Live

Ақтөбе облысында мүгедек адамдарды қолдаудың мемлекеттік шараларын тұрақты іске асыруда

Мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау – мемлекеттің басты назарындағы міндеттердің бірі.

мүмкіндігі шектеулі

Ақтөбе облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп, мүгедектігі бар азаматтарға арналған қолдау шаралары кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

Ақтөбе облысындағы мүгедектігі бар адамдарды қолдау шараларына тоқталсақ. 2025 жылғы 1 мамырдағы деректерге сәйкес, Ақтөбе облысында 30 968 мүгедектігі бар адам тіркелген, олардың ішінде 5 538-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сапасын арттыру өңірдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырылып отыр.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары:

1. Әлеуметтік қызметтер және техникалық құралдар: 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедек жандар өздеріне қажетті оңалту құралдары мен қызмет түрлерін дербес таңдай алады. Бұл тәсіл қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттырып, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік берді.

2025 жылы осы мақсатқа 6,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 21 495 адамды қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта 8 386 адам қажетті техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді.

2. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету: Облыста 213 қызмет көрсету аймағы құрылып, 4 орталықта арнайы әлеуметтік қызметтер стационарлық және жартылай стационарлық форматта көрсетілуде. Бұл орталықтарда қазіргі таңда 815 адам қызмет алып отыр.

3. "Socium" бағдарламасы арқылы лицензиялау: 2025 жылы енгізілген бұл жаңа жүйе әлеуметтік қызмет көрсетуші мекемелердің сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда 26 мекеме өтінім беріп, оның 25-і лицензия алды. Бұл – қызмет сапасын бақылаудың және стандартқа сәйкестендірудің тиімді тетігі.

4. Үй жағдайында күтім көрсету: Облыста 12 мемлекеттік мекеме үй жағдайында қызмет көрсетіп, 383 бала мен 1 713 қарт және мүгедек адамға әлеуметтік көмек ұсынып отыр. Сонымен қатар, "Инватакси" қызметі арқылы 117 көлік тартылып, 827 адамды тасымалдау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

5. Инфрақұрылымды бейімдеу: 2023-2027 жылдарға арналған өңірлік жоспар шеңберінде 1 318 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу көзделген. Қазіргі таңда оның 907-сі толық бейімделіп, қолжетімді ортаға айналды. Бұл жұмыстар "Қолжетімді орта" ұлттық порталы арқылы бақылауға алынды.

Жұмыспен қамту және белсенді өмір салтын дамыту:

– Биылғы жылы 465 мүгедек адам түрлі жұмыс орындарына орналастырылып, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасалды;

– "Бастау Бизнес" бағдарламасы аясында 107 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді;

– Қосымша 13 арнайы жұмыс орнына субсидия бөлу жоспарлануда:

– Егде жастағы азаматтарға арналған 24 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, қазіргі уақытта 500-ден астам адам бұл орталықтардың қызметін пайдалануда.

Ақтөбе облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева бұл бағыттағы жұмыстардың маңызды екенін айта келе: «Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, олардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау – біздің басты міндетіміз. Әлеуметтік қолдау – тек көмек емес, ол – әділетті қоғам құрудың негізгі тетігі», – деп атап өтті.

Ақтөбе облысында мүгедек жандарды қолдау тек әлеуметтік көмекпен шектелмей, олардың толыққанды өмір сүруіне, еңбек етуіне, білім алуына және қоғамға белсенді араласуына нақты жағдай жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар келешекте де кеңейіп, қызмет сапасы арта бермек.

Тегтер: Ақтөбе
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз