АЭС дауы: Көнсең де – осы, көнбесең де – осы
Алматы облысы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі жөнінде жария талқылау өтті.
Мақсаты — жергілікті тұрғындардың АЭС салуға көзқарасын анықтау және талқылау. Жиынға ауыл тұрғындары мен жергілікті билік, әр өңірден келген белсенділер мен экологтар, физиктер қатысты. Алматыдан 370 шақырым жерде орналасқан ауылға арнайы барған БАҚ өкілдерінің де қарасы көп.
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту керек дегелі АЭС-тің қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, АЭС салуға ең қолайлы жер ретінде осы Үлкен ауылы таңдалған. Ауыл мектебіндегі жиын басталмай жатып-ақ дау-дамай туындады. Ашық талқылауға келгендердің ешбірі бұл мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті. Осы орайда халықтың пікірі екіге бөлініп, талқылау үш сағатқа созылды.
Бара салғанда «Жер анамызды уланудан сақтаймыз!», «АЭС салдыруға жол жоқ!», «Ата-ана елі АЭС-тен азат!» деп жазылған плакаттар ұстап тұрған белсенділерді көрдік. Жиын өтетін үлкен залға кірмей тұрып жария талқылау басталып кеткендей көрінді. Өйткені жан-жақтың бәрінде жанайқайын айтып жатқан жұрт. Ақыры жиылып, залға орныққан халыққа жария талқылау мен қоғамдық тыңдалымның айырмашылығын түсіндірген «Алматы электр станциялары» компаниясының өкілі Бақдәулет Өстенов сөзді Жамбыл ауданының әкіміне берді. Нұрлан Ертасов аузын ашқаны сол еді, «Халық қарсы» деп ұрандатқан ел орынан тұрып кетті. Алдымен «қазақша сөйле» деп талап қойған халыққа амалсыз келіскендей болған ол:
«Біздің әр кездесуіміз осылай басталады. Десек те, бүгін мен АЭС-тің қауіпсіз әрі ауданымыз үшін маңызды екенін қайталап айтқым келеді. АЭС салу инвестицияның артуына, жұмыс орындарының көбеюіне, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейінің артуына оң әсер етеді. Қазіргі таңда Жамбыл ауданында электр энергиясының тапшылығына байланысты құны 200 млрд теңгеден астам жобалар тоқтап тұр», – деді.
Ал «қауіпсіз» деген сөзге қарсы сұрақ жаудырған халыққа «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС директоры Тимур Жантикин жауап бергендей болды. Он минут сөйлегенде бар айтқаны –станция үстіне ұшақ құласа да міз бақпайды дейтін жаттанды аргумент. Одан соң энергетика министрілігінің атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Мурсалова:
— Болашақта Қазақстанда электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін АЭС салуды жоспарлап отырмыз. «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан республикасы заңының 12-бабына сәйкес, ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді үкімет қабылдайды. Әрі заң бойынша АЭС салу жоспарланып отырған жердің жергілікті мәслихатының келісімі сұралады. Осы орайда, 2022 жылғы қарашада Алматы облысы мәслихатының кезекті сессиясында аудан тұрғындарын қолдау шартымен құрылысқа келісім беру туралы шешім қабылданған болатын. Ал бүгін жергілікті халықтың пікірі тыңдалады», – деді.
Одан соң республикалық ядролық физика институтының басшысы Саябек Қуанышбекұлы атом электр станциясының тиімділігі мен қажеттілігі туралы ғылыми көзқарастарды баяндады. Бірақ халық мінберден сөйлеп тұрғандардың бірқырлы да, бір сарынды сөздеріне көңілі толмай, АЭС пен радиацияның зияны неге айтылмайды деп ашынды.
— Мына алдымызда сөйлеген мамандардың айтқаны өздеріне дұрыс. Бірақ біз оны қабылдай алмаймыз. Себебі олар мәселеге тек бір қырынан ғана қарап отыр. Бәріміз апат бола ма деп қорқамыз. Ал мұндай тәуекелді тұсты мамандарымыз неге айтпайды? АЭС Ресей технологиясымен салынбақ. Французды тіркеп қойсын, басқаны тіркеп қойсын, бәрі жалған. Өйткені біздің елде АЭС салу Путиннің ұсынысы. Оны бізге Ресей салғысы келіп отыр. Егер Балқашта АЭС салып, онда апат болатын болса, ең алдымен үлкендіктер уланып, өртенеді. Қырық жыл Семей полигонының қырғынын басынан кешірген қазақ енді ондай апаттың қайталануына жол бермейді. Сол үшін бұл мәселені референдумға шығаруды сұраймыз. АЭС жайын жергілікті ауыл тұрғындары ғана емес, бүкіл халық боп шешуіміз керек, – деді қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы.
Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, эколог Светлана Могелюк АЭС-тің тұрғындар мен адамдардың денсаулығына зиянын айтты.
— Радиоактивті толқындар денсаулыққа қауіпті емес деген нәрсе шындыққа жанаспайды. Көптеген зерттеулер мұның зияндығын дәлелдеп отыр. АЭС маңында тұратын балалардың лейкемияға шалдығу ықтималдылығы жоғары, ал өлім қаупі 24 пайызға артады. Бұл зерттеу нәтижесі. Ашық тыңдалым деген аты ғана, шын сарапшыларға сөз сөйлеуге мүмкіндік бермей жатыр. АЭС-ке балама ретінде басқа энергия көздерін салуға болады. Оған қоса қазір бұл тәсіл бәсекеге қабілетті энергия көзі болып саналмайды. Әрі бүгінгі таңда әлем елдерінде баламалы энергия көздерінің даму қарқыны жоғары. Ал АЭС қымбат. Екіншіден, өте зиян. Үшіншіден, көп уақытты талап етеді. Оған қарағанда гибридті күн мен жел станцияларын одан арзан қаражатқа 3-ақ жылда салуға болады. Осыдан кейін сұрақ туындайды, басты мақсатымыз елді энергиямен қамтамасыз ету ме, әлде жәй ғана АЭС салу ма? Бізге өте қымбат, аса қауіпті және көп уақытты талап ететін энергия соншалықты керек пе? – дейді эколог.
Ал «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізовтің сөзінше АЭС-тің жұмысы онсыз да жылдан-жылға тартылып жатқан Балқаштағы ахуалдың одан сайын ушығуына әкеледі.
Иә, бұл негізінен елге белгілі, белгісізі бар – белсенді азаматтардың пікірі. АЭС құрылысын қолдап отырған ауыл тұрғындары да бар. Мәселен, осы ауылдың тумасы Балжан Ерболқызы: «2022 жылы АЭС салынады деген күннен бастап бәрінен хабардармын. Экологияға зиянын білемін, бірақ Үлкен ауылы мен Жамбыл ауданына, бюджетке, елімізге пайдасын да ескеру керек. Сондықтан АЭС құрылысын қолдаймын», десе, тағы бір ауыл тұрғыны Руслан Хурахов: «Мен осы ауылда 3 жылдан бері тұрамын. Үлкендегі көп үйлер қаңырап бос тұр. АЭС салынса, қала тіріліп, жаңа жұмыс орындары көбейеді. Жастардың да, тұрғындардың да жағдайы жақсарады», – дейді.
Бұл пікірге қарсылық айтқан қоғам белсендісі Жібек Аминова болса «Тұрғындар АЭС салу арқылы ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, өмір сапасын арттырғысы келеді. Бұл түсінікті де, себебі Үлкенде жарықты уақытпен береді, байланыс өте нашар, жол жоқ. Аурухана, балабақша сынды қажеттіліктер де қысатыны сөзсіз. Бірақ халықта әрдайым таңдау бар. Олар басқа жерге көше алады. Бірақ қазіргі жайлылықты ойлап, болашақ ұрпақтың тыныштығын құрбан ете алмаймыз. Үлкенде туған адам осында туғаны үшін ғана АЭС сынды стратегиялық маңызы бар мәселеге «менің жерім, мен рұқсат беремін» дей алмайды. Бұл бүкіл халыққа қатысты нәрсе. Және АҚШ-та – 98, Францияда – 78, Қытайда – 49 энергоблок бар дегенді неге айта беретінін түсінбейміз. Ол елдер мен Қазақстанның технологиялық мүмкіндіктерін салыстыру мүлде орынсыз», – деп пікір білдірді.
Ал «АЭС салдыруға жол жоқ» деген плакат ұстаған зейнеткер Нұржамал Құсайынова халықтың наразылығы ескерілетініне күмәнмен қарайтынын жеткізді.
Расымен, қарияның күдігі бекер болмапты. Аяқсыз қалып, қорытынды сөзсіз біткен талқылаудан шығып, Үлкеннен Алматыға жеткенде көрдік, Энергетика министрлігі «халық келісті» деген ақпаратын таратып үлгеріпті. «2023 жылғы 22 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. Талқылауларда жергілікті халық аймақтағы атом энергетикасының дамуын қолдады, сонымен қатар оның өз аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жоғары маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар жобаның жұмыспен қамтуға, инфрақұрылымға және экономиканың дамуына әсерін талқылады» делінген министрлік хабарламасында.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің «Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданса, халық пікірі ескеріледі» дегені осы екен ғой. Келіссең де келістің, келіспесең де келістің. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де АЭС салу туралы ашық талқылау өтеді дегендерін қайтейік, қолдағанды естіп, қарсы шыққандарға келгенде саңырау болып қалатын болса...
Алматы-Үлкен-Алматы