Әлеумет

Ақтөбеде 12 жастағы қызды қағып, қашып кеткен электровелосипед жүргізушісі ұсталды

Ақтөбеде полиция 12 жастағы қызды электровелосипедпен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған 58 жастағы ер адамды ұстады.

1

Оқиға салдарынан қыздың жоғарғы жақ сүйегі мен бет сүйегі сынып, алдыңғы тістері түсіп қалған.

Жол апаты  30 шілде күні кешке Әбілқайыр хан даңғылындағы «Сазды» аялдамасы маңында болған. Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, ер адам жоғары жылдамдықпен келіп, велосипедпен келе жатқан қызына соғылған. Осыдан кейін ол тоқтамай, зардап шеккен балаға көмек көрсетпестен оқиға орнынан кетіп қалған.

Қыз жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның ұзақ уақыт ем қабылдайтынын айтқан.

Оқиғадан кейін қыздың анасы қала тұрғындарынан бейнебақылау камералары мен видеотіркегіш жазбаларын беруді сұраған. Кейін полиция электровелосипед жүргізушісінің жеке басын анықтап, оның Ақтөбенің 58 жастағы тұрғыны екенін мәлімдеді. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Тегтер: Ақтөбе
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз