардағы жарнаманы қысқарту жеткіліксіз. Балаға бағытталған инфлюенсерлік жарнама, демеушілік, өнімді жасырын орналастыру, ойын ішіндегі жарнама, балаларға арналған акциялар мен бренд кейіпкерлерін пайдалану да қамтылуы керек. Бұл жерде Норвегияның қазіргі тәжірибесі қызық. 2025 жылдың қазан айынан бастап күшіне енген ережелерінде балаларға бағытталған зиянды тағам мен сусындардың маркетингіне дәстүрлі жарнамамен қатар, цифрлық жарнама, демеушілік, инфлюенсер маркетингі, product placement және жанама брендтеуді де қамтитын шектеулер заңға енген. 2025 жылғы сауалнамада респонденттердің төрттен үші балаларға зиянды тағам маркетингін шектеуді қолдаған, ал 87 пайызы балалар мен жасөспірімдерге мұндай жарнаманың әсер ететінін айтқан. Яғни бүгінгі беталысымыз жаман емес. Дегенмен ең маңыздысы – жарнаманы алып тастау арқылы біз баланың барлық дұрыс емес тамақтану әдетін бір күнде өзгерте алмаймыз.

 Бейбіт Асанқызы
Бейбіт Асанқызы

Б.Асанқызы: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларға бағытталған тағам маркетингі олардың қандай өнімді ұнататынына, ата-анасынан қандай тағамды сұрайтынына және нақты тамақтану тәртібіне әсер ететінін көрсетеді. Әсіресе қант, тұз және қаныққан майы көп өнімдер балалар маркетингінің негізгі нысанына айналады. Сондықтан бұл жерде «бір жарнаманы көрді де, бала семіріп кетті» деген қарабайыр себеп-салдар іздеуге болмайды. Иә, бәлкім, жарнама баланың қалыпты деп қабылдайтын тағамдық ортасын қалыптастыратын шығар. Мысалы, бала күн сайын әлеуметтік желіден бургер, тәтті сусын, чипсы немесе тәттіні көңілді достықтың, сыйлықтың, демалыстың, спорттың, тіпті жетістіктің белгісі ретінде көре берсе, уақыт өте келе ол өнім жай ғана тағам болудан қалып, белгілі бір өмір салтына айналады. Дегенмен жарнама – себептердің бірі ғана, бірақ диабеттің жалғыз себебі емес. Оның ықпалын азайту баланың таңдауы мен сұранысына әсер етеді, алайда түпкі нәтиже отбасы, мектеп, сауда ортасы, баға саясаты, өнімнің қолжетімділігі және медиасауат сияқты факторлар қатар өзгергенде ғана байқалады. Сондықтан бұл мәселені «балаларға фаст-фуд жарнамасын көрсетпей қойсақ, проблема шешіледі» деп қарау тым жеңіл болар еді.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз