Ақтөбе облысындағы спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесі – жіті бақылауда
Ақтөбе қаласындағы үстел теннисі орталығында өткен кеңес барысында Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында айтқан спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары басты тақырыпқа айналды.
Жиын барысында өңірдегі спорт инфрақұрылымының жай-күйі, соның ішінде шағын алаңдардан бастап заманауи спорт кешендеріне дейінгі нысандарды дамыту жайы сөз болды. Кеңеске Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, салалық басқармалар мен ведомстволардың жетекшілері, Қазақстан футбол федерациясының өкілдері, «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы, аудандық спорт мектептері мен мекемелерінің өкілдері қатысты.
Өз сөзінде облыс басшысы Асхат Шахаров бұқаралық спорттың ел болашағы үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Спортты дамыту – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Біз бұқаралық спортты, соның ішінде футболды алға тарту арқылы жастардың физикалық және рухани дамуына жағдай жасаймыз. Мемлекет басшысы кәсіби және бұқаралық спорттың арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін айтқан болатын. Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадион бой көтермек. Ақтөбе – футбол дәстүрі терең өңір. Біз осы құндылықты сақтап, дамытуға міндеттіміз, – деді Асхат Шахаров.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов аймақтағы спорт нысандарының жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде 1705 спорт ғимараты жұмыс істейді.
Махамбетов мектеп оқушылары мен студенттерге арналған лигалардың, сондай-ақ «Дара бала» бағдарламасының іске асып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 43 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады. Кеңесте сөз алған облыстық футбол федерациясының басшысы Асхат Қалжанов жасөспірімдер футболын дамыту, жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыру және ауылдық жерлерде бұқаралық турнирлерді ұйымдастыру бағытындағы жоспарларымен бөлісті. Ал «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы Санат Шалекенов академиядан бастап кәсіби деңгейге дейінгі жаттығу процесінің кезеңдерін таныстырды. Ол ұлттық құрамаларға резерв дайындауда клубтың маңызын атап өтіп, болашақта инфрақұрылымды жетілдіру мен ойыншыларды оқыту жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарын ұсынды.
Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов өз баяндамасында аудандағы футбол инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Жаңа алаңдардың салынуы, жастар турнирлерінің ұйымдастырылуы және Хромтау футбол клубын жандандыру арқылы жергілікті жас таланттарға кәсіби спортқа жол ашылатынын жеткізді. Сондай-ақ ауданнан екінші лига командасын құру бастамасы ұсынылды.
Кеңес соңында бірқатар нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, облыста футболды дамыту жөніндегі Кеңес құрылады, «Ақтөбе» клубының тарихына арналған арнайы бұрыштар қалалық музейлерде ашылады. Сонымен қатар Хромтауда екінші лигаға қатысатын футбол клубын құру, «Аула Лигасы» және «Мектеп Лигасы» сияқты жобаларды іске асыру, студенттік лигаларды кеңейту сынды бастамалар қолдау тапты.
Медет Зере