Live

Алматы облысында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді

Алматы облысының Балқаш ауданындағы Бақбақты ауылында жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындары көптен күткен нысанның іске қосылуы елді мекендегі спорт инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам ретінде бағалануда.

Облысы

Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады. Аймақ басшысы ауыл жастары үшін жасалған мұндай игі бастамалар өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Жаңа спорт кешені жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл жанашырларының жеке қаражаты есебінен салынған. Ғимараттың жалпы аумағы 1007 шаршы метрден асады. Кешенде футбол, волейбол және баскетбол ойындарына арналған әмбебап спорт алаңы, жекпе-жек түрлерімен айналысуға арналған арнайы күрес залы, қосалқы және техникалық бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беретін заманауи ашық жаттығу алаңы орнатылған.

Спорт кешені бір мезетте 250-ге жуық спортшыны қабылдай алады. Бұл ауыл жастарының жыл бойы кәсіби деңгейде жаттығуына және түрлі жарыстарға дайындалуына мүмкіндік береді.

Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

«Президент жастардың дені сау, білімді әрі бәсекеге қабілетті болып өсуі үшін спортпен тұрақты айналысуға барлық жағдай жасалуы қажет екенін үнемі айтып келеді. Бүгін ашылып отырған спорт кешені – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Балқаш ауданынан ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген көптеген талантты спортшылар шыққан. Енді бұл кешен сол дәстүрді жалғастырып, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашады деп сенеміз», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтаған «Bereket-ТК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымына және жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа спорт кешені ауыл балалары мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты шұғылдануына және түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуына мүмкіндік береді. Әсіресе қыс мезгілінде жаттығу жасайтын жабық нысанның болуы ауыл спортшылары үшін маңызды.

Жергілікті жұртшылық жаңа кешеннің ашылуы жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң әсер етеді деп есептейді. Алдағы уақытта мұнда түрлі аудандық және облыстық спорттық жарыстар өткізу жоспарланып отыр.

Жаңа спорт кешені Бақбақты ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып саналады. Бұл нысан ауыл жастарының болашағына жасалған инвестиция ғана емес, өңірде бұқаралық спортты дамытудың нақты үлгісіне айналмақ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз