АҚШ пен Украина табиғи ресурстар бойынша келісімге келуі мүмкін

АҚШ пен Украина келесі аптада табиғи ресурстар жөнінде маңызды келісімге қол қоюы мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент Fox News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
"Біз экономикалық әріптестік туралы дайын құжатты тапсырдық. Қазіргі уақытта украиналық тарап оны қарастыруда. Келесі аптада толыққанды талқылаулар басталып, тіпті құжатқа қол қойылуы мүмкін деп үміттенеміз", – деді Бессент.
Бастапқыда келісімге ақпан айының соңында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Вашингтонға сапары барысында қол қойылуы тиіс болған. Алайда кездесуде екі ел басшылары арасында сөз таласы орын алып, құжатқа қол қою кейінге шегерілген еді.
Сұхбат барысында Бессент Ресейге қарсы санкцияларға қатысты сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, санкцияларды күшейту немесе жұмсарту Мәскеудің алдағы әрекеттеріне байланысты болмақ.
"Президент Трамп келіссөздерде артықшылыққа ие болу үшін санкцияларды қатаңдатуға дайын деп ойлаймын", – деді министр.
Бұған дейін Дональд Трамп Вашингтонның Эр-Риядтағы келіссөздер барысында қаралған Қара теңіздегі атысты тоқтату шарттарын зерттеп жатқанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, Ресей бес немесе алты талап қойған. Кремльдің ресми сайтында жарияланған бұл талаптар арасында Ресей ауыл шаруашылық банкіне салынған санкцияларды алып тастау және оны SWIFT жүйесіне қайта қосу мәселесі бар. Алайда бұл талаптарды орындау үшін Еуропалық Одақтың келісімі қажет.
Келесі аптада келісімге қол қойылуы мүмкін деген хабар сарапшылар арасында түрлі пікірлер тудырып отыр. АҚШ-тың Украинаға экономикалық қолдау көрсетуі Ресеймен арадағы геосаяси текетірес жағдайында жаңа қадам ретінде қарастырылып жатыр.