Live

Алматыда студенттерге арналған 5 мыңнан астам жатақхана орны жетіспейді

Алматы қаласында студенттерге арналған жатақхана орындарының тапшылығы әлі де өзекті болып отыр.

1

 Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекет қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына инвестиция тартудың жаңа тетіктері іске қосылып, еліміздің көптеген өңірлерінде бұл мәселе шешімін тапқан.

«Жатақхана мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Мемлекет қолдауының арқасында соңғы жылдары жаңа жатақханалар салуға инвестиция тарту тетіктері іске қосылды. Соның нәтижесінде көптеген өңірлерде қажеттілік толық жабылды. Қазіргі таңда бұл мәселе ең өзекті болып отырған жалғыз қала – Алматы. Қазір мұнда 5 мыңнан астам орынға сұраныс сақталып отыр», – деді вице-министр Сенат кулуарында.

Гүлзат Көбенова талапкерлер санының артуына байланысты студенттік жатақханалар салу жұмыстары жалғасатынын айтты.

Оның сөзінше, министрлік пен Қаржы орталығы бизнес өкілдерімен бірлесіп жаңа жатақханалар салу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар студенттерді орналастыру үшін хостелдерді жалға алу тәжірибесі де қолданылуда.

«Бүгінде 2 мыңнан астам студент хостелдерді жалға алу мүмкіндігін пайдаланып отыр», – деді вице-министр.

Айта кетейік, Алматы еліміздегі студенттер ең көп шоғырланған қала болып саналады. Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңында жатақхана мәселесі жыл сайын өзекті тақырыптардың бірі болып келеді.

Тегтер: Алматы
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз