Алматыдағы тағы бір үйдің тұрғындары дабыл қақты: "Үй 30–40 минут бойы дірілдейді"
Алматыдағы "Шоколад" көпқабатты үй тұрғындары іргелес аумақта жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына алаңдаулы.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің жанынан қазаншұңқыр қазылған, ал 3 қазанда ғимаратта әдеттегіден қатты діріл сезілген. Кей тұрғындар оның 30-40 минутқа дейін жалғасқанын айтады.
Редакцияға Алматы тұрғындарының бірі хабарласып, үйінің жанындағы құрылысқа байланысты тұрғындар арасында алаңдаушылық туғанын жеткізді. Оның сөзінше, құрылыс алаңында қазылған қазаншұңқыр тұрғын үйге жақын орналасқан.
"Қазылған котлован үйге өте жақын. Бүгін үйдің тырсылы бұрынғыға ұқсамайды, бір нәрсенің дұрыс емес екені анық. Чат шулап тұр", – дейді тұрғын.
Ол дірілдің шамамен 30-40 минутқа созылғанын айтты.
Редакцияға жолданған үй чатының скриншоттарынан да бірнеше адамның бір мезгілде дірілге шағымданғанын көруге болады. Тұрғындардың бірі бұған дейін мұндай вибрацияны сезбегенін жазған. Оның сөзінше, дірілді сезгеннен кейін терезеден құрылыс алаңына қараған, алайда сол сәтте техника жұмыс істемей тұрған.
Тағы бір тұрғын үйдің сыртында, аялдамада отырған кезде де қатты діріл сезілгенін және орындықтың қозғалғанын жазған.
"Үй шынымен таңнан бері дірілдеп тұр", "3-блокты шайқап жатыр", "Үйді жанындағы құрылыс осылай дірілдете ме?" деген мазмұндағы хабарламалар да тұрғындар чатында тараған.
Тұрғындарды қазаншұңқырдың үйге жақындығы алаңдатады
Тұрғындардың негізгі алаңдаушылығы – құрылыс алаңындағы қазаншұңқырдың көпқабатты үйге жақын орналасуы. Чаттағы тұрғындардың бірі шұңқырдың құрылыс учаскесінің шекарасына дейін қазылғанын айтқан. Енді бірі екі апта бұрын үйдің дәл іргесінен шұңқыр қазылғанын айтып, жер сілкінісі болған жағдайда тұрғын үйдің қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізген.
Кей тұрғындар қазаншұңқыр қабырғаларының қалай бекітілгенін тексеруді сұрап, Алматы әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметіне жүгінуді ұсынған. Тұрғындардың бірі 112 нөміріне қоңырау шалғанын және өтінішінің қабылданғанын жазды.
Сонымен қатар тұрғындар журналистерді шақырып, мәселенің қаншалықты қауіпсіз екенін құзырлы органдар тексергенін қалайды.
Құрылыс паспортында не жазылған?
Редакцияға берілген құрылыс паспортының фотосында нысан Алматы қаласы, Медеу ауданы, Мақатаев көшесі, 6 мекенжайындағы халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған ғимарат құрылысы ретінде көрсетілген.
Құжаттағы мәлімет бойынша құрылыс 2026 жылғы 14 мамырда басталып, 2027 жылғы 14 мамырда аяқталуы тиіс.
Тұрғындар чатта құрылыс паспортының өздеріне қолжетімді бөлігінде ғимараттың қанша қабатты болатыны көрсетілмегеніне де назар аударған. Кей тұрғындар қазаншұңқырдың тереңдігіне қарап болашақ ғимараттың қабат саны туралы түрлі болжам айтып жатыр.
Бір күн бұрын "Три богатыря" тұрғындары да дабыл қаққан
Айта кетейік, Алматыда құрылыс және демонтаж жұмыстарына байланысты тұрғындардың қауіпсіздік мәселесін көтеруі алғаш рет болып отырған жоқ.
2 қазанда Достық даңғылындағы әйгілі "Три богатыря" тұрғын үй кешенінің тұрғындары бұрынғы "Искра" кинотеатрының ғимаратында жүргізіліп жатқан демонтаж жұмыстарына шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, ауыр техника жұмыс істеген кезде діріл үйдің жоғарғы қабаттарына дейін сезілген.
Тұрғындар бұл жұмыстар ғимарат конструкциялары мен оның сейсмикалық қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін деп қауіптенген. ОСИ төрайымы мемлекеттік органдарға, соның ішінде әкімдікке, прокуратураға, ТЖ органдары мен қала құрылысы бақылауына жүгінген.
Шағымнан кейін Алматы әкімдігі бұрынғы "Искра" кинотеатрының ғимаратындағы жұмыстардың уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Қалалық қала құрылысын бақылау басқармасы нысанға қатысты жоспардан тыс тексеру бастаған. Оның нәтижелері кейін жарияланатыны айтылды.