Әлеумет

АҚШ Украинадан КҚК терминалы маңындағы танкерлерге соққы жасамауды сұрады

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 31 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, Киевтен Ресейдің Новороссийск портына кіретін мұнай танкерлеріне дрон шабуылдарын тоқтатуды сұраған.

Ктк

 Бұл туралы 12 тамызда Financial Times (FT) украиналық шенеуніктер мен басқа да дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Басылымның жазуынша, Вашингтон Украинаның әрекеттері мұнай нарығындағы тұрақсыздықты күшейтіп, америкалық компаниялардың мүддесіне зиян келтіруі мүмкін деп алаңдаған. Әңгіме Қазақстаннан құбыр арқылы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына жеткізілетін мұнайды тасымалдайтын танкерлер туралы болып отыр.

FT ресми тұлғалардың мәлімдемелері мен ашық дереккөздердегі ақпаратты талдай келе, 31 шілдедегі әңгімеден кейін Украина КҚК терминалы маңындағы танкерлерге соққы жасамағанын атап өтті.

Басылым мәліметінше, Киев Қара теңіздегі КҚК инфрақұрылымына және ресейлік емес кемелерге соққы жасамауға келіскен. Алайда бұл шарт Украина санкцияларына ілікпеген және Ресей мұнайы мен басқа да ресейлік жүктерді тасымалдамайтын кемелерге қатысты.

«Біз америкалық серіктестеріміздің пікіріне өте мұқият құлақ асамыз», – деген жоғары лауазымды украиналық шенеунік.

Оның айтуынша, Вашингтонның өтінішінен кейін Киев тиісті «механизмдер» құрған. Сондай-ақ КҚК мәселесі АҚШ және Қазақстан үкіметтерімен жүргізілген келіссөздер барысында тұрақты түрде талқыланып отырған.

Chevron мен ExxonMobil мүддесі

Америкалық ірі энергетикалық компаниялар Chevron мен ExxonMobil КҚК-да үлеске ие. Сондай-ақ олар КҚК арқылы мұнай экспорттайтын Қазақстанның батысындағы ірі кен орындарына қатысады.

Chevron Қазақстандағы ең ірі Теңіз кен орнының 50 пайыз үлесіне, ал ExxonMobil 25 пайыз үлесіне ие.

«Трамп әкімшілігі КҚК-ны Қазақстаннан Еуропа нарығына энергия ресурстарын жеткізетін өмірлік маңызы бар бағыт әрі Ресейден жеткізілетін энергия ресурстарына балама ретінде қарастырады», – деді америкалық шенеунік.

Kpler компаниясының мәліметінше, шілде айында КҚК арқылы тәулігіне небәрі 1,3 млн баррель мұнай жөнелтілген. Бұл маусыммен салыстырғанда тәулігіне 300 мың баррельден астам, ал мамырмен салыстырғанда 600 мың баррельге аз.

Джей Ди Вэнстің баспасөз қызметі, Владимир Зеленский әкімшілігі және Қазақстан Сыртқы істер министрлігі журналистердің сауалына жауап бермеген. КҚК, Chevron және Exxon өкілдері түсініктеме беруден бас тартқан.

АҚШ Украинаға бұған дейін де ескерту жасаған

Financial Times Джей Ди Вэнстің өтініші АҚШ шенеуніктерінің Украинадан Ресей аумағындағы америкалық бизнес мүдделеріне зиян келтірмеуді сұраған алғашқы жағдай емес екенін атап өтті.

Ақпан айында Украинаның Вашингтондағы сол кездегі елшісі Ольга Стефанишина 2025 жылдың соңында Новороссийск портына украиналық дронмен соққы жасалғаннан кейін АҚШ Мемлекеттік департаментінен Киевтің әрекетін құптамайтын дипломатиялық хабарлама – «демарш» алғанын мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз