Әкімдеріміз LRT-ға жерік пе?!
Қазақтың бас қаласындағы LRT-ның шуынан қорқып қалған халыққа LRT десе жемқорлық елестейтін болған.
Сондықтан шенділер қанша жерден «халыққа қажетті жоба» дегенмен халық LRT-дан азар да безер қашып отыр. Бүгінде бас қаладағы жемқорлыққа қойылған ескерткіштей көкке қол жайып тұрған LRT-ның бағандарын алып тастаудың өзі қыруар миллиард болатын түрі бар. Жобаны жалғастырайын десе тағы біраз миллиардтарды жұтайын деп отыр. Бірақ бюджеттің қаржысын оңды-солды шашып үйреніп қалған шенеуніктер ештеңеден тайсалар емес. Нұр-Сұлтан аздай, енді басқа қалалардан LRT тұрғызуды ниет етуде. Біресе Шымкенттің әкімі «Шымкентке LRT керек» десе, енді бірде Алматы қаласының әкімі «Алматыға LRT керек» деп шығады. Ал бас қаланың LRT-ны не бұзып, не салып құтыла алмай отырған халық LRT-ға наразылық танытып отыр.
Осы орайда айта кетер жайт, биылғы жылдың басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «LRT құрылысы инфрақұрылымдық жобадан елдің беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қыруар ақша жұмсалды, қарыз алынды, шетелдік серіктестерге ауқымды келісімшарт кепілдіктері берілді. Бұл басынан-ақ қате жоба болғанын бәріміз білеміз. Жобадан жемқорлықтың иісі аңқып тұр. Енді дұрыс шешім қабылдау керек, оны бұза салу ақша мен уақыттың зая кеткенін білдіреді», – деген болатын. Бірақ мемлекет басшысының сөзін қала әкімдері елер емес.
Нұр Сұлтан қаласындағы LRT-дан құтыла алмай отырғанда жақында Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов қаланың бас жоспарына cәйкес, LRT (жеңіл рельсті көлік жүйесі) және BRT (Bus Rapid Transit – жүрдек автобус көлігі) құрылысы бойынша сызбалар дайындалып жатқанын айтты. Әйтеновтен қалмайын деді ме Алматының әкімі Ерболат Досаев та жақында «Менің ойымша, Алматыға LRT керек. Қалада, өздеріңіз білетіндей, Төле би көшесінің бойында бұрын трамвай жолдары болған еді. Оны дамытуға мүмкіндіктер бар. Бұған дейін қоғамдық кеңесте мен LRT-ға қатысты шешімді қазан айына дейін қабылдаймыз деп айтқанмын. LRT бойынша Алматыда екі-үш жоба дайындалған. Қазіргі таңда олардың бағасына және әкімдіктің мүмкіншіліктеріне қараймыз», – деді.
Демек мемлекет басшысының жыл басындағы ескертуі де, Нұр Сұлтандағы қыруар қаржыны жұтқан жобадан да әкімдеріміз қорытынды шығармаған.
Осы орайда атап өтер жайт, LRT жобасын қалай болғанда да аяқтау керек деп Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов «тағы 577 миллион доллар қажет» екенін айтуда.«Біз жобаны оңтайландыруға көштік. Бастапқы жоба бойынша 18 станция қарастырылған, біз әуежайдан бастап, Қабанбайға бұрылғанша 8 станция салуды ұсынып отырмыз. Сондықтан бұл желінің жүктемесі жоғары болады. Жылжымалы құрамды да қысқарттық, бастапқыда 19 құрам болған, әзірге тек 5-еуін қалдырдық» – деген қала әкімі ықшамдаудың арқасында, жобаның бюджеті екі есеге дейін қысқарғанын мәлімдеді. Дегенмен құрылысты аяқтау үшін сұрап отырған 577 миллион доллардың өзі аз ақша емес. Жобаны мүлдем тоқтату дұрыс емес деген ұстанымдағы қала әкімі «әрқайсысының салмағы 200-220 тонна. Есептесек, толығымен бұзып, алаңды тазарту үшін 20 миллиард теңге қажет. Бірақ жұмсалған бюджет қаржысын есептей келе, мұның тиімсіз екені белгілі болды. Оның үстіне біз қаржыны қарызға алғанбыз, қазір қарызды бюджет есебінен төлеп отырмыз», – дейді. Алтай Көлгіновтің айтуына қарағанда, LRT құрылысын жүргізген кезде келісімшарт АҚШ долларымен жасалған. Әу баста жобаға 1,8 млрд теңге бөлінетіні жоспарланған. Келісімшарт жасалғаннан кейін Қазақстан тарапы Қытайдың Даму банкінен 20 жылға 4,9 пайызбен 470 млн АҚШ доллары көлемінде қарызға ақша алған.
«Біз осы қарыздан бас тартып, ішкі қарызға ауыстық. Біздің банктерге. 3,25 пайызбен. Яғни 4,9 пайыздан едәуір төмен. Сол бойынша жыл сайын күзде және көктемде екі траншпен бюджет есебінен пайызын қосып, төлеп жатырмыз. Қарыз берілуі керек. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін республикалық бюджеттен Қытай концорциумына – біздің серіктестерге аванс ретінде 377 млн АҚШ доллары бөлінген. 470 млн АҚШ долларына қоса. Ал дәл қазір орындалған жұмысқа байланысты 116 млн АҚШ доллар қарызбыз. 198 баған бойынша 200 млн АҚШ долларындай кетіп қалды. Яғни 1 млрд АҚШ доллары кетті де, жоба аяқталмай қалды», – деген Алтай КөлгіновLRT бойынша қарызды әлі 5 жыл төлейтінін айтып отыр. Нақтырақ айтсақ, «біз қазір LRT құрылысына алған қарызды қайтарып жатырмыз. Осы уақытқа дейін бұл жобаға шамамен 1 миллиард доллар жұмсалды. Сондықтан кері қайтатын жол жоқ. Енді LRT-ны аяқтау үшін тағы 577 миллион доллар қажет», — деді қала әкімі.
Астанада LRT құрылысы 2016 жылы басталған болатын. Бастапқы жоспар бойынша, құрылыс жұмыстары 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталып, 2020 жылы жазда пайдалануға берілуі тиіс еді. Межелі мерзімде бітпек түгілі әлі миллиардтарды жұтып жатыр. Жоғарыда айтқан қаржымен бітіп кетсе де ештеңе емес еді, енді екі жылдан соң тағы бір екі шендіні түрмеге қамап, LRT-ны жамандап, тағы бюджеттен қол жайып миллиардтар сұрап отырмасақ болғаны. Өйткені жемқорлық жайлаған қоғамда еш шендінің «апитетіне» сенім қалмады.
Блогер Дәулет Мұқаев «Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысына бюджеттен 270 миллиард теңге бөлінбек. Тіпті бұл бөлінетін ақша аз екен. Соның салдарынан қалада 8-ақ станция салынбақ. Негізі бұл ақшаға 20000 отбасыны «Бақытты отбасы» аясында 2% ипотекамен үйлі етуге болар еді.Немесе дәл сол сомаға 100 мектеп (300.000 бала білім алар еді), 60-70 спорттық нысан, (стадиондар), 150 балабақша, іші толығымен мықты медициналық аппараттармен жабдықталған заманауи 40 медициналық аурухана салуға болар еді. Осылай небір мысалдар келтіре беруге болады. Эх, сіз бен біздің есепсіз кетіп жатқан ақшамыз-ай. 1045 басшы әу баста қол қоярда, шешім шығарарда не ойлады екен? Ең сорақысы, осы кезге дейін LRT-ға бөлінген миллиардтарды жемқорлар жоқ қылды. Енді осы 270 миллиард қолды болмайтына кім кепіл?» дейді. Расында да ешкім кепілдік бермейді.
Мемлекет басшысының «қымбат құрылыстарды қоя тұрайық» дегеніне де қарамастан, әкімдеріміз миллиардтар шашылатын осындай қымбат жобаларға әуес. Дәл қазір халыққа керегі LRT ма, жалпы?! Одан гөрі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретін зауыттар, кәсіпорындар неге ашпасқа?! Әлде көп ақша жүрген жерде жеп қалу оңай ма?! Соны көргесін бе, әйтеуір барлық әкімдеріміз LRT-ға ынтық болып алды. Бәрінің LRT салғысы келеді, бәрі миллиардтарды жұтатын жобаның айналасында болғысы келеді. Ал дәл қазір халыққа керегі LRT емес?! Онымен санасып жатқан шенді жоқ...