АҚШ Сенаты Иранмен соғысты тоқтатуға қатысты резолюцияны қарауға қолдау білдірді
АҚШ Сенаты 19 мамыр күні президент Дональд Трампты Конгрестің ресми рұқсатынсыз Иранға қарсы әскери әрекеттерді тоқтатуға міндеттейтін резолюцияны толық құрамда қарауды қолдады.
CNN мәліметінше, құжат қабылданса, Трамп Иранға қатысты кез келген болашақ әскери операцияны Конгреспен келісуге міндетті болады.
Процедуралық дауыс беру кезінде резолюцияны әрі қарай жылжытуға 50 сенатор қолдау білдірсе, 47 сенатор қарсы дауыс берген.
Дегенмен CNN хабарлауынша, үш республикашыл сенатор сайлауалды науқанына байланысты дауыс беруге қатыспаған. Сондықтан құжаттың толық Сенат құрамында қабылдануы әзірге екіталай деп бағаланып отыр.
Бұған дейін республикашылдар осы резолюцияны Сенатта жеті рет бұғаттаған. Құжат алғаш рет биыл наурыз айында, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін ұсынылған болатын.
Сонымен қатар республикашылдар бұл бастаманы Өкілдер палатасында да үш рет өткізбей тастаған.
Резолюцияны қолдаған демократ сенатор Тим Кейн қазіргі жағдайда Конгрестің мәселені талқылауы маңызды екенін айтты.
«Бұл соғысқа қайта кіріспей тұрып талқылайтын ең дұрыс уақыт. Президент бейбіт және дипломатиялық ұсыныстар алып отыр, бірақ оларды бізбен бөліспей, қоқысқа лақтырып жатыр», - деді Кейн Reuters агенттігіне.
АҚШ-тағы 1973 жылғы War Powers Act заңына сәйкес, президент Конгрестің келісімінсіз әскери әрекеттерді тек 60 күн жүргізе алады.
Осы мерзім аяқталғаннан кейін президент соғысты тоқтатуы немесе Конгрестен ресми рұқсат алуы тиіс.
2026 жылғы 1 мамырда 60 күндік мерзім аяқталған кезде Дональд Трамп Конгресті «Иранмен соғыс аяқталды» деп хабардар еткен еді.
Алайда Reuters мәліметінше, АҚШ әлі де ирандық порттарды бұғаттап, Иран кемелеріне соққы жасап жатыр.