Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:04, 04 Қыркүйек 2024

Алматыға «Челси» келе ме?

Челси
Фото: championat.com

Конференция лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде «Астана» зор ерлік жасап, Алматыда «Браннды» (Норвегия) 3:0 есебімен тұқыртты. Сөйтіп, еурокубоктың жалпы кезеңіне жолдама алды.

Биыл жаңарған еурокубоктарда бұрынғыдай топтық турнир болмайды. Оның орнын жалпы кезең басты. Ол да «аға турнирлердей», яғни Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына ұқсас етіп өткізіледі: әр команда 6 қарсыласпен үш рет өз алаңында және 3 рет сырт алаңда кездеседі. Ұпайы көп 8 команда бірден 1/8 финалға жолдама алады, ал 9-24 орындардағы командалар өзара тағы 8 мықтыны анықтау үшін 1/16 финал ойындарын өткізеді.

Жеребе қорытындысында «Астанаға» «Бочка Топола» (Сербия), «Нью Сейнтз» (Уэльс), «Пафос» (Кипр), «Витория Гимарайнш» (Португалия), «Челси» (Англия) және АПОЭЛ (Кипр) командалары қарсылас атанды.

Елордалықтардың ойын кестесі мынадай:

2 қазан. «Астана»-«Бочка Топола»

24 қазан. «Нью Сейнтз»-«Астана»

7 қараша. «Пафос»-«Астана»

28 қараша. «Астана»-«Виториа Гимарайнш»

12 желтоқсан. «Астана»-«Челси»

19 желтоқсан. АПОЭЛ (Кипр)-«Астана»

Басты мәселе екеу: қазақстандық клуб еурокубоктарда тұңғыш рет «Челсимен» кездеседі. 2019 жылы «Астана» Еуропа лигасының топтық турнирінде «Манчестер Юнайтедпен» кездескенін ескерсек, ағылшын суперклубтарының екіншісі елге келетіні сүйінішті.

Екінші мәселе – «Астана» «Челсимен» қайда ойнайды? УЕФА-ның ресми сайтында ойын өтетін алаң ретінде Алматының Орталық стадионы көрсетілген. Бірақ 12 желтоқсанда Алматыда төбесі ашық алаңда ойнау қиындау. Аяз күшіне мінсе, Орталық стадион дайын бола ма? Әлде бір ойынға әзір етуге бола ма? Қалай дегенде де, Астанадағы «Астана Аренаның» сол уақытқа дейін дайын болатын-болмайтыны да анық емес. Оның үстіне «Астана» бұл кешенді қосалқы алаң ретінде көрсетпеген сияқты. Ең бастысы, алдын ала шу көтермей, мәселенің ақырын күткеніміз жөн сияқты.

Биылғы қарсыластар ішінде АПОЭЛ ғана жақсы таныс. Бұл команда «Астанамен» осыған дейін үш рет жолықты. 2015 жылы Чемпиондар лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде елордалықтар 1:0 және 1:1 есептерімен жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасына жолдама алды. 2016 жылы екі ұжым Еуропа лигасының топтық турнирінде кездесіп, өз алаңдарында 2:1 есебімен жеңіс алмасты. Ал 2018 жылы Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде тағы жол түйістіріп (1:0, 0:1), жолдама тағдырын пенальти арқылы шешті. «Астана» 2:1 есебімен мергендік танытты.

Бұдан бөлек, АПОЭЛ іріктеу кезеңдерінде «Қайсар» (2020 жыл), «Қызылжар» (2022) командаларын жолда қалдырды.

Басқа командалар «Астанамен» алғаш рет күш сынасады.

Қазақстанның 7 дүркін чемпионы еурокубоктарда өз рекордтарын қайта жаңартып жатыр:

1. «Астана» жетінші рет еурокубоктардың топтық (жалпы) кезеңіне жолдама алды. Бұған дейін 2015 жылы – Чемпиондар лигасында, 2016, 2017, 2018, 2019 жылдары – Еуропа лигасында, 2023 жылы Конференция лигасында өнер көрсетті.

2. «Астана» тұңғыш рет Конференция лигасының жалпы кезеңіне тікелей шығып отыр. Яғни Г.Бабаян шәкірттері Чемпиондар лигасының, я болмаса Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңдерінен ауыспай, Конференция лигасының ІІ іріктеу кезеңінен жалпы кезеңге дейінгі жолды жүріп өтті.

3. Григорий Бабаян «Астананы» үшінші рет еурокубоктардың жалпы (топтық) кезеңіне бастап шықты. Бұған дейін ол 2018 және 2023 жылдары Еуропа және Конференция лигаларының іріктеуін сәтті өткізген болатын.

4. «Астана» – қазақстандық клубтар ішінде еурокубоктарда 100-ден асыра ойын өткізген алғашқы команда. Оның 100-ойыны биылғы 1 тамызда Алматының Орталық стадионында «Милсамиге» (Молдова, 1:0) қарсы ойынға тура келді. Одан бері елордалықтар тағы 4 кездесуге қатысып үлгерді. Жалпы көрсеткіші: 37 жеңіс, 24 тең ойын, 43 жеңіліс, доп айырмасы – 133:165.

5. Хорватиялық вингер Марин Томасов биыл «Астана» сапында еурокубок ойындарында 3 доп соғып, ең мерген ойыншы атағын нықтай түсті. Ол 19 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Екінші орындағы Патрик Твумаси (15 гол) қазір «Астанада» ойнамайды. Демек, жуық арада Томасовты қуып жететін мерген жоқ.

6. «Астананың» арқасында биылғы еурокубоктарда тұңғыш рет уэльстік ұжыммен кездесеміз.

Қазір УЕФА коэффицентінде Қазақстан 55 ел ішінде 40-орында тұр. «Астана» жалпы кезеңді сәтті өткізсе, Босния және Герцеговина, Фарер аралдары сияқты елдерді артқа тастау мүмкіндігі бар.

Есей Жеңісұлы

Тегтер: