Ақтаудағы әуе апатына қатысты тергеу қорытындысын жариялау тағы кейінге шегерілді
Қазақстан үкіметі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағын тергеу нәтижелерін жариялауды тағы кейінге қалдырды. Бұған дейін билік қаңтар айының соңына дейін жариялаймыз деп уәде еткен.
Ақпанның 4-і күні көлік министрі Марат Қарабаев жұмыстың дерлік аяқталғанын айтып, «мамандар қызу жұмыс істеп жатыр» деп мәлімдеді.
«Біз бұған дейін ұшақ апатын тексеру үшін халықаралық сарапшыларды шақырғанымызды айтқанбыз. Олар бірге жұмыс істеп жатыр. Тергеу аяқталып қалды. Ал алдағы күндері алдын ала есеп қорытындысы ресми сайтымызда жарияланады. Мамандарға жұмысты аяқтау үшін уақыт қажет», - деді Қарабаев.
Әуе апатын тексеру үшін Әзірбайжан, Ресей, Бразилия және Нидерландыдан мамандар келгені бұған дейін мәлім болған.
Қаңтардың 23-і күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бозымбаев тергеудің алдын ала қорытындысы келесі аптада, яғни қаңтардың соңына дейін жарияланады деп уәде берген болатын.
ICAO ережелеріне сәйкес, алдын ала есеп авиациялық оқиғадан кейін 30 күн ішінде жариялануы керек.
Айта кетейік, Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бет алған ұшағы 25 желтоқсан күні таңертең еліміздің Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшырады. 38 адам қаза тапты. Euronews және Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің соққысы себеп болған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Грозный үстінде «пилотсыз ұшақтар әрекеті байқалып жатқанда» ұшаққа зымыран атылған. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, оның бортына зақым келген.
Ресей үкіметі мұны растаған жоқ. Апаттан екі күннен кейін Росавиация басшысы Дмитрий Ядров ұшақ Грозный әуежайына қонуға кіріскен кезде қалаға пилотсыз ұшақтар шабуыл жасағанын айтты. Ол ұшақ командиріне Ресейдің басқа әуежайларына қонуға ұсыныс жасалғанын, бірақ ол Ақтаудағы әуежайды таңдағанын айтты. Бұл ретте Euronews арнасының Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзі зақымдалған әуе лайнерінің экипажы шұғыл қонуды сұрағанын, бірақ ресейлік әуежайлардың ешқайсысына қонуға рұқсат етілмегенін хабарлады.
28 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
6 қаңтарда Әзербайжан президенті Әлиев ұшақ апатына кінәлілерді жазаға тартуды талап етті.
Желтоқсан айының соңында Қазақстан апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилияға жөнелту туралы шешім қабылдады. Қаңтар айының басында Әуе апаттарын зерттеу және алдын алу орталығы (CENIPA) декодтауды аяқтады. Қаңтар айының ортасында Қазақстанға Бразилиядан рейстіркегіштердің мәліметтері келді.