Ақша көп, пайда аз: «Өлі ақша» өлімші экономикаға қалай жан бітіреді?
Биылғы жылдың алғашқы жартысы банк секторы үшін тосын жаңалықтарға толы болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, банктердің қолда бар бос ақшасы рекордтық деңгейде сақталғанымен, олардың таза пайдасы қатты төмендеп кеткен.
Бұған қоса несие нарығында да үлкен теңсіздік бар. Мәселен, шағын және орта бизнес банктерден белсенді түрде қарыз алса, ірі бизнес, ірі корпоративтік клиенттер, керісінше, екінші деңгейлі банктерден несие алуды азайтқан.
Ақша көп бола тұра пайда неге азайды?
ҚНРДА-нің мәліметінше, қазір елде 23 банк жұмыс істейді. Оның 10-ы – шетелдік банктердің бөлімшелері, біреуі – толықтай мемлекетке тиесілі «Отбасы банк», ал қалғаны – елдегі екінші деңгейлі банктер. Енді осы банктердің қоржыны толы ақша делік, банктердің иелігіндегі жалпы байлық (активтер) 74,2 трлн теңгеге жеткен. Бұл – жыл басынан бері қолда бар ақшаның 5 пайызға жуық өскенін көрсетеді. Бұған қарасақ, қаржы саласының мамандары айтып жүргендей, банктердің «қауіпсіздік жастығы» мықты. Банктерде кез келген уақытта клиенттерге санап беретін «бос ақша» өте көп. Ол шамамен 22 трлн теңге болады. Бұл – егер халық ақшасын алуға келсе, ешқандай кедергісіз қайтара алады деген сөз. Бірақ ақша көп болғанымен, банктер биылғы алғашқы 6 айда 1,2 трлн теңге ғана таза пайда тапқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға аз.
Ал енді табыс неге азайды? Бұл арада ақшаның тиімділігі төмендегенін көрсететін екі негізгі белгі бар. Біріншіден, активтердің тиімділігі мамыр айындағы 3,8 пайыздан 3,7 пайызға түскен. Бұл – банк өзіндегі әрбір 100 теңгеден бұрынғыдан азырақ пайда тауып жатыр деген сөз. Бұдан соң банктердің өз капиталының тиімділігі 25,2 пайыздан 24,1 пайызға төмендеген. Бұл банк қожайындары мен инвесторлардың салған ақшасы бұрынғыдай жоғары табыс әкелмей жатқанын білдіреді.
Қаржыгер Арман МУСИННІҢ сөзіне сүйенсек, ақша көп болғанына қарамастан, табыстың азаюына басты себептің бірі – пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі. Базалық мөлшерлеме түскен соң банктер депозиттер мен несиелер бойынша пайыздарды қайта қарады. Бұл олардың арасындағы таза табыс айырмашылығын азайтты.
Екінші бір себеп – «өлі» ақшаның көптігі. Банктерде ешқандай жұмыс істемей, бос жатқан ақша тым көп. Ақша айналымда жүрмесе, несие ретінде берілмесе, ол банкке пайда әкелмейді.
«Білесіздер, Ұлттық банк былтырдан бері ақша массасын қысу үшін барлық тетіктерді пайдаланып жатыр. Былтыр Ұлттық банк басшысы экономикада артық 8 трлн теңге барын айтқан. Содан бері бас банк осы қаражатты айналымға шығармай ұстап отыруды жөн деп тапты. Сөйтіп, нарықтағы ақша көлемін азайтпақшы болды. 2025 жылдың қаңтарында Ұлттық банк айналымдағы ақша базасын шамамен 4,1 пайызға азайтыпты, яғни нарықтағы 594,3 млрд теңгені айналымға шығармай, банктер өздерінде құр бос ұстап отырған. Сол кезде нарықтағы ақша массасы 44,68 трлн теңге болып, бір айда шамамен 2,1 пайызға азайған. Міне, осылай банктердің қоржынында «өлі» ақшаны ұстап отыру олардың табысын азайтты. Ал мұның соңында үлкен проблемалар қылтыяды», – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Қаржыгердің айтуынша, нарықта 8 трлн теңге артық ақшаның болуының өзі біз жоспарлы экономиканы дұрыс құра алмай отырғанымызды көрсетеді. Егер барлық жоспар дұрыс құрылып, экономика арнайы мақсатпен, міндетпен сауатты жұмыс істесе, нарықта артық ақша болмайтын еді. Банктердің де, кәсіпкерлердің де, үкіметтің де жоспары орындалып, жұмыс орындары ашылып, өндірістік қабілетіміз артып, экономика қуатты болатын еді.
«Ал қазіргі біздің бар әрекетіміз – «бос жатқан өлі ақшаны» көбейту. Енді табысы төмендеген банктер қарапайым халықтың қалтасын қағуға көшеді», – дейді маман.
Банктер қалай әрекет етеді?
Мамандардың пайымдауынша, банктердің таза пайдасы азайып, қоржындарында «бос жатқан» ақша көбейгенде, олар өз шығындарын жауып, табысты қайта өсіру үшін белгілі бір қадамдарға барады. Бұл әрекеттердің көбі қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Экономист-сарапшы Дәурен АРЫННЫҢ сөзіне сүйенсек, банктер мұндайда ең бірінші депозиттердің пайыздық мөлшерлемесін төмендетеді. Банктерде бос ақша онсыз да рекордтық деңгейде көп. Сондықтан оларға халыққа қымбат бағамен, яғни жоғары депозиттік сыйақымен жаңа ақша тартудың қажеті шамалы. Енді депозит ашқысы келетіндер немесе мерзімі біткен салымдарын ұзартқысы келетіндер үшін пайыздық табыс азаяды. Мысалы, бұрын депозит жылдық 14 пайызбен ашылса, оны 12-13 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Бұдан соң несиелер мен бөліп төлеуді шектеу әрі қатаңдату қарастырылады. Пайда азайғандықтан, банктер тәуекелге барғысы келмейді. Олар ақшаны қайтара алмайтын тұтынушылардан бас тартады. Қарапайым адамдарға несие алу қиындайды, несие беруден бас тарту жиілейді. Сондай-ақ халық сүйіп қолданатын жеңілдікті бөліп төлеу науқаны азаюы мүмкін немесе оларды беру шарттары қатаңдатылады. Бұдан соң пайыздан табатын табыс азайған кезде, банктер комиссияларды арттыруға көшеді. Бұдан шығатын қорытынды – карталардың жылдық қызмет көрсету ақысы өсуі мүмкін. Басқа банктің картасына ақша аудару комиссиясы қымбаттауы немесе тегін аударым лимиттері азаюы мүмкін.
«Банкоматтан ақша шешу, SMS-хабарламалар үшін алынатын айлық ақылар көтерілуі ықтимал. Бонустар мен кэшбэктер де банк үшін клиент тартуға жұмсалатын үлкен шығын. Табыс азайғанда банк бірінші кезекте осы маркетингтік шығындарды да қысқартады. Сондай-ақ ең негізгісі – енді табысы азайған және корпоративтік табыс салығы 25 пайызға өскен банктер халыққа беретін несиенің пайызын да өсірудің жолдарын іздейді», – дейді сарапшы Дәурен Арын.
Несиеге байланған шағын және орта бизнес
Сарапшы экономикаға берілген жалпы несие портфеліне де назар аудару керектігін айтады. Мәселен, маусым айында экономикаға берілген несие 1,6 пайызға артып, 41,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл – жыл басынан бері +4,3 пайыз. Алайда осы несиелендіру құрылымын бөлшектеп қарасақ, қызықты үрдіс байқалады. Банктердің несие нарығында үлкен алшақтық бар. Мәселен, ірі кәсіпорындарға берілген несиелер жыл басынан бері 8,9 пайызға азайып кеткен. Ал шағын және орта бизнес (ШОБ), керісінше, банктердің басты клиентіне айналған. Жыл басынан бері бұл сектордың несиесі 14 пайызға өскен. Тек бір айдың ішінде ШОБ-қа берілген жаңа қарыздар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірден 32,7 пайызға артып, рекорд орнатқан. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер де өз несиелерін 6,3 пайызға көбейткен.
Экономист Дәурен Арынның пайымдауынша, ірі корпорациялар мен шағын бизнестің несие алудағы мұндай үлкен алшақтығы экономикаға да, қарапайым халыққа да бірнеше маңызды салдар мен қауіптер тудыруы мүмкін.
«Ірі бизнес банкке баруды азайтты деген сөз – олар жаңа зауыттар салмайды, ескі жабдықтарды жаңартпайды және өндірісті кеңейтпейді дегенді білдіреді. Нәтижесінде елдің негізгі экономикалық қуаты мұнай, металлургия, ірі құрылыс баяулайды. Бұл болашақта елде жаңа жұмыс орындарының азаюына әкелуі мүмкін. Ал шағын бизнес дүкендер, дәмханалар, шағын цехтар несиені жаппай және өте көп көлемде алып жатса, нарыққа қысқа уақытта көп ақша шыққан кезде, тауарлар мен қызметтерге сұраныс артады. Нәтижесінде, тауар өндірісі ақшаның өсу жылдамдығына ілесе алмаса, бұл инфляцияны қоздырады. Шағын кәсіпкерлер несие пайызын жабу үшін өз тауарларының бағасын өсіруге мәжбүр болады. Шағын бизнестің несиені мынадай қарқынмен жаппай алуының басты себебі – мемлекеттің кәсіпкерлерге беретін жеңілдетілген (субсидияланған) несиелері болуы мүмкін. Ең қиыны, мемлекеттік қолдау азайған күні бұл сектор да несие ала алмай немесе төлей алмай тығырыққа тірелуі ықтимал», – дейді экономист-сарапшы.
Маманның ойынша, болашақта салалар бойынша берілетін несиеге қатты мән берілуі керек. Мысалы, 2026 жылдың маусымында сауда саласы бойынша несие алу -0,4 пайызға, көлік саласы бойынша -0,5 пайызға қарыз алу қарқыны бәсеңдегенімен, басқа негізгі секторларда несие өсімі сақталды. Ең жоғары көрсеткіш байланыс және ақпарат саласында тіркелген. Мұнда несие портфелі бір ай ішінде бірден 39,8 пайызға өсіп, 297 млрд теңгеге жетті. Бұл саладағы мұндай секіріс цифрландыру, телекоммуникация инфрақұрылымын модернизациялау және 5G желісін кеңейту бойынша ірі жобаларды қаржыландырумен байланысты болуы мүмкін.
Басқа салалар бойынша динамика мынадай: құрылыс: +6,2 пайыз (892 млрд теңге), өнеркәсіп: +2,6 пайыз (5,4 трлн теңге), ауыл шаруашылығы: +2,2 пайыз (512 млрд теңге).
«Міне, осы салаларды дамыту бойынша да несиелерге айрықша бақылау болуы керек. Сол кезде ғана қаражат «өлі» ақшаға айналмайды», – дейді Дәурен Арын.
Бизнеске берілетін несиеден бөлек, қарапайым халықтың тұтынушылық несиелері де алаңдатып отырғаны анық.Халыққа берілген кредиттер портфелі 2026 жылдың маусымында 1,4 пайызға артып, 25,8 трлн теңге болған. Бұл – жыл басынан бері +4,3 пайыз өсім. Оның ішінде тұтынушылық қарыздар 17,3 трлн теңгеге жеткен. Ипотека – 7,4 трлн теңге. Қазіргі маңызды өзгеріс – базалық мөлшерлемелердің төмендеуі.
«Алдағы кезеңде басты міндет – несие нарығының өсу қарқынын сақтай отырып, халықтың және шағын бизнестің шамадан тыс қарыздануына жол бермеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету» деп түйіндейді сала мамандары.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ