Ақтөбеде футбол қақпасы құлап, бала жарақат алды
Ақтөбе қаласының 12-шағынауданында ауладағы футбол қақпасы құлап, баланы басып қалған. Бұл туралы aktobe_zello парақшасы хабарлады.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, футбол қақпасы жерге бекітілмеген болған. Жақында бұл жерде футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қақпалардың торы ауыстырылған. Алайда мердігерлер қақпаларды қайтадан бекітпей кеткен көрінеді.
— Мердігерлер келіп, қақпаларды шешіп, торларын ауыстырды. Бірақ қайта бекітпеді. Екі аптадан бері алаң осылай тұр. Бұған мердігерлер жауап беруі керек, - деп жазды әлеуметтік желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір тұрғын қаладағы Бауыржан Жұбановтар көшесі, 283-мекенжайында да осындай жағдай бар екенін айтты.
— Бізде де дәл сондай жағдай. Торлар жыртылған, ал қақпалар арқанмен ғана байланып тұр. Бір жағдай болмайынша ешкімнің шаруасы жоқ, - деп жазды ол.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша іс тіркелгенін хабарлады.
Қазіргі уақытта футбол алаңын салу және оған қызмет көрсету жұмыстарының мән-жайы Ақтөбе қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы тексеріліп жатыр.
Бала қандай жарақат алғаны және оның қазіргі жағдайы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.