Сараптама

Мұрат Әбенов. «ШАЛА МОЛДА»

Үлкендер жақсы біледі ғой, баяғыда ақсақалдардың алдынан жүгіріп шығып амандассаң, «Молда бол, балам!» деп бата беретін. Бірақ бұл жердегі молданың имам емес екенін жұрттың бәрі түсінетін. Өйткені молдадан қара таныған буын ұстаз атаулының баршасын молданың қатарына қосты.

Мұрат Әбенов

 Біздің кейіпкеріміз де жас күнінде «батаны көп» алған ба, әйтеуір, еңбек жолын мұғалім болып бастаған. Алайда Мұрат Әбеновтің «молдалығы» бірер жылдан аспады. Мұның бір жақсы жері, бүгінгі депутаттың сауатына күмән көп. Қарапайым қаріптің өзін қате пайдаланатын адам он жыл бойы бала оқытса, «бір қора» дүмбілезді «дайындап» шығаруы мүмкін еді. Ал мәселенің жаман жері, бір Әбеновтің өзі қазір бүкіл «мектеп жамағатын» жарға «жыққалы жүргендей» әсер қалдырады.

Мұрат Әбенов
Фото: ашық дереккөз

«Ләрігер детіспейді»

Әбенов туралы айтпағымыз көп болса да, әңгімеміздің әлқиссасын бас тақырыптан өрбітейік. Кейіпкеріміз екі жоғары оқу орнын тамамдаған. Оның бірі – Қазақ гуманитарлық-заң университетінің құқықтану факультеті. Бірақ заңгер ретіндегі дипломын отызды орталап, оң-солын танығанда барып бір-ақ алған. Ал негізгісі – Абай атындағы қазақ педагогикалық институты. Демек бұл кісі – педагог, яғни ұстаз. Әліпбиді мешіттен таныған көнекөздердің көзімен қарағанда – «молда». Ендеше, Абай атындағы оқу орнын бітірген Әбенов неге елден ерекше «шала» болып шықты? Біз мұның себебін айта алмаймыз. Бір анығы, белсенді депутаттың жазбалары сақау адамның сандырағы секілді құлаққа түрпідей тиеді. Мысалы қараңыз:

«...Бізде көп жерлерде нарколог ләрігер детіспейді, әсіресе аудандарда. Сол себептен полицияға оңай болсын деп , қалаға апаруға көп уақыты, бензині кетеді дейді. Сонда адамның азаматтық құқығы, сот әділдігі бензин бағасымер есептеле ма? Дәл сол себеппен аудандарда ұсиалған күдікті жүргізушілерден қанын да анализе алғысы келмейді. Қаоаға апаруға алыс. Анализге 3-4 күн кетеді деп, амығыстық білдіреді. Әділетсіздік екенін ойланбайды...».

Осыны оқығанда, «Бұ кісі өзі не туралы айтып жатыр?» деп біздің де ойланып қалғанымыз рас. Сөйтсек, бұрынғы министр Шарлапаевтың уәде еткен 3 млн «покрышкасынан» бастап, жүргізушілердің ішкен-ішпегенін анықтайтын шала сауат мамандары көп Денсаулық сақтау министрлігіне «шүйлігіп» жатыр екен. Сөз саптауы бөлекше кісінің жазу мәнеріне «залал» келтірмес үшін үтір-нүктесіне дейін тиіспей, сол күйінде көшіре салдық. Егер тиіссек, басымызға бітпейтін шаруа тауып алатын сияқтымыз. Себебі кейіпкеріміздің жазбасы – «сәлдесін теріс ораған» молданың уағызы секілді басыңды айналдырады.

Әріптесі Еділ Жаңбыршин қаңғыған иттің мәселесін көтергелі бері Мұрат Әбеновтің қолынан тыным кетті. Күн сайын «күшіктетіп» бірнеше пост жазады. Міне, сол депутатыңыз күні кеше Мұхтар Шаханов дүниеден озғанда, әлеуметтік желіге екі-ақ ауыз сөз жазып, былай деді: «Иманы жолдас болсын. Қош бол , Қазақ халқыңың Ұлы Тұлғасы».

Ортада өз-өзімен «ләйліп жүрген» үтір туралы әңгіме айтпаймыз. Айтсақ та, бәрібір, бұл кісі үтірді емле талабы бойынша емес, өзі қалаған жерге қояды. Мәселе, Әбеновтің қазақ тіліне тән әріптерге деген ерекше «жанашырлығы». «Қазақтарға түсінікті болсын» дей ме, әйтеуір айтпақ ойына ә, ү, ұ, і, ң, ғ, қ секілді дыбыстарды «күштеп» қосады. Жоғарыдағы ақын қазасына қатысты жазбасында «халқының» деген сөзді қалай «қалқитып» жібергенін байқаған шығарсыз. Ілгеріде сәуірді «сәүір» дейтінін бірнеше рет көргенбіз. Оны айтасыз, біздің «молдекең» Дін өкілдерінің де шымбайына бататын «жаңа сөздер» шығарып жүр. Мәселен, елдің құлағына әбден сіңісті болған «Нұр-Мүбарак» университетін бірде «Нұр-Мұбарақ», енді бірде «Нур-Мұбарақ» деп жазатын Қазақстандағы жалғыз адам – осы кісі. Бала емес, шаға емес, дап-дардай депутат өзінің не айтып отырғанына анда-санда қарап қойса керек-ті. «Бірінші кезекте біз қазақпыз, қащақ болып қаламыз» деп келетін тағы бір жазбасына қарағанда, бұл кісі жазған дүниесіне қайтадан мойын бұрмайтын секілді. Ендеше, «абайламай» Абай университетін тамамдап тастаған кісіні «шала» демегенде, «дана» деуіміз керек пе?!

Мұрат Әбенов
Фото: ашық дереккөз

Апат дауы және қатық ішу

Негізі Мұрат Әбенов – сөзіне әзіл араластырып сөйлегенді ұнататын адам. Бірақ оның әңгімесін оқыған жұрт кейде қай жеріне күлу қажет екенін ұқпай қалады. Айталық, жуырда ғана бір кісі «Тик ток» тан айтқан сөзің қанық болса ішкенің қатық болар!» деген тақырыппен пост жазды. «Әп-бәрекелді!» деп депутаттың жазбасына бас қойғандар, қатыққа қатысты бір қызыққа қанығармыз деп ойлаған.

Сөйтсе, не болған дейсіз ғой, болғаны – сол, депутат базарға барып, қатық ішіпті: «Қызылордаға әр келген сайын қол тисе “ескі”базарға кіріп шығуға тырысамын. Ағарған сататын қатардың қасында өтіп бара жатсам сол жерде сауда жасаған кісілер мені танып, екі-үш күн бұрын “Тик Токта” шыққан ролигімді дұрыс, банк несиесі, ЧСИ туралы “қанық” айттыңыз деп “кері байланыс” жасап жатыр. Лайк қойдық, коммент жаздық деп сендірді)) Алтынай деген қарындасым бір кесе қатық құйып берді».

Осыны он қайтара оқыса да, ештеңеге түсінбегендер «Мынау депутат тұрмақ, дені сау адамның сөзі емес қой» деп жазғырды. Енді біреулер «Назаров Парламентте анасын құттықтап еді, Әбенов енді базардан ішкен қатығын айтып тұр, Құдайдың бізді есі дұрыс депутатқа жарытпағаны-ай!» деп күйінді.

Алайда бұған бола, ашуланатын не бар?! Ел түсінбесе де, Әбеновтің жазбасынан біз бір емес, төрт бірдей «маңызды мәлімет» ұғып тұрмыз. Қараңыз, депутат базарға барған – бір, ел-жұрт оны таныған – екі, танып қана қоймай, лайк басып, комментарий жазған – үш, қатық берген – төрт.

Егер Сіз мұны жай нәрсе десеңіз, қателесесіз. Депутаттың дегеніне лайк басып, пікір жазу – олар үшін әжептәуір мәртебе. Әбенов жоғарыда «кері байланыс болды» деген сөзді тегін айтты дейсіз бе, депутаттың халықпен бірге тұрып, суретке түскені де, қатығын ішіп, аузын сүрткені де кері байланыстың жөніне жатады. Егер кері байланыс азайса, басқаны қайдам, Мұрат Әбенов «көшеге шығып» кетуі мүмкін.

Өткенде байқаған шығарсыз, әл-Фарабидің бойында апат болғанда, қайдан сап ете қалғаны белгісіз, Астанада жүретін кейіпкеріміз Алматыдан табылды. Сөйтті де, көлік легі толастамайтын көшенің жиегінде тұрып, тікелей эфир жүргізді. Ішкі істер министріне шұғыл үндеу жасады. Негізі, апаттың себебі мен айыпкердің кім екенін, Алматы жолындағы жөнсіздіктің бар сырын Әбеновтен бұрын Әділетхан Молдахан айтып тастаған. Кейін заңгер қамалды да, депутат Астанаға қайтты.

Министрге Алматыда тұрып «айғайлаған» депутаттың Елордаға барғанда, «желі шығып» кетті ме, әйтеуір, сөзі қожырай бастады. Әу бастағы әңгімесінің бірінде «Әділетхан деген блогер көп ақпарат берді. Сол видеоларға қарасақ, автокөліктерге жалған нөмірлер салған.Полиция автокөлігінің жаңағы жүргізушінің жанында жүргені жайлы видеолар бар...» деген еді. Әділетхан Молдаханның басына қара бұлт үйірілген соң, Әбенов «ақпаратты жан жақтан алдым» деп әуелгі сөзін әжептәуір түзетті. Тіпті белгілі заңгердің не себепті ұсталғанына қатысты сауалға: «Барлық шара заңды негізде жүріп жатыр» деп жауап берді.

Байқасаңыз, апаттан кейінгі айғай-сүреңде Әбенов пен Молдаханның сөздері мәндес әрі мазмұндас шығып жатқан. Себебі екеуі де үш адамның өмірін қиған оқиғаның себебін полицияның салғырттығынан іздеді. Кейіпкеріміз тіпті «Алматы полициясы тек қарапайым азаматтарға ғана күші жетеді» деген. Сол сөзі шындыққа айналғандай көрінді. Өйткені Әділетхан «жалған ақпарат таратты» деген айыппен ұсталды да, Мұрат смартфонын қалтасына салып ап, Астанаға ұшып кетті. Сонда мұның әділеттілігі қай жерінде?

Сізді қайдам, бізше болса, Мұрат Әбеновтің шалағайлығы мен тыныш жүрмей, бірдеңеге шатылып жүретініне жоғары биліктің де көз-құлағы үйреніп бара жатқан сияқты.

Мұрат Әбенов
Мұрат Әбенов

Мәжілістегі қыдыру және дәретсіз намаз

Білесіз, депутаттың басты міндеті – көшеден тікелей эфир жүргізу, болмаса, базардан қатық ішу емес. Парламенттің өз тәртіп-ережесі бар. Регламенттің қарапайым қағидаты – жиынның басталар мерзімі соққанда, Мәжілістегі өз орныңнан табылу. Біздің кейіпкеріміз кейде осы регламентті де сақтамай, Парламенттің өзінде «көшеге шығып» кетеді ғой. Өткенде әлеуметтік желіні «шулатқан» видеоны көрген шығарсыз: Барлық депутат орнында, спикер сөз бастағалы тұр. Ал біздің «шала молда» шалқақтап, ортадан ары өтеді де, біреудің қолын алып, қайтадан бері беттеп келе жатқанда, спикер Ерлан Қошанов дауыстап: «Мұрат» дейді. Мәжілістің жартысы Мұратқа, жартысы «Мұрат» деген кісіге қарайды. – Қыдырып жүрсіз ғой, көшеде қыдырып жүргендей, – дейді Қошанов жақтырмаған үнмен.

Былай қарасаңыз, масқара! Бүкіл ел сені күтіп отырады, ал сен «көшеде қыдырып» жүресің. Қайта, спикер сабыр танытты. Егер «Саған не көрінді-ей, Мұрат?! Базардан тегін қатық ішкеніңді әлі айтып тауыса алмай жүрсің бе? Отыр орныңа, болмаса, шығып кет!» десе, өлім ғой. Ондай жағдайда, қатыққұмар адам қатықтың сары суына малшынғандай күй кешпей ме. Сары су демекші, бұл кісінің ит ішкеннен басқаға жарамайтын «сары суға» қаңғалақтап барып, өзі «түсіп кететін» бір қасиеті бар.

Бір мысал келтірейік, өткенде Алматыны шулатып, «ет қызумен» барған кейіпкеріміз Астананы да «аласапыранға» салған. «Түнде ҚР ІІМ Назарбаев Университеті маңындағы Хайвилл тұрғын үй кешені пәтерлерінің бірінде екі шетелдікті ұстады. Олардан қару-жарақ арсеналы, яғни мылтықтар мен тапаншалар табылды» деп гу еткізді. Күдіктілер Назарбаев университеті маңынан ұсталса, олардан қару-жарақ тәркіленсе және олар шетелдіктер болса, халық не ойлауы мүмкін? Әрине, баяғы «жер жұтқан» 20 мың террористі ойлайды да! «Ойпыр-ай, біздің белсенді депутат ақыры терроршылардың соңына түскен екен. Екеуі ұсталса, қалғаны қайда барар дейсің, Қаңтардың құпиясы енді ашылатын болды-ау» деп армандағандар көбейді.

Өкініштісі сол, Астананың полициясы депутаттың ақпарын теріске шығарып, сөздерін «сары суға» теліді. Сосын тұрғындарды сабырға шақырып, жалған ақпарат таратпауды сұрады. Неге? Неге деріңіз бар ма, Әбеновтің «қару-жарақ арсеналы» – әншейін антиквариаттық дүниелер болып шықты ғой. «Террорист таппай» қалғанына назаланды ма, «Заңда антиквар қару деген жоқ. Біздің заңда ұстауға болмайды...», андақ-мұндақ деп депутат тағы да шу көтерді.

Шу көтермек тұрмақ, майдан ашса да, одан не өзгереді? Ештеңе де өзгермейді. Өйткені Қазақстанда заңның бәрі бірдей орындала бермейтінін басқа білмесе де, Әбенов жақсы білуі тиіс. Мәселе, ол таратқан ақпардың «қатығынан суы көп» болғанында. Жарияға жар салып, дабыл қақпас бұрын жәшіктің ішіндегі дүние – қару-жарақ арсеналы ма, тарихи жәдігер ме, әлде баланың ойыншық тапаншасы ма, осыны анықтап алуы қажет еді. Олай істемеген соң, Әбеновтің ақпары дәретсіз намазға тұрған пенденің дұғасындай болды да шықты.

Мұрат Әбенов
Фото: ашық дереккөз

Ұстаздарды «ұстараның үстімен» жүргізу

Байқадыңыз ба, жуырда ғана кейіпкеріміз Асхат Аймағамбетовпен «айқасты» ғой. Асхатты білесіз, Білім министріне жарымаған мемлекетте мұғалімдердің мәртебесін көтерген жалғыз шенеунік, осы – Аймағамбетов. 2019 жылы Білім және ғылым министрі болып келген ол министрлік «ортасынан қақ бөлінгенде», жарты жыл Оқу-ағарту министрлігін басқарды да, жұмысынан босады. Алайда 3,5 жыл осы салаға иелік еткенде ешкім күтпеген шаруа атқарды. Бастысы, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мұғалімдердің жалақысы көтерілді. Мектеп ұжымы «әкіреңдеген» әкімдіктің құзырынан босады. Тікелей министрлікке қараған соң жергілікті билік мұғалімдерді «жерден алып, жерге сала алмай» қалды. Саяси науқанның бітпейтін жұмысына жегілетін ұстаздар өзі би, өзі қожа болуға үйренді. Бойындағы күш-жігерін басқа шаруаға емес, баланы оқытуға жұмсады.

Өкініштісі, осы жүйе енді өзгеретін түрі бар. Өзгертуге жанталаса кіріскен жандардың қатарында Мұрат Әбенов жүр. Білесіз, Асхат Аймағамбетов те, Мұрат Әбенов те, қазір – депутат. Екеуінің саяси салмағы бірдей. Білім саласында атқарған қызметтері де деңгейлес. Асхат министр болса, Мұрат вице-министр болған.

«Әріптестер, мектептер 30 жыл аудан әкімдеріне бағынды. 30 жыл бойы мұғалімдер массовкада болды. Енді дәл сол жүйеге қайту – әрине, бұл дұрыс емес», – деді Асхат Аймағамбетов Парламентте.

Ал Мұрат Әбенов не деді? Мұрат Әбенов әріптесі енгізген жүйені сынады. – Мұғалімдер қай кезде болса да мемлекетшіл адам болды. Неге олар «Таза Қазақстанға» қатыспау керек? Неге референдумға қатыспау керек? Неге мемлекеттік әртүрлі шараларға қатыспау керек?, – деді.

Әбеновтің деңгейімен ойласаңыз, ұстаздар қауымы қоғамнан тыс қалып қойған секілді. Сондықтан оларды аудан әкімдігінің қарамағына беру керек. Яғни «ұстаздарды ұстараның үстімен» жүргізу қажет. Ал ұстаздар не дейді? Әрине, Аймағамбетовті қолдап, Әбеновті қара есекке теріс мінгізеді.

Мәселен, Өмір Шыныбекұлы деген ардагер ұстаз кейіпкерімізге қарата былай деді: «Мұрат Әбенов, "мұғалімдер сайлауға барып дауыс бермеді, референдумда дауыс бермеді" деген статистика бар ма? Дәл сіз осыдан оншақты жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінде вице-министр болдыңыз. Вице-министр кезіңізде Өмір Шыныбекұлы деген мұғалімді фейсбукте блоктағаннан өзге не бітірдіңіз? Егер бүгін білім саласында проблема болса, оның жауапкершілігі сізде, Мұрат Әбенов! Себебі, Сәрінжіповтен сұрай алмаймыз, Сағадиевтен сұрай алмаймыз! Олар баяғыда аттан түскен! Ескі Қазақстанда да, Жаңа Қазақстанда да ел алдында жүрген сіз ғана! Мынау масқараның жауапкершілігі сізде!».

Міне, ұстаз адам осылай жазады. Ұстаздың жазғаны өзгеге түсінікті болады. Ұстаз адам біздің «шала молда» секілді шалды-құйлы сөйлемейді. Мәселе, Шыныбекұлы айтқан шындық кейіпкеріміздің санасына кірді ме, кірмеді ме? Біздіңше, кірмейтін секілді. Өйткені Парламенттің тарайтынын білетін депутат Құрылтайдан дәмелі. Құрылтайға жарамды екенін байқату үшін кіммен болса да, «қырыла» беруден тайынбайды.

Мұрат Әбенов
Фото: ашық дереккөз

Түйін:

Әбеновтің күрт күшейген белсенділігі журналистердің де назарын жиі аударып жүр. Бірақ депутаттың жауабы әртүрлі. Мысалы, жуырда ғана «Жас Алашқа» сұхбат берген кейіпкеріміз «Мен қай кезде белсенді болмадым, айтыңызшы?!» деп журналистің өзіне қарсы сауал қойған. Әріптесіміз әдеп сақтап, «сіздікі рас», «сіздікі дұрыс» деп «шығарып» салған. Ал Ulysmedia-ға берген сұхбатын тыңдасаңыз, Мұрат Әбенов Мәжіліске келер алдында өте сирек кездесетін індетпен ауырғанға ұқсайды. Бес минуттан артық сөйлей алмайтын депутаттың беті 2025 жылдың тамызынан кейін ғана бері қараған. Осы аралықты кейіпкеріміз «өліара» кезеңге жатқызады. Мейлі ғой, кімге не десе де, Әбеновтің өзі біледі. Бірақ «бұл кісі депутат болуды «бес минуттық мәселенің» ләззатымен шатастырып алған жоқ па?» деген сұрақ әркімнің көкейінде қалды. Бірақ біз бұған таңданбаймыз. Себебін түсініп тұрған шығарсыз, өйткені шаланың аты – шала. Өзі айтпақшы, «шала молданың» бір аты – «қащақ».

Сансызбай Нұрбаба

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз