20 жылға жуық уақыттан кейін «Рахатгейт» ісі қайта жанданды
Қазақстанда атышулы «Рахатгейт» ісі бойынша тергеу қайта жанданды. Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобы осы іс аясында Асхат Дүйсеновке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.
Бұл туралы 4 қыркүйекте бірқатар қазақстандық БАҚ хабарлады.
Асхат Дүйсеновке ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, адам ұрлау, мүлікті иемдену және жалған құжаттарды пайдалану бойынша айыптар тағылғаны айтылады. Ол 2025 жылдың шілдесінде қамауға алынған.
2007 жылғы оқиға
«Рахатгейт» атауымен белгілі іс Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің атымен байланысты.
Тергеу материалдары бойынша, 2007 жылғы 18 қаңтарда «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Тімралиев пен Айбар Хасенов ұрланған. Кейін олардың денелері 2011 жылы Алматы маңынан табылды.
Қазіргі жарияланған мәліметтерде Асхат Дүйсеновтің Рахат Әлиевтің айналасында болғаны және ұрланған банк қызметкерлері жеткізілген резиденциядағы монша-спорт кешеніне қатысы болғаны айтылады. Тергеу нұсқасы бойынша, жәбірленушілерден «Нұрбанк» акциялары мен «Кен-Дала» бизнес орталығына қатысты активтерді беруді талап еткен.
Асхат Дүйсеновтің аты сол кездегі материалдарда да кездеседі. 2007 жылғы «Рахатгейт» соты кезінде бұрынғы «Алматур» заңгері Анаргүл Ахметова Дүйсеновтің өзіне жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды ХҚКО-ға жеткізуді тапсырғанын айтқан.
Алайда Дүйсенов сол кезде сотталмаған. Кейінгі жарияланымдарда оның 2007 жылы адам ұрлау және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты күдікпен іздеуде болғаны көрсетіледі.
Асхат Дүйсенов кім?
Асхат Дүйсенов – Алматы қалалық қаржы полициясының бұрынғы басшысы әрі Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновтің туған інісі.
Мақсат Дүйсеновтің өзі де қазір Қазақстанда қылмыстық қудалауға ұшырап отыр. Оған 2025 жылғы 29 тамызда іздеу жарияланған. Кейін Германияда ұсталғанымен, 2026 жылы Германия билігі оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Бас прокуратура оның халықаралық іздеуі тоқтатылмағанын және қылмыстық қудалау жалғасып жатқанын мәлімдеген.
«Рахатгейт» деген не?
«Рахатгейт» – 2007 жылы басталған және Рахат Әлиев пен оның айналасындағы адамдарға қатысты бірнеше ауыр қылмыстық эпизодты қамтыған атышулы іс.
Рахат Әлиев сол кезде Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметін атқарған. Қазақстанда оған қатысты қылмыстық істер қозғалып, кейін ол сырттай сотталды.
Әлиев бірнеше жыл Еуропада тұрғаннан кейін Австрияда қамауға алынды. 2015 жылғы ақпанда ол Венадағы тергеу изоляторында өлі табылды.