Алматыда жас ғалымдар жаңа пәтерлерге қоныстанды
Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен баспанаға ие болған жас ғалымдар жаңа пәтерлеріне қоныстанды. Пәтерлер Ғылым қызметкерлері күніне орай өтеусіз негізде берілді.
Қоныс иелері толық жиһаздалған пәтерлердің жайлы өмір сүруге мүмкіндік беріп, ғылыми және кәсіби қызметке шоғырлануға жағдай жасайтынын атап өтті. Қоныстану барысында олар көрсетілген қолдау үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Баспана алғандардың қатарында еліміздің жетекші ғылыми ұйымдарының өкілдері бар. Солардың бірі – 13 жылдық ғылыми тәжірибесі бар Шырын Мұратқызы. Ол Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін басылымдарды қоса алғанда 9 ғылыми мақаланың авторы, оқу құралының тең авторы және авторлық құқық иесі.
Сондай-ақ қоныс иелерінің қатарында 15 жылдық ғылыми тәжірибесі бар Арман Өмірзақов бар. Ол халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланған 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 8 патентінің тең авторы. Оның зерттеулері энергетика саласындағы болашағы зор бағыттарды, соның ішінде отын элементтері, микробатареялар және фотокаталитикалық материалдарды қамтиды.
Мәдина Құмарғазина Scopus халықаралық базасында жарияланған ғылыми еңбектердің авторы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 10-нан астам патентінің және бір Еуразиялық патенттің тең авторы. Оның зерттеулері энергия тиімді технологияларды дамытуға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға бағытталған.
Жас ғалымдарды қолдау – еліміздің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді.