Әкімдік пен мектептің арасы: Мұғалім қайтадан «массовкаға» айналуы мүмкін
Жақында білім бөлімін қайтадан әкімдіктерге бағындыру бастамасы көтерілді. Бұған қатысы заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Алайда педагогтер аудандық білім бөлімін қайтадан әкімдіктерге бағындыру бастамасына қарсы. Тіпті олар петиция жариялап, президентке де жүгініп үлгерді.
Таз кепешті қайта кию...
22 сәуірде Мәжілісте «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін түзету жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың сыртқы атауы жергілікті биліктің өкілетін кеңейту, мәслихаттардың рөлін арттыру, өңірлердің қаржылық дербестігін күшейту секілді жалпы әкімшілік реформаны меңзейді. Алайда осы заң жобасының ішінде білім саласына тікелей қатысты, қоғамда үлкен дау тудырған бір норма бар. Ол – білім беру шығындарын облыстық деңгейден қайтадан аудандық деңгейге түсіру, яғни мектептерді басқаруда аудан әкімдіктерінің ықпалын күшейту мәселесі.Мәжілістегі талқылау кезінде депутат Н.Сабильянов аудандық бюджеттен мектеп салуға қаражат бөлінбейтінін үлкен мәселе етіп айтса, әріптесі Мұрат Әбенов оны қолдап, мұғалімдер мемлекеттік шараларға, референдумға қатысуы керек екенін алға тартты. Алайда «30 жыл бойы аудан әкімдігіне бағынып, «массовкада» болған мұғалімді қайтадан сол кейіпке түсіреміз бе?» деген бұрын білім министрі, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы шықты.
Депутаттардың дауы бір қарағанда, тек бюджеттің қай деңгейден бөлінетіні туралы техникалық мәселе сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде әңгіме мектептің кімге бағынышты болатыны, мұғалімнің кәсіби еркіндігі қаншалық сақталатыны, директордың білім сапасына жауапты тұлға болып қала ма, әлде аудан әкімінің тапсырмасын орындаушы шаруашылық меңгерушісіне айнала ма деген әлдеқайда маңызды сұраққа тіреліп отыр.
Бірнеше мұғаліммен сөйлесіп мынаны ұқтық: Қазақстандағы мектептер ұзақ жылдар бойы аудандық және қалалық әкімдіктердің ықпалында болды. Білім бөлімі жергілікті атқарушы билікке қарады. Мектеп директоры да, мұғалім де аудан әкімдігімен, аудандық білім бөлімімен, жергілікті саяси-әкімшілік жүйемен тығыз байланыста жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мұның бір артықшылығы бар сияқты көрінетін. Себебі әкімдік мектептің шатыры тесілсе, жылуы тоқтаса, көмірі жетпесе, жөндеу қажет болса, мәселені жергілікті жерде тезірек шешеді. Қағаз жүзінде бұл қисынды. Бірақ тәжірибе басқа нәрсені көрсетті. Әкімдікке бағынышты мектеп тек білім мекемесі болып қалған жоқ. Ол ауданның кез келген науқанына жұмылдырылатын дайын ресурсқа айналды. Сайлау науқаны ма, халық санағы ма, сенбілік пе, көше тазалау ма, мерекелік іс-шара ма, зал толтыру ма, шенеуніктің есебіне адам жинау ма – мұның бәрінің соңында мұғалім жүрді. Сабақ беруге тиіс ұстаз кейде үгітшіге, кейде ұйымдастырушыға, кейде статистке, кейде залдағы «массовкаға» айналды.
Ұстаздың кәсіби міндеті – бала оқыту, білім беру, тәрбие жүргізу. Бірақ әкімшілік жүйе оны көбіне «қолда тұрған, бас изегіш әрі ұйымдасқан адам ресурсы» ретінде пайдаланды. Мұғалімнің қарсы шығуға мүмкіндігі аз болды. Себебі оның мектебі әкімдікке тәуелді, директоры әкімдікке тәуелді, директор арқылы өзі де сол жүйеге тәуелді еді. Егер мектеп әкімдікке толық тәуелді болса, онда мұғалімнің кәсіби еркіндігі қағазда ғана қалады. Ол оқушының білім сапасына емес, жоғарыдан түскен тапсырманы орындауға көбірек алаңдайды. Директор да мектептің стратегиялық дамуын ойлайтын академиялық менеджер емес, аудандық аппараттың тапсырмасын орындаушы қызметкерге айналады.

2021 жылғы өзгеріс не үшін жасалды?
2021 жылдан бастап білім саласында басқару вертикалін өзгерту басталды. Аудандық білім бөлімдері толық жойылып кеткен жоқ, бірақ олардың бағыну тәртібі өзгерді. Мектептер мен білім бөлімдері аудан әкімдерінің тікелей ықпалынан шығарылып, облыстық білім басқармаларына қарайтын жүйе қалыптасты. Бұл реформаның негізгі мақсаты – білім саласын жергілікті шаруашылық және саяси қысымнан белгілі бір деңгейде алыстату еді. Яғни мемлекет бір маңызды қағиданы мойындағандай болды: мектеп аудан әкімдігінің күнделікті шаруашылық құралы емес, ұлттық білім саясатының бөлігі болуы керек. Бала қай ауданда тұрса да, бірдей стандартпен білім алуы тиіс. Мұғалім қай ауылда сабақ берсе де, оның мәртебесі әкімнің көңіл күйіне, аудандық аппараттың тапсырмасына тәуелді болмауы керек.
Аймағамбетовтің айтуынша, 2021 жылғы реформа облыстық білім вертикалін сүзгіден өткізіп, ондаған жыл бойы жиналған мәселелердің бетін ашты. Жемқорлық схемалары, қаржының мақсатсыз жұмсалуы, мектеп директорларын тағайындаудағы таныстық, әкімшілік ықпал, сапасыз жөндеу, формалды есеп беру – мұның бәрі білім саласының тамырына кеткен ескі аурулар еді. Облыстық деңгейге шығару сол жүйені бірден мінсіз қылып жібермегені анық. Бірақ кем дегенде мектепті аудан әкімінің күнделікті саяси-шаруашылық тапсырмасынан бір қадам алыстатты.
Ең маңызды өзгерістің бірі – мұғалім мәртебесіне қатысты болды. Педагог мәртебесі туралы заң қабылданып, мұғалімді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тартуға тыйым салынды. Қағаз жүзінде ғана емес, қоғамдық санада да «мұғалім – бәріне жегілетін тегін ресурс емес» деген түсінік орныға бастады. Әрине, бұл қағида барлық жерде бірдей орындалды деу қиын. Бірақ бұрынғыдай мұғалімді кез келген әкімшілік шараға еш түсіндірмесіз айдап апару оңай болмай қалды. Сол себепті қазіргі дау тек бюджеттің ауданға не облысқа қарауына ғана емес, 2021 жылдан кейін әрең қалыптаса бастаған жаңа кәсіби мәдениетті сақтап қалу-қалмау мәселесі де болуы мүмкін.
Заң жобасын қолдаушылардың уәжі түсінікті. Олардың айтуынша, мектептің күнделікті мәселесі жергілікті жерде шешілуі керек. Жөндеу, жылу, жарық, су, санитария, жабдықтау, құрылыс, инфрақұрылым – мұның бәрі аудан әкімдігіне жақын. Облыстық басқарма алыста отырса, қағаз айналымы көбейеді, мәселе созылады, мектеп директоры бір есіктен екінші есікке жүгіреді. Сондықтан білім шығындарын аудандық деңгейге беру арқылы жеделдік артады деген пікір бар. Бұл уәжді толық жоққа шығаруға болмайды. Расында да, мектептің шатыры тесілсе, оны облыс орталығынан қарап отыру тиімсіз. Ауыл мектебінің қазандығы істен шықса, аудан әкімдігі араласпай мәселе шешілмейді. Жол, су, жылу, жөндеу секілді шаруашылық міндеттердің жергілікті деңгейде болғаны қисынды.
Бірақ дау осы жерде басталады. Инфрақұрылымды әкімдікке беру мен мектептің өзін әкімдікке тәуелді ету – екі бөлек нәрсе. Аймағамбетов гибридті модель ұсынып, осы айырманы сақтау қажеттігін алға тартады. Сондықтан шаруашылық мәселелер – аудан әкімдігінің жауапкершілігінде, ал білім мазмұны, кадр саясаты, директор тағайындау, аттестаттау, әдістеме, оқу бағдарламасы, педагогтің кәсіби мәртебесі облыстық немесе орталықтандырылған кәсіби вертикальда қалуы керек.

Айман САҒИДОЛЛА, педагог: Құл мұғалім – құл баланы ғана тәрбиелейді
– Депутаттар қазір «мұғалімдер сенбілікке шығуы керек, референдумда да, сайлауда да, басқа іс-шараларда жүруі керек» дейді. Мен депутаттардың бұл сөзіне таңғалып отырмын. Себебі депутаттар осы заңдардың барлығын өздері қабылдады. Ал білім туралы, педагог мәртебесі туралы заңда «мұғалімнің міндеті бала оқыту және педагогтерді міндетінен тыс жұмыстарға тартуға жол берілмейді» деп жазылған. Алайда осы заңды бекітуге қатысып отырған кейбір депутаттар «мұғалімдер сенбілікке, референдумға қатысу керек» дейді. Сонда олар өздері шығарған заңды өздері білмей ме?! Мұндай депутаттардың Парламентте отырғаны қаншалықты дұрыс? Заңды білмейтін, соған қарама-қарсы іс-әрекет жасайтын депутаттардың отырғаны қауіпті емес пе?
Екінші мәселені 2015 жылдан бері белсенді мұғалімдер шырылдап көтеріп келе жатыр. Бізді талай сенбілікке апарды, зорлықпен газетке жаздырды, үйлер мен көшелерді араладық, адамдардың малы мен қанша ағаш егетініне дейін санадық. Бір сөзбен айтқанда, әкімдіктің жұмысын істедік. Біз әскерге баратын балалардың қағазын тараттық. Мұның бәрі мектептердің әкімдікке бағынғаны үшін жасалды. 9 мамыр келсе, әкімдік берген киімді киіп, жүк көліктерінің үстінде солар не айтса, соны істеп жүрдік. Шындығында, біз қуыршақ болдық.
Кезінде «Жас Алашқа» «Мұғалім мемлекеттің құлы емес» деп мақала жаздым. 11 жылдан бері осы дүниелермен күресіп келе жатырмыз. Енді 11 жылдық еңбегіміз зая кеткелі тұр. Біз 11 жыл бойы мұғалімдерді қолжаулық қылудан сақтау үшін күрестік, денсаулықтан айырылдық. Кейбір депутаттар біздің еңбегімізді аяққа таптамақ.
Жарайды, 15 жылда зейнетке кетермін. Бірақ ізімізді жастар басып келе жатыр ғой. Немерелерім, шөберелерім бізден кейінгі мұғалімдерден білім алады. Шындығында ұрпағымызға құл мұғалім қажет емес. Құл мұғалім – құл баланы ғана тәрбиелейді. Біздің басымыздан өткен дүниені бізден кейінгі ұрпақтың басынан өткенін қаламаймын. Сол үшін күрестік, тартыстық. Депутаттар алдымен заңдарды оқығаны дұрыс, себебі олар заң білмегендіктен осы әңгімені айтып отыр. Жарайды, білім бөлімін ауданға қайтарар, депутат Әбенов айтып отырған мұғалімдерді сенбілікке, референдумға қатыстыруды олар бекіте алмайды. Бекіту үшін заңдарды қайтадан жазуы қажет. Заңдағы мұғалімнің міндеті деген жерге «сайлауға қатысу, сенбілік жасау, т.б» деп кіргізу керек. Кіргізе алмаса, М.Әбеновтің айтқаны бос сөз. Өкінішке қарай, бізді әкімдікке беру арқылы соның бәрін олар қайта жасайын деп отыр. Әкімдікке мектепті беру – мұғалім қайтадан құл қамытын кию деген сөз!
«Аудан әкімі мектеп директорын сабап жатқанын да көргенбіз...»
Мұғалімдер бұрынғы жүйені көрді. Әкімдікке тәуелді мектеп қандай болатынын біледі. Сондықтан «ауданға қайтару» деген сөз олардың құлағына «ескі тәртіпке оралу» болып естіледі. Бірінші қауіп – мұғалімді кәсібіне қатысы жоқ жұмысқа қайта тарту. Сенбілік, көше тазалау, сайлау науқаны, халық санағы, түрлі жиын, форум, мерекелік шара, зал толтыру – мұның бәрі қайта айналып келуі мүмкін. Заңда тыйым бар деуге болады. Бірақ мектептің бюджеті, директоры, күнделікті мәселесі аудан әкімдігіне қарап тұрса, мұғалімнің «жоқ» деуі қаншалық мүмкін? Қағаздағы құқық пен өмірдегі тәуелділік екі бөлек.
Екінші қауіп – кадрлық тәуелділік. Егер аудан әкімдігінің ықпалы күшейсе, мектеп директорының тағайындалуы да жергілікті саяси ортаға тәуелді болып кетуі мүмкін. Бұл жерде кәсібилік емес, таныстық, жақындық, «ыңғайлы адам» қағидасы алға шығу қаупі бар. Мұндай жағдайда директор мектептің мүддесін емес, өзін тағайындаған жүйенің көңілін табуға мәжбүр болады.
Үшінші қауіп – өңірлер арасындағы теңсіздік. Бай аудан мен дотациялық ауданның мүмкіндігі бірдей емес. Егер білімнің қаржылық және басқарушылық салмағы ауданға түссе, онда мектеп сапасы баланың қай жерде туғанына көбірек тәуелді болып кетуі мүмкін. Қаржысы мол аудан білім ғимаратын жөндейді, кабинет жабдықтайды, мұғалімге жағдай жасайды. Ал әлсіз аудан мектепті ең соңғы кезекке ысырып қоюы мүмкін. Бұл – бірыңғай білім кеңістігіне сызат түсіретін қауіпті үрдіс.

Ардагер ұстаз, Оқу-ағарту министрлігі жанынан құрылған қоғамдық кеңестің мүшесі Өмір Шыныбекұлы 2019 жылдан бері педагог мәртебесін көтеріп жүрген еңбегіміз зая кетуі мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, әкімдердің көздегені статистика болып есептелетін мұғалімдер ғана емес, оларға бөлінетін қаржы да болуы мүмкін.
«Мен тек мұғалімдердің жайын ғана ойлап тұрған жоқпын. Мұны Президенттің бастамаларына саботаж ба деген қаупім бар. Себебі 2019 жылдан бері Педагог мәртебесі заңы қабылданғаннан бері мұғалімдер жалақысы екі рет өсті. Бағдармалар арқылы керемет мектептер салынып жатыр. Орталық Азияда бірінші рет біз мұғалім мәртебесін жасадық.
Өзбекстанда аудан әкімі мақта жоспарын орындамаған мұғалімді сабап жатқан видеосын көрдік. 2019 жылдан кейін басқа елдер де мұғалім мәртебесін ойлай бастады. Біз сол уақыттан бері мұғалім мәртебесі бойынша Орталық Азияда лидер едік. Енді мұғалім мәртебесін аудан әкімдігіне қайтарсақ не болады? Не болушы еді, басқаларға күлкі боламыз! Себебі әкім ішінде де түрлі әкім бар. Әкімдерді білесіз, «телефонный права» дегені бар. «Звондай сал да, ана жерге он мұғалім, мына жерге бес мұғалім жібер» дейді. Өтпей жатқан газеттерге жаздыру, бұдан бөлек небір газет ашып алғандар бопсалайды, олар брошюркаларын тыққыштап жүреді. Одан кейін ауданға әнші кеп қалса, билетін мұғалімге өткізеді. Мұның бәрі басымыздан өтті. Соған қайтып барайын деп жатырмыз», – дейді ардагер ұстаз.
Министр неге үнсіз?
Осы даудың ең түсініксіз тұсы – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үнсіздігі. Бұл мәселе – тікелей министрліктің саяси жауапкершілігіне кіретін тақырып. Себебі әңгіме мектептің басқару жүйесі, мұғалімнің мәртебесі, білім сапасының кепілдігі туралы болып отыр. Мұндай кезде министрлік шетте бақылаушы болып отырмауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл норманы қолдай ма? Қолдаса, неге педагогтерге оның қауіпсіз екенін түсіндірмейді? Қолдамаса, неге Мәжіліс мінберінен немесе ресми мәлімдеме арқылы өз ұстанымын ашық айтпайды? Министрлік мұғалімдер петициясы туралы біле ме? Аймағамбетов көтерген қауіптерге қандай жауап береді? 2021 жылдан бері қалыптасқан кәсіби вертикальдың тағдыры не болмақ? «Жас Алаш» бұған қатысты сауалдарын министрлікке жолдаған еді, алайда ешқандай жауап ала алмады.
Тұрсынбек БАШАР