Сараптама

Мектеп формасы директорлардың жеке бизнесі ме?

Жыл сайын жаңа оқу маусымымен бірге мектеп оқушыларының формасына қатысты дау туады. Мысалы, оқушы қыздарға хиджаб кигізу керек пе, жоқ па деген сұрақ бұрыннан бар. «Хиджаб кигізбесе, баламды мектепке жібермеймін» дейтін ата-аналарды да көрдік.

Мақсатты мектеп

Билік те, діни қызметкерлер де бұл даудың нүктесін қоя алмай жүр. «Біз зайырлы елміз, оқушыға хиджаб кигіземіз бе, жоқ па деген сұрақтың өзі орынсыз, оқушы тек мектеп формасын киеді» деп, шорт кесуге шенділердің шамасы жоқ. «Өркениетті ғасырда, зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз, ескі дін талабына жармасып алмайық» деп, келісімге келуге діндарлар дайын емес. Салдарынан бұл дауға нүкте қою қиынға соққан.

2023 жылы сол кездегі оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «мектепке хиджаб киіп келгісі келетіндердің тізімін жасауды» ұсынып, айды аспанға шығарған. Оның үстіне білдей министр оқушы қыздардың орамал тағуына рұқсат беру туралы сұраққа «бұл мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ақылдасу керек» деп екіұшты жауап берген. Конституция бойынша діни бірлестіктер мемлекет ісіне араласа алмайды, соған қарамастан Бейсембаев «ҚМДБ-дан кеңес сұраймын» деп жұртты таңғалдырды. Министрдің мұндай солқылдақ ұстанымы Конституциядан шариғат заңын артық қоятын кейбір ағайынға үміт сыйлағандай болғаны есімізде. Тіпті жұрт арасында «мемлекет мектепте хиджаб киюге рұқсат бергелі жатыр» деген ақпарат тарап кеткен.

Мұндай дау 2024 жылы да, 2025 жылы да туындады. Бірақ қоғам талабына орай жауапты мекемелердің бұл іске қатысты ұстанымы нақтылана бастағандай. Тіпті 2023 жылы «хиджаб кигісі келетін оқушылардың тізімін жасаймын» деп белсенген Бейсембаев та райынан қайтты. 2025 жылы тамызда ол белгіленген мектеп формасын кимеген оқушының ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.

Ал биыл Оқу-ағарту министрлігі тамыз айы туған бетте мектеп формасына қатысты нақты талаптарды жариялады. Бірақ әлі де екіұшты мәселелер бар. Мысалы, хиджаб, орамал мәселесіне қатысты «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлек, ал білім беру ұйымдарындағы білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деген сөйлеммен шектелген. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнда «мектепте діни атрибуттарға тыйым салынады» деген нақты талап жоқ.

Сондай-ақ мектеп формасының бірізділігіне қатысты да нақты талап жоқ. Министрлік «ата-аналар оқушылар киімін кез келген дүкеннен сатып алып, өндірушіні өздері еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді. Яғни белгілі бір брендті немесе сатушыны міндеттеуге заңмен тыйым салынған» деп белгілеген. Бұл талапты қолдауға болар еді. Бірақ соған қосымша «мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енетін өзгеріс те аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады» деп жазылған.

Яғни министрлік әрбір білім беру ұйымына мектеп формасының пішінін өз бетінше белгілеуге, оқушылар формасына өзгеріс енгізуге» құзырет берген. Бұл «ата-ана мектеп формасын кез келген дүкеннен ала алады» деген талаптың сақталуын қиындатуы мүмкін. Өйткені бір мектеп «қамқоршылық кеңеспен келістік, ата-аналармен ақылдастық» деп, өзіндік ерекшелігі бар мектеп формасын енгізуі мүмкін. Ал мұндай форманы ата-ана базардағы кез келген дүкеннен таба алмайды, сөйтіп мектеп белгілеген дүкеннен, мектеп белгілеген бағаға сатып алуға мәжбүр болады. Ал мұндайда министрліктің «ата-ана дүкен мен өндірушіні еркін таңдайды» деген талабын сақтау қиын.

Жақында «Жас Алаш» редакциясына Түркістан облысы Шардара ауданынан бірнеше ата-ана хабарласты. Олардың айтуынша, аудандағы М.Әуезов атындағы №1 жалпы орта мектептің басшылары ата-аналарды қымбат форма сатып алуға мәжбүрлеген. Оның үстіне киімді басқа жақтан емес, мектеп белгілеген дүкеннен алу қажет екен.

«Біздің мектепте 1 800 оқушы білім алады, мемлекеттік мектеп. Осында өзім де оқыдым. Тарихтан бері оқушылар елдің бәріне таныс ақ жейде, қара шалбар киетін. Биыл торкөзі, жолағы бар жаңа форма алуды талап етіп отыр. Мұны мектеп басшылары сатып әкеліп, бізге ұсынбақ. Басқа жақтан алуға болмайды, мектептен ғана алу қажет. Алайын десек, өте қымбат. Мектеп ұсынған форманың бір данасын алатын ақшаға базардан 3 балаға форма алуға болады. Мысалы, шалбарды мектептен алсаң – 9,5 мың теңге, оны базардан – 4 мыңға, тіпті саудаласып, 3,5 мыңға да алуға болады. Бұған ата-аналар қарсы. Менің түсінгенім, оқушы формасын мектеп басшылары өз бизнесіне айналдырып алған сияқты.

Ең қызығы, мектеп аумағынан дүкен ашып, форманы сонда сатып жатыр. Мұны мектеп директорының міндетін атқарушы істеп отырған сияқты. Дүкенге туыстарын отырғызып қойған. Мен құзырлы органдарға шағым жазып, «қызыл сызық» ішіндегі дүкенді басқа жаққа көшірдім. Белгіленбеген жерде дүкен ашқаны үшін сатушыларға айыппұл салынды», – дейді Ұлан есімді жергілікті тұрғын.

Ата-аналар бізге мектеп басшыларының форма алуды міндеттегенін дәлелдейтін фото-видеолар жіберді. Мысалы, «сынып жетекшілері» деген чаттан скрин жіберді. Онда «Дүйсенбі 03.08.2026 күннен бастап 01.09.2026 аралығында бірыңғай мектеп фомасын 1-10 сынып оқушылары 100 пайыз алуы керек. 115 кабинетте тәлімгер Жәудір апай және өзім сағат 9:00-ден 13:00 аралығы және 15:00-ден 19:00 аралығында боламыз. Бағасы 1 сыныпқа – 15 500 теңге, 2-10 сыныптарға – 17 500 теңге» деп жазылған. «Мектепішілік бұйрық бар, басқа формамен келуге болмайды. Мектепішілік бұйрыққа бағынғысы келмейтіндер болса, басқа мектепке кетуіне болады» деп, ата-аналарды тығырыққа тіреуге тырысқан жазбаларды да байқадық.

Сондай-ақ бізге «мектеп мұғалімдері ауладағы шөпті тазалап жүр» деген видео жетті. Мектеп басшылары еңбек демалысында жүрген мұғалімдерді мектепке келіп, кабинеттерге жөндеу жұмыстарын жасауға шақырған көрінеді.

Бізге ата-аналар ұсынған бұл ақпараттарды мектеп директоры растамады. Директор Гүлжан Ғаниеваның айтуынша, мектеп ата-аналарды жаңа форма сатып алуға міндеттемеген, сондай-ақ мектеп мұғалімдері өз міндетіне жатпайтын жұмыстарды атқарған емес. Бірақ М.Әуезов атындағы мектепте жаңа форма енгізіліп жатқанын жоққа шығармады.

«Мектепте бірыңғай формаға көшу керек екені бірнеше жылдан бері айтылып жүрген. Бірақ білім алушыларды қандай да бір нақты өндірушіден, дүкеннен немесе белгілі бір сауда орнынан жаңа мектеп формасын сатып алуға мәжбүрлеу туралы талап қойылған жоқ. Мектеп жекелеген өндірушіге артықшылық бермейді. Біздің міндетіміз – білім алушыларға белгіленген мектеп формасына қойылатын талапты түсіндіру және оның сақталуын қамтамасыз ету.

Мектеп формасына қатысты түсінбеушілік болған сияқты. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесу үшін кей ата-ананы мектепке келіп, оқушылардың дене тұрқының өлшемін өлшетуге шақырған едік. Ата-аналар осыны дұрыс түсінбеген сияқты, ол кісілерге түсіндіру жұмысы жүргізілді. Ата-аналар қазір өзі қалаған жерден мектеп формасын алып жатыр», – дейді директор.

Біз Оқу-ағарту министрлігіне хабарласып, «әр білім беру ұйымы өз бетінше мектеп формасын енгізе ала ма?» деп сұраған едік. Министрлік өкілі мектеп формасына қатысты жалпы талаптар тізімін ғана ұсынып, біздің сұраққа нақты жауап берген жоқ. Ал Шардарадағы даудың мән-жайын Түркістан облыстық білім басқармасынан сұрап, анықтауға уәде берді.

Айтпақшы, мемлекет әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын отбасылардың мектеп формасын алуына көмектеседі. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы оқу маусымында 450 мың балаға қолдау көрсету үшін жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңге бөлінген. Бірақ осы қаржыны алудың өзі қиынға соғып тұрған сияқты. Бір топ ата-ана Атырау облысы әкімдігінің алдына жиналып, мектеп формасын алуға мемлекет бөлген қаржыны ала алмай жүргенін айтып, шағымданды.

Шілденің аяғында Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 жылғы оқу маусымына арналған сабақ кестесін жариялаған. Қызық болғанда, министрліктің күнтізбесі қате жасалыпты. Кей айдың бейсенбі күндері, кей айдың жұма күндері күнтізбеге енбей қалған. Көпшілік «Оқу-ағарту министрлігі 4 күндік жұмыс аптасына көшкен бе» деп таңғалып жатты. Қысқасы, білім саласына жауапты министрлікке қатысты мәселе көп. Бірақ министр Жұлдыз Сүлейменова мұндай даулардың ешбіріне үн қатқан емес. Депутат кезінде дауысы қатты шығатын Досбергенқызы министрлік тізгінін ұстағалы сынға құлақ түрмейтін болып алды.

Қуаныш Қаппас

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз