Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 22 Қазан 2024

«Алпамыс батыр» жыры – түркі халықтарының рухани мұрасы

1

2024 жылдың 17-18 қазан күндері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, ҚР Бейзаттық мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитетінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы «Достық үйінде» «ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ АЯСЫНДА: «АЛПАМЫС БАТЫР» ЖЫРЫ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Халықаралық конференцияның бірінші күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хатын министр кеңесшісі Шариязданов Олжас Казбекұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің хатын Институттың жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мағазбек Нұр Жандосұлы, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың хатын академияның сарапшысы Айнұр Маемерова табыстады. Сондай-ақ ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Есентайқызы Шайменованың құттықтауын бас хатшының орынбасары Бақберген Қойшыбаев жеткізді. Сонымен қатар шараға Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова қатысып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

ЮНЕСКО-ның Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия сияқты мемлекеттердегі Ұлттық комиссиялары бекіткен халықаралық сарапшылар конференцияға арнайы келіп, қатысты.

2

Сонымен қатар шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеттерінің және Ресей Федерациясының (Уфа, Қазан, Новосибирск) танымал эпостанушы ғалымдары қатысып, төмендегі тақырыптар бойынша баяндама жасады.

Конференция барысында «Алпамыс батыр» жырынан үзіндіні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, белгілі әнші-жыршы Ақан ӘБДУӘЛІ, Жетісу жыр мектебінің өкілі, Алматы облыстық Халық шығармашылығы орталығында «Жыр-терме» бөлімінің үйлестірушісі, жыршы Серік СҮЙІНДІК) пен Алматы облысы Талғар ауданы № 42 мектептің 8 сынып оқушысы, «Жыр-терме» орталығының тәрбиеленушісі Ақжарқын АЙТБАЙ, «Тұлпар мініп, ту алған!» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық байқаудың 2018 жылғы Бас жүлде иегері, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Журналистика факультетінің 4-курс студенті Аружан АБСАТТАР орындады. Сонымен бірге Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Халық әні» бөлімінің 4 курс студенті Фариза ХАСЕНОВА, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің 3-курс студенттері Шұғыла МАРХАБАТОВА және Кішкене ЖҰМАМҰРАТ «Алпамыс батыр» жырынан үзінді орындады.

3

18-қазан күні Халықаралық сарапшылармен «Алпамыс батыр» эпосын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізу мәселесін талқыланды. Соның негізінде жұмыс кестесін бекітіп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар мәселесі кеңінен талқыланды. Шара соңында арнайы қаулы қабылданып, өзекті мәселелер негізге алынды:

1. Конференцияда жасалған баяндамалар назарға алынсын. Оларда айтылған негізгі идеялар басшылыққа алынсын;

2. «Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО репрезентативті тізіміне енгізу жөніндегі ұсынысқа бірауыздан қолдау көрсетілсін;

3. Түркі халықтарында сақталған «Алпамыс батыр» жырының ұлттық версияларынан тұратын халықаралық жинақ (қазақ, өзбек, башқұрт, татар жыр, алтай ертегісі) дайындап, жарыққа шығару жөніндегі ұсыныс мақұлдансын;

4. Түркі халықтарының эпостық мұрасына арналған халықаралық конференция тұрақты түрде 2 жылда бір рет өткізіліп тұрсын;

5. «Алпамыс батыр» жырының эпикалық дәстүр аясында дамып келе жатқандығын айғақтайтын мәдени басқосулар жиі ұйымдастырылсын.

Конференцияға қатысуға отандық және шетелдік ғалымдар, эпостанушылар, фольклортанушылар, тілтанушылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, өнертанушылар, философтар, мәдениеттанушылар, ЖОО оқытушылары шақырылды.

Нұр Мағазбеков

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының баспасөз хатшысы