Air India әуе апаты: Ахмедабадтағы трагедияда 30 адамның мәйіті табылды

Air India әуе компаниясына тиесілі, Лондонға бағыт алған жолаушылар ұшағы Ахмедабад қаласындағы әуежай маңындағы тұрғын ауданға құлады.
Жергілікті телеарналардың хабарлауынша, ұшақ ұшып көтеріле алмай, апатқа ұшыраған. Air India әуе компаниясының Лондонға бағыт алған Boeing 787 Dreamliner ұшағы бортында 244 адам болған, оның ішінде 12 экипаж мүшесі бар.
Ұшақ Ахмедабад қаласында ұшқаннан кейін 5 минут өткен соң тұрғын үй орналасқан ауданға құлаған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда әуежай маңында қою түтіннің көкке көтеріліп жатқаны байқалады. Сонымен қатар, зардап шеккен адамдарды зембілмен тасып, жедел жәрдем көлігімен алып бара жатқан кадрлар жарияланған.
Ғимарат үйінділерінің астынан кемінде 30 адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Reuters агенттігі төтенше жағдайлар қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады. Құтқарушылардың айтуынша, үйінділер астында әлі де адамдар қалуы мүмкін.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди бұл қайғылы оқиғаны «жүректі ауыртатын трагедия» деп атады. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 242 адам мінген ұшақ апаты туралы жаңалықтарды «қайғылы әрі жантүршігерлік» деп сипаттады. Ұшақ Лондонға бет алған, ал жолаушылардың басым бөлігі — британдық азаматтар болған.
Air India компаниясы ұшақпен байланысты «қайғылы оқиғаны» растады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, апатқа ұшыраған ұшақ бортында 169 Үндістан азаматы, 53 британдық, 7 португалиялық және 1 Канада азаматы болған. Жолаушылардың арасында 11 бала бар.
Жергілікті полиция Үндістанда, ұшақ апатынан ешкім аман қалмағанын жеткізді.
Boeing 787 Dreamliner — екі қозғалтқышты, кең фюзеляжды жолаушылар ұшағы. Бұл — аталған модельдің тарихындағы алғашқы ірі апат.