Live

АҚШ пен Иран Ормуз бұғазындағы оқиғадан кейін бір-біріне соққы жасады

АҚШ әскери-теңіз күштерінің үш кемесі Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан кезде Иран күштері оларға шабуыл жасаған. Бұған жауап ретінде АҚШ әскері Иранның әскери нысандарына соққы берген.

ормуз

АҚШ әскері Иранның Кешм аралындағы портқа және Бендер-Аббас қаласына соққы жасады. Бұл туралы Fox News журналисі Дженнифер Гриффин дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Axios тілшісі Барак Равид те АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы Иран нысандарына шабуыл жасағанын мәлімдеді. 

Америкалық шенеуніктердің журналистерге айтуынша, АҚШ бұл шабуылдарды екі ел арасындағы соғыстың қайта басталуы деп есептемейді. Ал Иранның Fars мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, соққылар салдарынан Кешм аралындағы Бахман сауда порты зақымданған.

Өз кезегінде Иранның Tasnim агенттігі Ормуз бұғазы маңында АҚШ-тың үш әскери кемесіне Иран әскери-теңіз күштері шабуыл жасағанын хабарлады. Агенттік мәліметінше, бұл АҚШ әскері Иранның мұнай танкеріне шабуыл жасағаннан кейін болған.

АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) бұл соққылардың «өзін-өзі қорғау мақсатында» жасалғанын мәлімдеді. Хабарламада айтылғандай, АҚШ әскери-теңіз күштерінің үш кемесі Ормуз бұғазы арқылы Оман шығанағына өтіп бара жатқанда, Иран күштері оларға ракета мен дрондар жіберген, сондай-ақ Иранның шағын катерлері оқ атқан.

Бұған жауап ретінде АҚШ әскері «жақындап келе жатқан қауіптердің көзін жойып», «Америка күштеріне жасалған шабуылдарға жауапты Иран әскери нысандарына, оның ішінде ракета және дрон ұшыру алаңдарына, басқару пункттеріне, барлау және бақылау орталықтарына соққы бергенін» мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл оқиға АҚШ Иранның соғысты тоқтату туралы ұсынысына жауап күтіп отырған кезде болған. Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасында «өте жақсы» келіссөздер өткенін айтқан еді.

Сәуір айының басында Иран мен АҚШ бітімге келуге уағдаласқан. Кейінірек Трамп бұл келісімді біржақты түрде ұзартты. Соған қарамастан, екі тарап та атысты тоқтату режимін бірнеше рет бұзған. Алайда АҚШ бітімнің әлі де күшінде екенін мәлімдеп отыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз