Оқиғалар

7 тамыздан бастап қазақстандықтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады

ОСК Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында сайлаушылар тізімдерін өзектендіруді бастайды

Сайлау

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауына дайындық барысында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру тәртібін бекітті.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген Қазақстан Республикасының 12 561 644 азаматы дауыс беруге құқығы бар азаматтар тізіліміне енгізілді. Осы негізде жергілікті атқарушы органдар әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін қалыптастырады.

Сайлаушылар тізімдері 2 тамызда учаскелік сайлау комиссияларына беріледі, ал 7 тамыздан бастап азаматтар өздері туралы деректердің дұрыстығын және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады.

23 шілдеден кешіктірмей дауыс беру күні тұрақты тіркелген жерінде болмайтынын білетін азаматтар тиісті сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізілу үшін уақытша болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға жүгінуге құқылы. Сонымен қатар,
7 тамыздан бастап сайлаушылар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында көзделген жағдайларда уақытша болатын жері бойынша дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады.

Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылар тізіміне енгізілуін тексеруге арналған онлайн-сервистердің жұмысын қамтамасыз ету және сайлау учаскелерінің орналасқан жері туралы ақпарат беру үшін call-орталықтар құру ұсынылды.

«Сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығы - азаматтардың сайлауға қатысуға арналған конституциялық құқығын іске асырудың негізгі шарттарының бірі. Біздің міндетіміз – әрбір сайлаушыға өз деректерін уақытылы тексеруге, қажет болған жағдайда заңда көзделген дауыс беру учаскесін өзгерту тетіктерін пайдалануға және өзінің сайлау құқығын еш кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік беру», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясыныңмүшесі Азамат Айманакумов.

 

Тегтер: Құрылтай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз