Әлеумет

700 миллион теңге. Қазақстандық шенеунік Дубайда алданған үлескерге айналды

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Салтанат Матқұлова Дубайдағы элиталық жылжымайтын мүлікке 1,6 миллион доллардан астам (шамамен 746 миллион теңге) қаржы салған.

О

Алайда ақырында өзі алданған үлескерлердің қатарында қалған. Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы жазды.

БАӘ-дегі жылжымайтын мүлік тізілімінен тараған деректерге сәйкес, Қазақстанның салық органдарында еңбек жолының басым бөлігін өткізген Матқұлова Pangkor Laut Luxury Residence & Spa Village тұрғын үй кешенінен аумағы 136 және 88 шаршы метр болатын екі пәтер сатып алған.

Нысан Дубай жағалауынан екі шақырым жерде орналасқан World Islands жасанды архипелагында бой көтеруі тиіс болған. 300 аралдан тұратын бұл ауқымды жоба кезінде «болашақтың қаласы» ретінде таныстырылған. Алайда 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін құрылыс үлкен қиындықтарға тап болды. Аралдардың басым бөлігі әлі күнге дейін теңіз ортасындағы бос жатқан жер күйінде қалып отыр. Ал Матқұлова қаржы салған тұрғын үй кешені мүлде салынбаған.

Кешеннің құрылысын Дубайда тіркелген City-D Investments Limited компаниясы жүргізуі тиіс болған. Ол қазақстандық City-A Development компаниясының еншілес құрылымы саналады. 2018 жылы компания иесі Гүлнара Мұсабаева қайтарылмаған несиелерге қатысты іс бойынша тергеу изоляторына қамалған. Кейін істің ескіру мерзімі өтуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.

Болжам бойынша, Матқұлова 2008–2014 жылдар аралығында құрылысы қағаз жүзінде ғана қалған апартаменттерге қомақты қаражат салған. Бір қызығы, сол кезеңде ол Астананың Есіл ауданы бойынша салық басқармасында қатардағы қызметтердің бірін атқарған. Кейін, 2019 жылы МКК Цифрландыру департаментіндегі басқармалардың біріне басшының орынбасары болып тағайындалды.

Қазір Матқұлова мемлекеттік қызметтен кеткен және жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның араб инфрақұрылым операторларымен соттасып, салған 1,5 миллион доллардан астам қаржысын қайтара алған-алмағаны әзірге белгісіз.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз