Кейіпкер

Абзал Құспан: «Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады»

Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өз кандидат­тарының тізімін жариялады. Алайда қоғам бұл тізімнен заң шығару ісінде тәжірибесі бар, кәсіби біліктілігімен танылған тұлғаларды іздегені анық. Солардың бірі – заңгер, Мәжілістің бұрынғы депутаты Абзал Құспан.

Абзал ҚҰСПАН

Ол неліктен ешбір партияның тізіміне ілікпеді? Жаңа Конституция негізінде жасақталатын Құрылтай қандай болуы керек? Құрылтайға кәсіби заңгерлер керек пе? Осы және өзге де сауалдарды экс-депутат­тың өзіне қойған едік.

Абзал Құспан
Фото: ашық дереккөз

– Абзал Темірғалиұлы, көпшілік партия ұсынған кандидат­тар тізімінен сіздің аты-жөніңізді іздеді. Құрылтай сайлауынан сырт қалуыңыздың себебі неде?

– Заң бо­йынша кез келген азамат партияға өзі де өтініш бере алады. Бірақ мен саясат­та да, өмірде де шақырылмаған жерге сұранып баруды жөн көрмедім. Басынан-ақ: «Егер қажет деп тапса – шақырсын, ал қажет болмаса, өзім бармаймын» деген ұстанымымды айт­тым. Сол сөзімде қалдым. Қазіргі таңда ешбір саяси партияның мүшесі емеспін.

Мен үшін депутат­тық қызмет – мақсат емес, халыққа қызмет етудің бір кезеңі ғана болды. Қазір жазғы уақыт болғасын демалып, әрі жеке шаруа­ларымды рет­теп алмақпын. Оның ішінде таза қазақы ортаға тән той-томалақ та бар дегендей. Бұрын «қызмет­темін, қол тимейді» деп қашқақтап жүрсем, қазір айтар сыл­та­уым да жоқ. Әртүрлі ой-жоспар бар, шешімді күзге таман қабылдаймын. Бірақ бір нәрсе анық – қоғамнан алыстамаймын. Тек ғылыми жұмы­сыма қатысты уақытша белсенді болма­уым мүмкін. Жуырда қылмыстық құқық саласы бо­йынша докторлық диссер­тациямды аяқтауым керек. 

Ерте ме, кеш пе, әлеу­мет­тік желілер арқылы азамат­тарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң үстемдігі мен құқықтық мәде­ниет­ті қалыптастыруға өз үлесімді қосу жоспа­рымда бар. 

Бұл, әсіресе, қазақтілді ортаға қажет дүние. Егер мемлекет пен қоғамға пайдам тиетін жаңа міндет­тер ұсынылса, оны да жауапкершілікпен қарастыруға дайынмын.

– Өзге партиялар ұсынған кандидат­тардың арасында көңіліңізден шыққан, үміт артатын азамат­тар бар ма?

– Әрине, әр саяси ұйым кандидат­тарды өз өлшеміне қарай ұстанымы мен талаптарына сәйкес іріктейді. Сондықтан бұл – олардың ішкі таңдауы. Дегенмен ұсынылған тізімдерге көз жүгірткенде кәсіби біліктілігімен танылған азамат­тардың барын байқадым. Мәселен, «Әділет» партиясы ұсынған кандидат­тардың қатарынан қазіргі Респуб­ликалық адвокат­тар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, сонымен қатар жеке таныстығым болмаса да, Бишімбаев ісі бо­йынша мемлекет­тік айыптаушы ретінде қоғамға кеңінен танылған заңгер

Айжан Аймағанова сияқты заңгерлерді көргеніме қуаныштымын. Меніңше, заң саласында тәжірибесі мол, кәсіби көзқарасы қалыптасқан мамандардың заң шығарушы органның жұмысына араласуы өте маңызды. Өйткені мұндай азамат­тар құқықтық реформаларды жетілдіруге, заңдардың сапасын арт­тыруға және қоғамдағы өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан шешуге нақты үлес қоса алады.

Абзал Құспан
Фото: ашыө дереккөз

– Құрылтайға қажет­ті депутат­тар саны – 145. Ал «Әділет» партиясы 186 үміткердің есімін жариялады. Мұны «билікке келуге дайын партиямыз» деген саяси месседж ретінде қабылдауға бола ма? Сіз қалай ойлайсыз?

– Мен қандай да бір партияның ішкі саяси стратегиясына немесе тактикасына баға бергім келмейді. Бірақ бір нәрсе анық: кандидат саны емес, олардың сапасы маңызды. Қоғам бүгінде партиялардың ұранына немесе қанша адам ұсынғанына қарап емес, сол тізімдегі азамат­тардың кәсіби біліктілігіне, өмірлік тәжірибесіне және халық арасындағы беделіне қарап баға береді. Сондықтан кез келген саяси күш үшін ең басты міндет – елдің сеніміне ие болған, қоғамның мәселесін түсінетін, жауапкершілікті өз мойнына ала алатын кәсіби азамат­тарды ұсыну. Егер кандидат­тардың деңгейі жоғары болса, олардың саны өздігінен екінші кезекке ығысады. Өйткені халыққа ең алдымен сан емес, сапа қажет. Ал сенім де дәл осындай қағидатпен қалыптасады.

– Қазақстан халық партиясы ұсынған 72 кандидат­тың қатарында әнші Тамара Асар мен тележүргізуші Аша Матайдың есімдері де бар. Қазірдің өзінде қоғамда «заң шығаратын органда олардың атқаратын рөлі қандай болмақ?» деген сауалдар айтылып жатыр. Тіпті мұны әжуаға айналдырып, сайлауалды сәтсіз пиар деп бағалап жатқандар да жетерлік. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Танымал адам болу жалпы жаман нәрсе емес. Бірақ заң шығару – өте күрделі әрі кәсіби жұмыс. Парламент немесе Құрылтай – ең алдымен заң шығаратын, мемлекет­тік маңызы бар шешімдер қабылданатын алаң. Сондықтан негізгі өлшем танымалдылық емес, мұнда кәсіби дайындық, заң шығару процесін түсіну, мемлекет­тік басқару тәжірибесі, қоғамдағы өзекті мәселелерді саралай білу және жоғары жауапкершілік бірінші орында тұруы қажет. Егер кандидат осы талаптарға сай келіп, заң шығару ісіне нақты үлес қоса алатын болса, мамандығы екінші орында. Ал егер таңдау тек танымалдылыққа негізделсе, онда қоғамның күмәні де түсінікті, менің ойым да бұл тұрғыда көпшілік жағында. Себебі бүгінгі таңда азамат­тар саясат­тан жарқын есімдерді емес, нақты нәтиже көрсететін, елдің мүддесін қорғай алатын білікті тұлғаларды күтеді.

– «Егер Құрылтай құрамына өз саласының білікті мамандары келмесе, оның бұрынғы Парламент­тен қандай айырмашылығы болады?» деген сауал қоғамда жиі айтылып жүр. Сіз не дейсіз?

– Меніңше, жаңа жүйенің артықшылығы оның атауымен емес, ең алдымен құрамымен және атқаратын қызметінің сапасымен өлшенуі керек. Егер Құрылтай құрамына заңгерлер, экономистер, инженерлер, дәрігерлер, педагогтер, аграрлық сала мамандары, кәсіпкерлер және қоғам өмірінің түрлі саласында тәжірибе жинаған кәсіби азамат­тар келсе, қабылданатын шешімдердің де, әзірленетін заңдардың да сапасы жоғары болады. Өйткені әрқайсысы өз саласының мәселесін терең түсінеді әрі нақты ұсыныс бере алады. Ал егер бұрынғы қателіктер қайталанса, атау­ды өзгерткеннен ештеңе өзгермейді. Кәсібиліктен гөрі басқа өлшемдер басымдыққа ие болса, онда жаңа құрылымнан қоғам күткен нәтиже шықпауы мүмкін. Сондықтан басты мәселе – институт­тың атауы емес, оның сапасы екендігі нақты аксиома.

– Үш жыл депутат ретінде қызмет атқарып, бірқатар заң жобасының қабылдануына атсалыстыңыз. Алдағы уақыт­та қоғамдық-саяси қызметіңізді жалғастырасыз ба, әлде өзге жоспарларыңыз бар ма?

– Жай сәйкестік пе, әлде солай ойластырылған ба білмеймін, тура үш жыл, үш ай, үш күн жұмыс істеп­піз. Осы уақыт ішінде заң шығару жұмысына белсенді араластым. Өзім бастамашылық жасаған 24 заң жобасы болды, 7 жұмыс тобына жетекшілік ет­тім. Сонымен қатар 31 депутат­тық сауал жолдадым. Бұл әр сәрсенбі күні жалпы отырыста жария түрдегі депутат­тық сауал ретінде де жолданды. Одан бөлек былай жолдаған хат­тарымыз да депутат­тық сауал деп есептеледі. Оның ішінде Бас прокурорға – 13, Премьер-министрге – 15, Премьер-министрдің орынбасарына – 2, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасына – 1 депутат­тық сауал жолданды. 
Осы кезеңде 300-ден астам азамат­ты жеке қабылдап, 4 500-ден астам азамат­тың арыз-өтінішін қарадым. Осы жұмыстар нәтижесінде қылмыстық істер бо­йынша, сот саласы, прокурор мен адвокат­тың рөліне қатысты, еліміздің батыс өңірі үшін өзекті мәселенің бірі киікке қатысты заңнамалық өзгерістер енгіздім.

Сондай-ақ, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру, сталкинг үшін жауапкершілікті енгізу, дропперлердің әрекет­терін қылмыстық жауапкершілікке тарту, қалыңмал мен мәжбүрлі некеге қатысты жауапкершілікті күшейту, заңсыз активтерді мемлекетке қайтару және екі мәрте рақымшылық туралы заңдарды әзірлеуге және қабылдауға қатыстым. 

– Жаңа Конституция қабылданғаннан ке­йін елде бірқатар саяси және құқықтық реформалар қолға алынды. Сіздіңше, бұл өзгерістер күткен нәтижесін беріп жатыр ма? Заң үстемдігі мен әділет­ті қоғамды қалыптастыру үшін тағы қандай заңнамалық бастамалар қажет деп санайсыз?

– Жаңа Конституциямызда құптау­ға лайық маңызды өзгерістер өте көп. Бұл тек жекелеген баптардың жаңаруы ғана емес, құжат­тың кіріспесінен бастап соңына де­йін мемлекет­тің даму бағытын айқындайтын жаңа құқықтық философия қалыптастырылды. Сонымен бірге Конс­титуцияны қабылдау – жұмыстың соңы емес, керісінше, жаңа кезеңнің бастауы. Ендігі міндет – қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияның талаптарына толық сәйкестендіру. Менің ойымша, тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері қабылданған үш мыңнан астам заңға кешенді құқықтық ревизия жүргізу қажет. 

Бұл жұмыстың екі негізгі бағыты болуы тиіс. Біріншісі – барлық заңдардың жаңа Конституция нормалары мен қағидат­тарына сәйкестігін тексеру. Екіншісі – мемлекет­тік тілдегі заң мәтіндерін толыққанды тілдік сараптамадан өткізу. Өйткені алғашқы жылдары көптеген заңдар қазақ тіліне дәл аударылмай, терминологиялық және стилистикалық қателіктермен қабылданды. Өкінішке қарай, олардың біразы бүгінге де­йін қолданыста жүр. 
Қазіргі таңда құқықтық терминология біршама жүйеленді, Терминологиялық комиссия бекіткен бірыңғай атаулар қалыптасты. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, заңнаманы бір мезгілде әрі Конституцияға сәйкестендіріп, әрі мемлекет­тік тілдің сапасын жақсарту қажет. Бұл заңдардың мазмұнын да, құқық қолдану тәжірибесін де біріздендіруге мүмкіндік береді. Сондықтан тәуелсіздік жылдарында қабылданған барлық заңдарға кезең-кезеңімен толық ревизия жүргізу – алдағы уақыт­тағы ең маңызды мемлекет­тік міндет­тердің бірі деп есептеймін.

– Жаңадан жасақталатын Құрылтай қоғамның сеніміне ие болуы үшін қандай қағидат­тарға сүйенуі керек? Оның құрамына кіретін депутат­тарға қойылатын ең басты талап қандай болуы тиіс?

– Мемлекет басшысы Құрылтайдың құрамына ең алдымен өз саласының білікті мамандары мен сарапшылар келуі керектігін бірнеше рет атап өт­ті. Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Өйткені заң шығару немесе мемлекет­тік деңгейде шешім қабылдау – жай ғана сын айту емес. Өз тәжірибемнен айтар болсам, Парламент­те жұмыс істей бастағаннан ке­йін кей мәселелерге көзқарасым өзгерді. Сырт­тай бақылаушы немесе сыншы болу бір басқа, ал нақты шешім қабылдайтын адамның жауапкершілігі мүлде бөлек. Сондықтан кез келген мәселені тек «дұрыс емес» деп сынаумен шектелуге болмайды.

Сынадың ба – шешудің жолын айт. Яғни сын айт­қан адам соған балама болатын нақты ұсынысын да ұсына білуі қажет. Бұл – нағыз мемлекетшіл ұстаным. Сондықтан жаңа Құрылтайдың мүшелері кез келген мәселені жан-жақты талдап, оның себеп-салдарын түсініп, сын айтумен қатар тиімді шешім ұсына алатын деңгейдегі тұлғалар болуы керек. Ең басты талап – кәсібилік, мемлекетшілдік және шешім қабылдай алу қабілеті. Олардың қай мамандықтың өкілі екені екінші кезектегі мәселе. Ең маңыздысы – әр салада жоғары біліктілігі дәлелденген, тәжірибесі бар және ел мүддесін жеке мүддеден жоғары қоятын азамат­тардың Құрылтай құрамына енуі. Сонда ғана Құрылтай қоғамның сеніміне ие болып, мемлекет дамуына нақты үлес қоса алады.

Абзал Құспан
Фото: ашық дереккөз

– Парламент­тегі үш жылда маңызды бастамаларымен есте қалмаған, қоғамның сенімін ақтай алмаған, елдің мәселесін көтерудің орнына сын мен әжуаның нысанына айналған депутат­тарды да көрдіңіз. Жалпы, заң шығару ісіне дайын емес немесе халықтың мәселесін жете түсінбейтін адамдардың депутат болуы қаншалықты қауіпті?

– Менің ойымша, бұл сұрақтың жауабы алдыңғы пікірімде де қамтылды. Заң шығару органы – кез­дейсоқ адамдар жиналатын орын емес. Ол жерде мемлекет тағдырына, қоғамның болашағына әсер ететін шешімдер қабылданады. Сондықтан заңды терең білмейтін, халықтың шынайы мәселелерінен бейхабар немесе тек сын айтып, нақты нәтиже көрсете алмайтын адамдардың заң шығару органында болуы дұрыс емес. Әрбір депутат қабылданған заң мен оның қоғамға тигізетін салдары үшін жауап­кершілікті толық сезінуі тиіс.

Парламент те, Құрылтай да – ең алдымен жауапкершілік институты. Онда өз саласын жетік меңгерген, өмірлік және кәсіби тәжірибесі жеткілікті, мемлекет­тік деңгейде ойлай алатын, қабылдаған шешімі үшін жауап бере алатын азамат­тар қызмет етуі керек. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Өйткені заң шығару саласы – азамат­тардың күнделікті өмірінің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан заң шығарушы органның әрбір мүшесіне қойылатын басты талап – кәсібилік, жауапкершілік және халық алдындағы адалдық болуы тиіс.

Сұхбат­тасқан
Динара Мыңжасарқызы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз