Әлеумет

Украинадағы соғыс аймағынан 9 қазақстандық шығарылды

Ресейге жұмыс іздеп барып, Украинадағы соғысқа тап болған 9 қазақстандық ұрыс жүріп жатқан аймақтан шығарылып, Воронеж қаласына жеткізілді.

Айнабек Келдібек

Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев мәлімдеді.

Заңгер әуелі әлеуметтік желідегі парақшасында жеті қазақстандықтың соғыс аймағынан шығарылғанын хабарлаған.

"Бүгінгі таңда жеті жігіт соғыс аймағынан шығарылып, Воронежге жеткізілді. Егер бәрі сәтімен болса, олардың елге оралатын күні де алыс емес сияқты. Жақсы жаңалықтар көп болсын", – деп жазды ол.

КейінUlysmedia.kz тілшісіне берген түсініктемесінде Мейірман Шекеев Воронежге жеткізілген қазақстандықтардың саны тоғызға жеткенін нақтылаған.

Алайда олардың Қазақстанға қашан оралатыны әзірге белгісіз. Заңгердің айтуынша, қазақстандық дипломаттар Ресей тарапымен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Шекеевтің өзі жігіттердің туыстарымен тұрақты байланыста.

Ол Сыртқы істер министрлігінің азаматтарды елге қайтару бағытындағы жұмысын оң бағалап, ведомствоның бұл мәселеге барынша күш салып жатқанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін "Жас Алаш" Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін соғысқа жіберілген қазақстандықтардың жағдайын көтерген болатын.

Атап айтқанда, Шымкент қаласының 20 жастағы тұрғыны Айнабек Келдібектің туыстары редакциямызға хабарласып, оның Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге кеткенін, алайда алдау арқылы әскери келісімшартқа қол қойғызылғанын мәлімдегенеді.

Кейін Ресейде жүрген бір топ қазақстандық видеоүндеу жариялап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Олардың айтуынша, Ресейге күзет агенттіктеріне, ет комбинаттары мен құс фабрикаларына жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда еңбек шартының орнына басқа құжаттарға қол қойып, нәтижесінде әскери қызметке тартылғандарын айтқан.

7 қазанда соғысқа тап болған азаматтардың аналары мен жақындары Астанаға келіп, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. Олар жақындарын елге қайтаруға көмектесуді талап етті.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын және елге қайтарылуы қажет азаматтардың тізімі жасалып жатқанын мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз