Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:37, 25 Қаңтар 2024

АҚШ-та Трамп, Ресейде Надеждин қызық боп тұр

Надеждин
Фото: из открытых источников

Ресейдің ендігі үміті кім? 

Ресейде 15-17 наурыз аралығында үш күнге созылатын президент сайлауында кімнің жеңетінін білу үшін сәуегейліктің қажеті жоқ. Владимир Путин Кремльден жақын арада кете қоймайды, оған аз да болса қарсылық қылатын оппозицияның түрі анау – жартысы қамауда, жартысы бас сауғалап шетелде жүр. Дегенмен «Тойдың болғанынан боладысы қызық». Орталық сайлау комиссиясы кандидат етіп тіркесе орыстардың үмітін Борис Надеждин арқалайтын түрі бар.

Надеждин Ресей саясатында кеше ғана пайда болған, кездейсоқ адам емес. Оның өткеніне көз жүгіртсеңіз, атқарған қызметі әжептәуір жоғары, қызметтес болған адамдары елдің ішкі-сыртқы саясатында елге белгілі, танымал тұлғалар. Тоқсаныншы жылдары үкімет басшысының орынбасары Борис Немцовқа (2015 жылы Кремль маңында қастандықтан өлген) кеңесші, премьер-министр Сергей Кириенкоға (қазір президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары – ред.) көмекші қызметін атқарған. 1999-2003 жылдары мемлекеттік думаның үшінші шақырылымында депутат болған. Одан кейін әртүрлі жұмыс істей жүріп бірнеше рет дума, губернатор сайлауларына қатысса да жоғары лауазымға қолы жетпеген. Ресейдің мемлекеттік пропагандасын жүргізетін телеарналар оны саяси ток-шоуларға «оппозиция өкілі» деп жиі шақырады. Надеждин де бас тартпай, қарсылық көрсетпей, ондай хабарларға қатыса береді. Ондайда студиядағы өзге қонақтар жан-жағынан жабылып, неше түрлі бәле-жаланы басына үйіп төксе де ол «оппозиционер рөлін» шамасы келгенше сомдап шығады. Олай деуге негіз де бар. Өйткені Надеждиннің шынайы оппозиционер екеніне сенімнен гөрі күдік басым. Білетіндер – Батысты дұшпан, Путинді жалғыз құтқарушы деп қана сарнайтын пропагандалық ток-шоуларда тұрақты спикерлердің әр эфирге шыққан сайын ақы алатынын көптен бері айтып, жазып келеді. Ресейде саясаттануға, саясатқа сәл жақын жүретін, азды-көпті артында қолдаушысы бар, бірақ нақты позициясы, қатаң ұстанымы жоқ сарапшылар мемарналардан жем жеуді кәсіп қылғаны да біраздан бері жасырын емес. Осы көзқарас тұрғысынан орыс оппозиционерлері Надеждинді қатарға қоспайды. Екінші күмән – ол кезінде көмекші болған Сергей Кириенконың қазір Путин әкімшілігінде елдің ішкі саясатына жауапты ең жоғары қызметте отыруы. Яғни Ресейдегі түрлі саяси-қоғамдық жобалардың бәрін Надеждиннің бұрынғы бастығы ұйымдастырады. Алайда алдағы сайлауда Кремль сыншылары қаласа да, қаламаса да осы күмәндарын аттап өтіп, Надеждинге үміт артуға мәжбүр. Түрмедегі саясаткер Алексей Навальныйдың шетелде тұратын жақтастары бастап, Михаил Ходорковский, Максим Кац сынды оппозициялық көзқарастағы адамдардың бәрі соңғы 4-5 күннен бері әлеуметтік желіде Надеждинге қол жинауға кіріскен. «Надеждинді қолдаңыздар! Ол сіз қалаған кандидат болмаса да соғысқа қарсы ұстанымыңызды көрсету үшін бір апта ғана уақыт қалды» деп жазды Ұлыбританияда тұратын оппозициялық саясаткер Михаил Ходорковский. Навальныйдың көмекшісі Любовь Соболь «Надеждинге қатысты көзқарасымды өзгертпей-ақ оған қол қоямын. Қол қою – дауыс беру емес, бірақ қазіргі биліктегілерге соғысқа қарсылықтың күшті екенін көрсету» деді. Осыған ұқсас үндеулер көбейген соң Надеждинді кандидаттыққа ұсынған «Гражданская инициатива» партиясының Мәскеу, Петербор, Екатеринбург, Иркутск, Калининград, Хабаровск сынды ондаған қалалардағы барлық бөлімшелерінде ұзын-сонар кезек пайда болған. Орталық сайлау комиссиясына 31 қаңтарға дейін олар кемі 100 мың адамның қолы қойылған құжат өткізуге тиіс. Бүгінге дейін қажетті қолды жинап үлгерген партия Орталық сайлау комиссиясы күдіктене алмайтындай етіп, жақтаушыларының санын межеден әлдеқайда асырып апаруға ниетті. Комиссия құжаттарды тексеріп, тіркелген-тіркелмегенін 10 ақпанда мәлімдейді.

Надеждиннің сайлауалды ұраны өте қарапайым – соғысты тоқтату. Ол Ресей заңына сүйеніп, Украинадағы соғысты «арнайы әскери операция» деп атайды және онысын «жауапқа тартылудан, қудалаудан сақтану» деп түсіндіреді. YouTube желісіндегі ресми парағына шыққан немесе тәуелсіз ақпарат құралдарына берген сұхбаттарына қарағанда, ол Путиннің саясатына көптен бері наразы. Оның аузынан қазір «Путин «арнайы әскери операция» бастап үлкен қателік істеді», «елдің экономикасы мен демографиясына орны толмас нұқсан келтірді», «Путин елді болашаққа емес, өткенге қарай сүйреп барады», «Ресей дамыған, еркін елдерге еліктеуі керек» дейтін түйдек-түйдек сөздер шығып жатыр. Соғысқа жақындарын жіберген әйелдермен кездескенде «президент бола қалсам «арнайы әскери операцияны» бірден тоқтатып, майдандағы балаларыңды, күйеулеріңді үйге қайтарам» деп уәде береді. Meduza сайтына сұхбат берген саясаттанушы Федор Карашенинниковтің сөзінше, Орталық сайлау комиссиясының Надеждинді тіркеуі екіталай. «Қанша қол жинап апарса да бәрібір Кремль оған жол бермейді, құлатады» дейді саясаттанушы. Сондай-ақ Meduza Кремльге жақын жүретін дереккөзіне сүйеніп «алдағы сайлаудағы бюллетенде соғысқа қарсы ұран айтатын адам болмайды» деп жазды. «Верстка» сайты да осыған ұқсас хабарлама таратты. Басылымға президент әкімшілігінде жұмыс істейтін дереккөз «қол әлі жиналмаған, өткізілмеген, тексерілмеген. Орталық сайлау комиссиясы сонда да Борис Надеждинді тіркемеу туралы шешім шығарып қойды» деген. Естеріңізде болса, жаңа жылға дейін Орталық сайлау комиссиясы соғысқа қарсы тағы бір адам – журналист Екатерина Дунцованы сайлауға қатыстырмай тастаған.

Орталық сайлау комиссиясы сайтындағы деректерге қарағанда, қазірге дейін 11 адам саяси науқанға қатысуға рұқсат алған, оның үшеуі ғана (Леонид Слуцкий, Владислав Даванков, Николай Харитонов) толыққанды кандидат боп тіркеліп, үгіт-насихатқа кірісіп кеткен. Олардың ішінде президент Владимир Путин жоқ. Оның сайлауалды кампаниясы да қажетті қолды енді ғана өткізген.

БАЙДЕН ЖАЛҒЫЗ ШАБА МА?

АҚШ-тағы президент сайлауының барысы Ресейге мүлде кереғар. Қарашаның 5-сі күні өтетін сайлауда елдегі ең ықпалды екі партия – демократтар мен республикашылдар тағы екеуара сайысқа түседі. Демократтардың үміткері айқын. Дау-дамайсыз бұл партия қазіргі президентті алға шығарып отыр. Кәртең Джо Байден (82 жаста) оқыс оқиғадан, көлденең кесірден аман болса, Ақ үйді тағы төрт жыл мекендеуге ниетті. Төрт жылдан бұрынғы президент Дональд Трамп та үмітін үзгісі жоқ. 2020 жылғы сайлауда жеңілгенін әлі мойындамай келе жатқан миллиардердің екпіні қатты. Қалай да жеңетініне сенімді. Алайда оған дейінгі жол оңай емес. Ең алдымен Трамп әрбір штат өткізетін жеке сайлауда өз партияластарының арасынан озып шығуға тиіс. Мәселен, 23 қаңтар күні Нью-Гемпшир штатының тұрғындары республикашылдардың атынан президенттікке кімді жіберетінін анықтап, дауыс берді. Штатта шамамен 1,4 милллион тұрғын бар, сейсенбі күнгі науқанға оның 400 мыңдайы ғана қатысқан. «Кандидат» қағазына екі саясаткер – Дональд Трамп пен Никки Хейли таласып жатыр. Нью-Гемпшир халқы Трампты құп көрді. 15 қаңтарда Айова штаты да экс-президентті қолдаған. Трамп елдегі 50 штаттың кем дегенде жартысынан астамында жеңімпаз боп шығуы керек. Сонда ғана қарашадағы басты сайлауға жолдама алады.

Трамптың өз партиясы ішінде қарсыластары әу баста 14 адам еді. Жолай экс-президентке бәсекелес бола алмайтындарын түсініп, бірінен соң бірі өз еріктерімен жарыстан шеттеп, ең соңында қалғаны – Никки Хейли деген саясаткер. Bloomberg басылымының жазуынша, ол президент сайлауына қатысқалы жатқан «нәсілі ақ емес» ең алғашқы әйел. Туған жері Оңтүстік Каролина (АҚШ), ал ата-анасының шыққан тегі үндістандық. Өзі христиан дінін ұстанады, әкесі мен шешесінің құрметіне орай ара-тұра сикх храмдарына да барып тұрады.

2011 жылдан бері Оңтүстік Каролина штатының губернаторы боп отырған Хейлиді 2017 жылдың қаңтарында президент қызметіне жаңа ғана кіріскен Дональд Трамп АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі етіп жіберді. Айта кетейік, АҚШ ұйым жанындағы «Адам құқығы» кеңесінен осы Хейлидің тұсында шығып кетті. 2018 жылдың соңында Хейли миссиясын аяқтап, қызметінен түсті. Сонда оны «Доғал кабинетінде» (Ақ үйдің ішінде беделді қонақтарды қабылдайтын бөлме – ред.) қарсы алған Трамп «менің әкімшілігімде қалаған лауазымыңды айт» депті. Хейли жай ғана жымиып, ұсыныстан бас тартыпты. Сол Хейли енді Трамптың жолын кеспек.

Хейли мен Трамп партиялас болғандықтан олардың сайлауалды кампаниясында айтып жатқан ұрандары да, сайлаушыларына беріп жатқан уәделері де ұқсас. Сыртқы саясатқа байланысты ең негізгі айырмашылық – Ресейге көзқарас. Трамп ежелден Кремльмен жақсы қарым-қатынас орнатуға ынталы екенін жасырмайды. Хейли, керісінше, Ресейді қалай да тұқыртуға бейіл. BBC агенттігіне берген сұхбатында Хейли «Украинаны Ресейге жығып берсек, Владимир Путин мен оның қытайлық досы Си Цзиньпин сияқты диктаторлар жеңістің дәмін алып, ары қарай да тоқтамайды. Бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деген. Дегенмен саяси сарапшылар, қоғамдық сауалнамамен айналысатын орталықтар Хейлидің сапары ұзаққа созылмайтынын, ақырында республикашыл партияның туын тағы да Трамп көтеретінін болжап отыр.

Трампқа қауіп басқа жақтан төнуі мүмкін. Қазір бір басында төрт бірдей қылмыстық іс бар. Бірінші іс – 2021 жылғы «Қаңтар оқиғасы». 6 қаңтарда Трамп жақтастары Вашингтондағы Капитолиге (парламент үйіне) басып кіріп, тәртіпсіздік жасаған. Прокурорлар бұл оқиғаны «елдің тұтастығына нұқсан келтіре жаздаған шабуыл» деп саралаған әрі «оның артында экс-президенттің өзі тұр» деп күдіктенеді. Екіншісі – 2022 жылы қозғалған «құпия құжаттар» туралы іс. Сол жылы Федералды тергеу бюросы (орысша ФБР) Трамп үйін тінтіп, «аса құпия» мөрі бар құшақ-құшақ қағаздарды тәркілеген. Тергеу дерегіне қарағанда, президенттіктен кеткен Трамп құжаттарды бөгде адамдарға көрсетуі мүмкін. Үшінші айып – 2020 жылғы президент сайлауына байланысты. Джо Байденнен жеңіліп қалған Трамп Джорджия штатының губернаторына қысым жасаған болуы мүмкін. Ал 2023 жылы қозғалған төртінші істің оқиғасы сәл ертеректе болса керек. Саясаттан жырақ, таза кәсіппен айналысып жүрген шағында отбасылы миллиардер Трамп Сторми Дэниэлс деген жезөкшемен төсектес болыпты-мыс. Бірақ 2016 жылғы президент сайлауы алдында оның командасы жезөкшеге «тіс жармау үшін» 130 мың доллар ақша берген-мыс. Соңғы іс қылмыстан гөрі саясаткердің репутациясына зияндырақ. Бірақ өзін саяси қуғынға түскен адам етіп көрсететін Трамп жоғарыдағы төрт айыпты да мойындамайды. Америкалық басылымдардың есептеуінше, төртеуінен де кінәлі боп шықса АҚШ-тың 45-президентіне 700 жыл түрме жазасы кесілуі мүмкін. Алайда заңгерлер «АҚШ заңына сәйкес қылмыстық істер Трамптың президент сайлауына кандидат боп тіркелуіне кедергі келтірмейді» дейді.

Айгүл Баба