Абай облысындағы орман өрті сөндірілді
Абай облысындағы ірі орман өрті оқшауланды.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі ресми Telegram-арнасында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, өрт «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалына қарасты Қамышенка орманшылығы аумағында болған. Өрттің оқшауланғаны туралы хабарлама 18 шілде күні сағат 10:13-те жарияланды.
Министрлік таратқан бейнероликте өртті сөндіру жұмыстары мен құтқарушылардың еңбегі көрсетілген.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Абай облысында басталған орман өртін сөндіруге жүздеген маман мен ондаған техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және ҰҚК авиациясының тікұшақтары мен ұшақтары тартылды.
Өрт салдарынан балалар лагерінен 200-ден астам адам эвакуацияланды. Ал сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен өңірге Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілген болатын.
Қазіргі уақытта өрттің қайта тұтануына жол бермеу және аумақты толық бақылауға алу жұмыстары жалғасып жатыр.