Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 21 Қыркүйек 2024

Александр Маруаұлы, жас ақын,: Біз де Қожа мен Жанардың құрбы-құрдасы болып қатар өстік

Александр Маруаұлы
Александр Маруаұлы

Әдебиетті сүйер адамның балалығы еске түссе, Бердібексіз елестету мүмкін емес. Адам баласының ең мөлдір шағы да сол емес пе?!

Сондай балауса ғұмырдың жазушы қаламынан туғаны қуантарлық жағдай. Бердібек – жас-кәрінің де балалығын көркем шығармаға айналдырып,мәңгілікке жалғай білген жазушы. Жазушының шоқтығын биіктеткен бірнеше шығармасы бар. Бірақ соның бірегейі «Менің атым Қожа». Бердібек десек, Қожа да қосарланып естілетіні сондықтан. Біз де бір адамдай Қожа мен Жанардың құрбы-құрдасы болып қатар өстік.

Балалық шақтың ажары осы еді ғой, шіркін!

Мәңгілік өлмес бақыт сыйлаған Бердібектің балалығы қалай өтті? Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы бір сөзінде «Ұлы адамдардың балалығы бақытқа толы болады» дегені есімде қалыпты. Шындығына келгенде, дұрыс. Жастайынан сәулелі сәттердің куәгері болып өскен баладан жаман жазушы шықпасы анық. Кейде бәрі біз ойлағаннан да бөлек екен. Бердібек өз естелігінде: «Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын». Сол уақытта қай баланың болмасын жүрегі шерлі еді. Осындай тағдырды кеше жүріп, балалар әдебиетіне қалам сілтеу оңай емес. Бәлкім, жан дауасы – жазу шығар. Иә, бар қаламгердің дертті жанының емі – жазу. Одан басқа жол да жоқ.

Қаламгер атаулының қарапайым адамнан айырмашылығы болмағанымен, «ішкі кухнясы» бөлек. Қоғамнан даралап тұратын да сол «қисық» мінезі. Бердібектің де бірбеткейлігі шығармасынан көрініп тұрады. Бірақ жазушының жанкештілігі де, айтар ақиқаты да сол мінезде емес пе?!

Бірінші жары Бәшен Баймұратқызы: «Бердібек марқұм көп ашуланатын. «Балалық шаққа саяхатта» өз мінезі туралы «ыза болсам, күйіп-жанып, дызақтап кетемін. Ойланбай істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады» дейтіні бар ғой. Сондай еді марқұм. Басын кесіп алса да, илікпейтін. Сол кішірейе білмегендігінен де барлық сыйлықтан құр қалған болар. Мақтау қағазын да алмай өтті ғой».

Бірі кем дүние дейтін болар бұндайда. Төлеген ақын айтпақшы, «Мен өлемін өзімнің биігімде». Рас, Бердібек өз биігінде өлген жазушы. Және мәңгілік аласармайтын биіктік. Биікке көп қарасаң, мойның талады. Біз әлі етегінде жүрген бозбаламыз. Тарихта есім-сойы сақталған жазушы аз. Ал Бердібек тарихтың кәрінен қорықпай, «Менің атым Қожа» деп берік сеніммен келіп, сол есіммен қалған жазушы.