Live

18 жастағы жігіт әскерге барып, сал болып қалған

18 жасында әскерге өз еркімен аттанған шымкенттік сарбаз үш жылдан бері төсекке таңылып жатыр.

Сарбаз

Шымкенттен әскери қызметке сау кеткен Өмірбек Сұлтанмұратов Павлодардағы 5512 әскери бөлімінде борышын өтеп жүргенде ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Отбасына оның жағдайы комаға түскеннен кейін ғана хабарланған.

Анасының айтуынша, дәрігерлер ата-анасы жетпей жатып сарбаздың басына ота жасаған. Кейін Өмірбек Қазақстанда ем қабылдап, Өзбекстанға жеткізілген. Анасы онда дәрігерлер оның жағдайын ауыр соққының салдарымен байланыстырғанын айтады.

"Неге ауырса әскерде баланы қарамайды? Сап-сау кетті ғой. Кейін естісем, командирлеріне ауырып жатырмын деп айтқан екен. "Дәрігерге апарыңдаршы" десе де апармапты. Әбден комаға түскен кезінде апарыпты. Дәрігерлер "амал жоқ, ота жасамасақ, балаңыз өлетін еді" деді. Өлгенше сонда олар қарап отыра бере ме?", – дейді анасы Мадина Шұқамбаева.

Өмірбек әскери қызметкер болуды бала кезінен армандаған. Көкпар тартып, түрлі спорт түрінінен жарыстарға да қатысқан. Сөйтіп кенже ұлының бетінен қаққысы келмеген әкесі Шымкенттегі әскери комиссариатқа өзі жетектеп алып барыпты. 

"Иә өкінемін. Өкінемін. Өзім апарып бергеніме өкінемін. Военкоматқа апарып, қолынан ұстатқаныма өкінемін мен. Олардың үйреніп алған сөзі "еркексің, еркексің" дей береді екен барлығына. Бұлай еркек болмай-ақ қоя салған мақұл. Барлық ата-аналарды шырылдатып… 3,5 жыл болды жүргенімізге. Кім жәрдем береді? 850 мың теңге страховка беріп қояды. Соны қолыңа ұстатады да жібереді. Болды", – дейді әкесі Рустамбек Шұқамбаев.


Қазір 2023 жылдан бері төсекке таңылған Өмірбек өздігінен жүріп-тұра алмайды әрі сөйлей алмайды. Жақындарының сөзінше, ол ата-анасын да тек кейіннен тани бастаған.

Ата-анасы ұлының жағдайына қатысты көптеген сұрақтың әлі де жауапсыз екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, осы уақытқа дейін бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалмаған.

Өмірбектің әскерде мүгедек болып қалуына не себеп болғанын анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне де сауал жолданған. Ведомстводан әзірге жауап жоқ.

Тегтер: сарбаз
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз